2015-11-12

Рымғали Нұрғали және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің зерттелуі

Рымғали Нұрғали және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің зерттелуі
ХХ ғасырдың басы қазақ әдебиетінің жанрлық тұрғыдан жан-жақты дамып, тақырыптық, идеялық, формалық ізденістер арқылы биік белеске көтерілген кезең болып табылады. Бұл уақытта әдебиет айдынына Абай рухымен сусындаған озық ойлы, білімді, жаңаша бағыттағы қаламгерлердің бір тобы келді. Сол себепті осы кезеңді бірқатар әдебиет зерттеушілері қазақ әдебиетінің Ренессансы деп те атап жүр. Қазақ жұртшылығын оқуға, білімге, өнерге, кәсіби мамандық игеруге шақырған зиялылар тобының мақсаты халықтың көзін ашу арқылы ұлт болашағын қалыптастыру еді. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, т.б. көзі ашық азаматтар Ресей патшалығының жүргізіп отырған отаршыл саясатына қарсы әрекеттер жасады. Оларды кейін кеңестік жүйе екі түрлі көзқарасқа бөлгенімен де түпкі мақсаттары «қазақты қайтсек те ел қыламыз» деген мүдде болатын.

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында таман Кеңес Үкіметі демократиялық ұстанымға бет бұрдық деген желеумен «30-40 жылдар кезеңі мен 50-жылдар басында орын алған репрессиялармен байланысты материалдарды қосымша зерттеу туралы СОКП ОК Саяси бюросының комиссиясын құру туралы», «Заңсыз қуғын-сүргін, репрессиялар құрбандарына ескерткіш орнату туралы» сияқты бірқатар қаулылар қабылдады. Соның нәтижесінде тарихи ақтаңдақтарымыз ақталып, олардың мұраларын жинастыру, кітаптарын шығару сияқты жұмыстар мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолға алынды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қаламгерлерінің шығармашылығының зерттелуі туралы айтқанда академик Рымғали Нұрғалидың есімін ерекше атауға болады. Олардың шығармаларына шығармашылық өмірбаяндарын түзіп, туындыларына тиянақты талдау жасап, салмақты ой айта білген ғалымдың қолтаңбасы бұл салада тайға таңба басқандай анық көрінеді. Оның екі томдық «Арқау», «Әуезов және алаш», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» сияқты зерттеу еңбектері жиырмасыншы ғасырда қазақ әдебиетіне олжа салған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин сияқты классиктердің суреткерлік, ғалымдық ерекшеліктерін айқындау жолында жасалған баға жетпес жәдігерлердің қатарына қосылды.

Р.Нұрғали Кеңес Үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде Алаш мұрасымен танысып, ол туралы пікірлерін университеттегі дәрістерде айтып жүргенін тыңдаған шәкірттері баспасөз беттерінде жариялады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізе қоймаған кездің өзінде Қазақ энциклопедиясының бас редакторы қызметінде отырып «Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясының» үшінші және төртінші томдарына Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, т.б. сияқты Алаш ардақтылары туралы мәлімет беруі, ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтан алған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегі туралы пікірін баспасөзде жариялауы ғалымның Алаш тақырыбын зерттеуге алғашқы қадамы іспеттес. Кейіннен іргелі зерттеуге айналған «Әуезов және Алаш» (1997), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002), «Алашордынцы» (2005), т.б. еңбектері осы бастаманың жалғасқан нәтижесі болып табылады.

Академик Р.Нұрғали қазақ әдебиеттану ғылымы мен тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынов туралы : «Әдебиет танытқышта» Ахмет Байтұрсынов әдебиеттануды әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан, әдеби тілге еніп кетті» – деп жазуы боямасыз шындық еді. Кеңестік жүйе ғалымның өзін атқанымен сөзін жоя алмады. Тіл білімі мен әдебиеттанудыға терминдер мен заңдылықтар Ахаң қалыптастырған негізбен қолданылып келді. Р.Нұрғали «Маса», «Қырық мысал жинақтарындағы мысалдар мен өлеңдерді талдап, А.Байтұрсынұлының аудармашылығына да кеңінен тоқталады. Абай аудармаларына қарағанда Ахметтің аудармалары еркін, түпнұсқадан алшақтау екенін көрсетеді. Мәселен, 17 жолдан тұратын «Өгіз бен бақа» мысалы қазақшалағанда 36 жол болғанын айтады. Яғни, «Ол И. Крылов мысалдарының әңгімесі мен сатиралық-әжуалық ең қымбатты ішкі мәнін алады да, өзінше жазады. Сыртқы түр өзгешелігін көп құнттай бермейді. Өйткені, Ахмет елді ағартушылыққа шақырып, қазақ оқырмандарына ой салу мақсатын көздей отыра, мысалдарға неғұрлым саяси-әлеуметтік мән-мазмұн беруге тырысады», – деген тұжырым айтады. Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық, ақындық, қайраткерлік, журналистік, т.б. қырларын зерттеуде Рымғали Нұрғалидың әдебиет тарихына қосқан үлесі өлшеусіз.

Р.Нұрғали ХХ ғасыр басында пайда болған жаңа бағыттағы әдебиеттің негізін қалаушы С.Сейфуллиннің қайраткерлік тұлғасымен қатар қаламгерлік бейнесін де анықтап берген санаулы ғалымдардың бірі десек артық айтқандық емес. Алаш қайраткерлері ақталғаннан кейін Сәкенді оларға қарсы қойып, жоққа шығарушылар қатары көбейді. Осы тұста ғалымның монографиялық еңбектерінде оны алаш зиялыларымен қатар атай отырып зерттеуі Сәкеннің ұлт алдында жасаған адал қызметіне берілген лайықты баға болды. Ғалым қайраткер ақынның әдебиетке әкелген соны соқпақтары турасында: «Жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің көкейкесті, өзекті тақырыптарын аша көрсетті, жанды бейне, көркем тұлғалар арқылы терең идеялар айтып, эстетикалық жасады», – дей отырып: «Ұлттық әдебиетке жаңа мазмұн, жаңа түр, жаңа идея әкелген жазушы туындылары халқымыздың қымбат рухани қазыналарының қатарына жатады» – деген ой түйіндейді. Р.Нұрғалидың Сәкенннің шығармашылық өмірбаянын қалыптастырумен қатар, «Тар жол тайғақ кешу» атты мемуарлық романына, «Жер қазғандар», «Айша», «Жемістер» хикаяттарына, көлемі шағын прозалық туындыларына, «Аққудың айырылуы», «Альбатрос», «Көкшетау», «Қызыл ат», «Советстан» поэмаларына, әртүрлі лирикалық тақырыптарға арналған өлеңдеріне терең талдаулар жасау арқылы қаламгер бейнесін жаңа бір қырынан танытты. Қазақ поэзиясына соны ырғақ, бөлек композициялық өлшем әкелген «Советстан» поэмасын, мәңгілік махаббатты аққу бейнесі арқылы көрсете білген «Аққудың айырылуы, кеңестік өмірдің трагедиялық қайшылықтарын бейнелеген «Қызыл ат», революция, азамат соғысы, Ленин тұлғасын сомдауға арналған «Альбатрос» поэмаларын идеялық, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан саралап берді. Әсіресе қазақ поэзиясына соны поэтикалық үлгі әкелген «Көкшетау» поэмасына жан-жақты талдау жүргізу арқылы әдеби зерделеудің өзіндік үлгісін көрсетті. «Сұлулық атаулыға ғашық жүрекпен құлаған, ұшқыр қиял, мөлдір сезім, өткір ойдың ақыны Сәкен Сейфуллин Көкшетау табиғатынан өзінің әсемдік мұраттарын, сұлулық идеалдарын тапқан еді. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой Кавказ атырабын шығармаларына қалай арқау етсе, С.Сейфуллин де Көкшетау табиғатынан, тарихынан, бүгінгі тынысынан, болашағынан шабыт, өнеріне өріс тапты. Осы өлкенің қанаты талмас, дарынды, өршіл жыршысы болды. Кейін қазақ поэзиясында туған өлкені, атамекенді жырлау ағымы өрістеп, өрлеп өсті, әдеби ағымға айналды», – деуі соның айқын дәлелі. Сәкентану ғылымының негізін салушы ғалымдардың қатарында Р.Нұрғалидың өзіндік орны бар екені жасырын емес. Оны жан-жақты талдап айтуға бір мақаланың көлемі аздық етеді. Оны көлемді зерттеу жұмысына айналдырып, толығырақ тоқталу келешектің мәселесі. Сондықтан да Сәкен шығармашылығының зерттелуі туралы айтқанда академик-ғалымның толымды пікірлерін айналып өте алмайтынымыз анық.

Зерттеушінің атын ерекше құрметпен, ерекше махаббатпен атайтын ақыны жаны нәзік, сыршыл Мағжан Жұмабаев. Ол Мағжан суреткерлігінің ерекшелігі кез келген жанды, жансыз бейнеге тіл бітіріп, көркем бейнелер галереясын жасай алатын шеберлігінде екенін атап көрсетеді. Ғалым Мағжанның адам бойындағы ой мен сезім арпалысын, ішкі жан күйзелісі мен толғамдарды, пейзажды бейнелеудегі суреткерлігіне баса мән береді. «Ақын шыққан аса бір эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж лирикасы. Халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі, жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірбиелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады», – деп жазуы сөзіміздің дәлелі.

Р.Нұрғалидың Мағжан шығармашылығының ішінде «Батыр Баян» поэмасын талдауға ерекше көңіл бөледі . Абылай заманында тариха болған оқиғаның ізімен жазылған поэманың көркемдігін саралай отырып, жер-су аттары, шайқас кезіндегі Батыр Баянның тұлғасы, қалмақ қызы Бөбекті тұтқынға алуы, ол қызға батырдың ғашықтық сезімінің оянуы, бірақ қыздың інісі Ноянмен көңіл қосуы сияқты оқиға желісінің бәрі зертеушінің назарынан тыс қалмайды. Шығармадағы оқиғаның шарықтау шегі Ноянның қалмақ қызымен бірге қашуы болып табылады. Поэмада ақын адам бойындағы сезімдер арпалысы психологиялық дәлдікпен суреттеген. Мағжан батыр Баянның бейнесін бірде жауға қарсы шапқан жаужүрек тұлға ретінде, бірде махабба сезіміне ерік берген нәзік жанның иесі ретінде суреттейді. Р.Нұрғали Мағжанның тіл шұрайлылығы мен ақындық шеберлігін поэманы талдау арқылы ашып көрсетеді. Академик өз зерттеулері арқылы мағжантанудың жаңа бір кезеңін қалыптастырды. М.Жұмабаевтың ақталған уақытынан бастап оның шығармаларының ғылыми теориялық тұрғыдан зерттелуі, кітаптарының жарық көру ісіне Р.Нұрғали белсене араласты.

Р.Нұрғали зерттеуінің тағы бір көлемді арнасы – қазақтың эпикалық поэзиясының біртуары Ілияс Жансүгіров шығармашылығы. «Қазақ жаңа әдебиетінің бастау қайнарында тұрған құдіретті талант иелерінің бәріне тән ортақ асыл қасиет – көп қырлылық. Бұл ерекшелікті ақын, драматург, прозаик Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан көруге болады» – дейді ғалым. Ақынның шығармашылық өмірбаянын жасау арқылы оның өлеңдерін тақырыптық-идеялық жағынан топтастыра зерттеу ғалымның стилдік ерекшеліктерінің бірі. Ұқсастықтарына қарай топтастырылған саяси және табиғат лирикаларына арналған өлеңдерін жігімен жіліктей отырып формалық, идеялық тұрғыдан дәл мінездемелер береді. Қаламгердің ұлы жазушы М.Әуезовті тамсандырған Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауының сұлулығын келістіре жырлаған тау суреттеріне арналған өлеңдер топтамасы да Р.Нұрғали зерттеуінен тыс қалмайды. Ғалымның Ілияс шығармашылығы туралы кеңірек толғайтын тұсы эпикалық туындыларына қатысты. «Қазақ әдебиеті тарихында кең құлашты, терең мағыналы эпикалық поэмалар тудырған талантты ақындар қатарында Ілияс Жансүгіров есімі ерекше аталады. Бұл салада ақын көптеген әдеби барлау, көркемдік тәжірибе жасай жүріп, әлеуметтік маңызды тақырыптарға арналған бірнеше салмақты туынды берді» – деген пікірі сол толғамының бір парасы. Кезінде қазақ поэзиясына поэма жанрының ерекше үлгісін әкелген «Күй», «Күйші», «Дала», «Құлагер» поэмалары екендігі белгілі. Р.Нұрғали осы поэмаларды талдау кезінде Ілиястің шығармашылық лабороториясына тереңдей енеді. Сол арқылы ақынның ішкі жан дүниесін, шығарма кейіпкерлерінің психологиялық характерін ашуға ерекше мән береді. Қазақ поэзиясында бұрын кездеспеген Алтай мен Атырау, Сібір мен Самарқанның арасын тұтастай жырға қосқан «Дала» поэмасы туралы салиқалы пайым жасап, ұтымды ой айтады. Шығарманы бастан-аяқ жүйелі зерделеген ғалым соңында: «Қазақ халқы өмірінің екі жүз жылдық панорамасын бейнелеген эпикалық «Дала» поэмасы әдебиетіміздің үздік шығармаларының қатарына жатады»–деген түйін жасайды. Ол сюжеттік әрекет пен лирикалық толғаныс қатар өрілген «Күй» поэмасына да талдау жасап, Молықбай қобызшының өнерпаздық дарынынан туған күйдің әсерін шығарманың тірегі деп бағалайды. «Өнер тек қайғы, қасіретті, мұңды айтып, адам жанын жаралап, жүрегіне от тастайтын сиқырлы күй емес, өмірге жетелейтін қайрат-жігердің киелі қайнары деген идеяны «Күй» өзекті сарыны, леймотиві деп білу керек», – деген ойында үлкен салмақ жатыр. Ғалымның «Күйші» поэмасын талдау кезінде де салиқалы пікір айта білгенінің куәсі боламыз. Атақты хан Кененің ордасында тартылған күйдің сиқырын, ханның қарындасы Қарашаш пен Күйші арасындағы тартысты әспеттейтін поэма идеясына айтылған ғалымның мына бір пікіріне назар аударайық: «Күйші» – өлімді, зұлымдықты жеңген өнер құдіреті туралы симфониялық сарыны, романдық қуаты бар, кең тынысты, асқақ әуенді күрделі шығарма». Р.Нұрғалидың зерттеушілік қабілеті нысанаға дәл тиетін осындай нақты тұжырымдар жасай білуімен құнды. Ілиясті «Құлагер ақын» атандырған атақты туындысы – «Құлагер» поэмасы. Сағынайдың асында әйгілі жүйрігі Құлагерді бәйгеге қосқан Ақан серінің өмірінен үзінді беретін шығарманы да ғалым талдауымен жан-жақты тани аламыз. ««Құлагер» поэмасының көркемдік құрылысында құнарлы өзгешеліктер, тынбай ізденген өрен жүйрік суреткер тапқан тамаша жаңалықтар, эстетикалық игіліктер бар», – деген пікірден зерттеушілік талғамның тазалығын танимыз. Қысқасы, І.Жансүгіров шығармашылығының ғылыми бағасын беруде академик Р.Нұрғали жасаған сара жол қазақ әдебиеттану ғылымы үшін құнды мұралардың қатарында жасай бермек.

Р.Нұрғали зерттеуіндегі тарихи тұлғалардың қатарынан жарқырай көрінгендердің бірі – ақын, шағын прозалық жанрдағы туындылардың шебері Бейімбет Майлин бейнесі. «Мырқымбай», «Құрекең мен көкшолақ», «Коллективтің жырын айт» т.б. сияқты өлеңдерімен қазақ поэзиясына жаңаша леп әкелген Бейімбеттің ақындық дауысы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің ауыз толтырып айтарлық айтулы шығармаларының қатарынан орын тепті. Оның ақындық орнын айқындауда академик-ғалымның тынбай еңбектенуінің нәтижесінде бірқатар салмақты ғылыми пікірлер қалыптасты. Осы ретте сөзіміз дәлелді болуы үшін:«Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясының жан-жақты дамуына айрықша үлес қосқан қаламгердің бірі – Бейімбет Майлин. Октябрь революциясы әкелген бостандық, жаңа өмір, өзгерген салт-сана, қазақ әйелінің теңдігі, кедейлер өмірі, еңбекші ауыл тіршілігі тақырыптарына арналған көптеген туындылар берді», – деген пікірін мысалға келтіруге болады. Бейімбет мұрасының негізгі салмағы прозалық шығармаларында жатыр. «Шұғаның белгісі», «Раушан коммунист» сияқты көлемді повестерімен қатар «Күлпаш», «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», «Қадір түнгі керемет», «Талақ», «Сексен сом», «Айранбай», «Шариғат бұйрығы», «Кедей теңдігі» т.б. көптеген әңгімелердің авторы болған қаламгердің орны қазақ прозасы көшбастарларының қатарында. Бұл тұрғыда Р.Нұрғали Бейімбет прозашылығын ұлы жазушы М.Әуезовпен деңгейлестіре зерттейді. «Қазақ прозасының туу, қалыптасу дәуірінде дара шеберлік қырларымен, өзіндік стиль, мәнер, көркемдік үлгілерімен танылып, әдебиетке жаға бояу, әсем нақыш, терең ой әкелген Бейімбет Майлин мен Мұхтар Әуезов болды. Қазақ ауылының психологиясын бейнелеуге арналған ықшам, көркем әңгімелер циклында Б.Майлин бақытсыз әйелдер мен сорлы кедей-жалшылардың өткен дәуірдегі тағдыр-тауқыметін, ауыр халі, азапты өмірін, бостандық аңсаған көңіл үмітін, революция сілкінісінен кейінгі өзгере бастаған салт-сана, мінез-құлық, қарым-қатынастарды, теңдік алған шаруаның социалистік құрылысқа белсене араласуын нақты өмір картиналары, жанды образдар арқылы реалистік дәлдікпен суреттеп берді», – деп ой қорытуы суреткер шығармашылығына берілген ғылыми бағасы. Бейімбет туралы айтқанда да академик Р.Нұрғалидың зерттеушілік толғанысынан туған толымды пікірлерге көз жұмып қарай алмаймыз.

Жалпы, кез-келген қаламгердің шығармашылығын зерделегенде жеріне жеткізе талдап, нақты ғылыми қорытынды жасап отыру Рымғали Нұрғали зерттеушілігіне тән қасиет. Оның ғалымдық жолы даралығымен қымбат, даналығымен бағалы. Біз мақаланың көлеміне байланысты ғалымның Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Әуезов туралы зерттеулерін қамтыған жоқпыз. Ол келешектің үлесінде болмақ. Біздің айтқанымыз көл-көсір еңбек авторының тамшыдай тамшыдай табысы ғана.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Р.Нұрғалиев. «Арқау», 2 томдық шығармалар, Алматы, 1991 жыл.
2. Р.Нұрғали. «Әуезов және Алаш», Алматы, 1997 жыл.
3. Р.Нұрғали. «Қазақ әдебитінің алтын ғасыры», Астана, 2002 жыл.