2015-01-20

Дулат және Мағжан

Дулат және Мағжан
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында халықтың қанына сіңген ескі сарын жыраулық поэзияның нүктесін қойып, жаңа поэтиканың туғандығын қазақ арасына жеткізген және алғашқы белгілерін жариялаған Дулат Бабатайұлы екенін көптеген әдебиет зерттеушілері дәлелдеді. «Теңізден терең сыры бар», «сары алтынның буынан жаралған жыры бар» айтулы тұлға өзінен кейін тарих сахнасына шыққан қазақтың сөз ұстар ақындарына соныдан соқпақ салып бергені ақиқат. «Зар заман» ағымын зерттеушілер Дулаттың жалпы шығармашылығын және поэзия алыбы Абай Құнанбаевқа тигізген әсерін жан-жақты талдап таразылады. Олардың көш басында Дулаттың поэтикасын зерттеген академик Қ.Жұмалиев, ақындық стилі мен шығармаларына текстологиялық талдаулар жүргізген ғалым Қ.Өмірәлиев, шығармаларының тілін зерттеген академик Р.Сыздықова, шығармашылығын байыптаған профессор Х.Сүйіншәлиев, абайтанушы ретінде зерделі пікірін білдірген профессор М.Мырзахметов, сатирасын зерттеген профессор Т.Қожекеев, өлең теориясын талдаған академик З.Ахметов т.б. белгілі ғалымдар бар. Біз Дулаттың тек Абайға әсер етуші ғана емес, ХХ ғасырдың басындағы қайталанбас лирик ақын Мағжан Жұмабаевқа да үлкен ықпалын тигізгенін айтқымыз келеді. Бірақ екі ақын арасындағы рухани байланыс әлі толыққанды зерттелген жоқ.

Кейбір зерттеулерде (мысалы, Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегінде) Дулаттың «Шаштараз» дастаны Мағжанның «Ескендірдің мүйізі» өлеңімен сюжеттес екені айтылады. Бірақ арнайы талдау объектісіне айналмайды.

Дулаттың туындысында Ескендір патшаның аты тікелей аталмайды, тек ерте заманда төрт құбылаға әмірі жүрген қаһарлы патша екені айтылады. Дегенмен поэзия саласын зерттеуші М.Жармұхамедұлы «Шаштараз» дастанын Ескендір Зұлқарнайынға арналған ұлы туындылардың қатарына қосады. Ғалымның: «Шығыс пен батыс елдерінде көп жырланып, өмірі мен ерлігіне «Ескендірнаме» топтамасы жазылған Ескендір Зұлқарнайға (қосмүйізді Александр Македонскийге) кезінде Дулат Бабатайұлы да дастан арнаған. Қасиетті Құран Кәрімде пайғамбар санатында аталатын ақылды да әзіз Зұлқарнайды Шығыс әдебиетінде Фирдоуси, Низами, Жәми, Әлішер Науаи, Абай Құнанбаев та өз жырларына арқау еткен»[1,238], – деген пікіріндегі тізімге Мағжан Жұмабаевты да қосуға болады. Екі шығарма да жеті-сегіз буынды өлең үлгісінде жазылған. Дулат «Елін баққан ер болмақ, Аузын баққан би болмақ» десе, Мағжан «Болсаң да жалғыз жапанда, Сырыңа, құрбым, берік бол», – деп ескертеді. Екі ақын да өсекшіліктен, көпірме сөзден, сыр сақтай алмайтын сырғақтаған осалдықтан сақтандырады. Екеуінде де өсек-аяңның символикалық үлгісі «жүйрік жел». Мәселен, Дулатта «Аузыңнан шықса жел естіп, Жер түбіне жетер тез», – делінсе, Мағжанда «Күбірлесе-ақ ауызың, әкетер қағып жүйрік жел», – деп суреттеледі. «Шаштараз» дастанында сюжет кеңірек берілсе, «Ескендірдің мүйізінде» сәл ықшамдалған түрде беріледі. Дулат патшаны қанша қаһарлы қылып суреттегенімен, оның патшасы басында тәжі бар сарайдан шықпайтын билеуші бейнесінде. Ал Мағжанның Ескендірі тек патша ғана емес, басына дулыға киген батырдың образын да елестетеді. Дулаттың патшасы шаштаразды шақырып алып үш шарт қояды. Біріншісі, өзінен басқаның шашын алмауға, екінші, аузынан берген серттен танбауға, үшінші, басынан не көрсе де ешкімге айтпауға уәдесін алады. Айтса басы кететінін ескертеді. Сол үшін қазынадан керегінше байлық береді. Мағжанда оқиға желісінің бұл жері мейлінше қысқарған. Патша тек көргенін басқаға айтса «басын аламын» деп қорқытады. Дулатта шаштараз естігені ішіне сыймай өзеннің жағасына келіп, жағадағы шұңқырға етпеттеп жатып күбірлейді. Күбірі алдымен топыраққа сіңіп жеті жыл жатады. Жеті жылдан соң су тасқыны болып, әлгі шұңқыр суға толады. Сулы жердің айналасына бір топ құрақ шығады. Ақын судың тасуын көпшіліктің ырысына балайды.

Су тасыса – көпке ырыс,
Шөп шықса – малдың нәсібі, –
деп судың тасуын дүниенің жасаруына әкелетінін нақылға айналдырады. Ақын сөйте тұра, жаңадан шыққан жасыл құрақты «сыңғыл мен сыбырға өте әуес» сұлу әйелге теңейді. Жасыл құрақ топырақтан естігенін желге жеткізеді. Ақын бұл сюжетті:

Қамыс айтты – жел айтты,
Желден естіп ел айтты,
Ел айтқанда – шын айтты,
Көрген сол – шаштаразы,
Одан басқа кім айтты, –
дей отырып, «айтты-айтты» деп қайталанатын редиф ұйқастармен жеткізеді. Бұл қайталанып жырлау үлгісі кейіннен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмаларында жалғасын тапты. Мәселен, Мағжанның:

Ерлерді ұмытса да ел, – сел ұмытпас,
Ерлерді үмытса да ел, – жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас, –
деп келетін шумақтағы «ұмытпас» сөзі, немесе Сәкендегі:

Талай сыр ертегіні ел айтады,
Ызыңдап таудан соққан жел айтады,
Сырласып сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз түн күңіренген көл айтады, –
деген шумақтағы «айтады» сөзі, Ілиястағы:

Қазақта Құлагерді көп айтады,
«Серінің серігі еді» деп айтады.
Ат сыры иесіне мәлім деп жұрт
Тегінде мал көрмесе неге айтады, –
дегендегі ұйқастың қайталану үлгісі Дулаттан, оның арғы жағында Шығыс поэзиясына тамыр тартып тұрғанын аңғарамыз. Дулат ақынның ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының тұтас бір буын көрнекті өкілдеріне ықпалын айқын сезінеміз. Дулат «Шаштаразды»:

Әлде құрақ дегені –
Сүйіп алған жар ма екен?!
Сүйгеннің сырын шашатын
Сұлу жар, сірә, бар ма екен?! –
деп түйіндейді. Бұл ертедегі қазақтардың « Астыңдағы атыңа, қойныңдағы жарыңа сенбе» деген даналық философиясына апарып тірейді. Ал Мағжанда шаштараз өзенге емес, құдыққа келіп күбірлейді. Оны жақын тұрған жас қамыс естиді. Қамысты құшаққа алған жел жырын төгіп, улап, бар сырын біліп алады. Таң атқанша «жүгірген жүйрік жел» барлық елге таратады. Ақындар өзен мен құдық, құрақ пен қамысты алмастырып алғанымен де ол шығарманың сюжеттік желісіне нұқсан келтірмейді. Қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы А.Байтұрсынов: «Бір нәрсенің, көбінесе адамның мінез, құлқын, ғамалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту – бернелеу болады» [2, 31], – дейді. «Жел», «қамыс-құрақ», «өзен-құдық» осы бернелеу әдісіне жатады. Адам бойындағы кейбір жағымсыз мінездерді ақындар осындай әдіспен шебер көрсете білген. Екі шығарманың да финалында шаштараздың басы алынады. Заманы бөлек ұлы суреткерлердің туындыларында жекелеген сюжеттік айырмашылық болғанымен арасында әлі ашылмаған, бізге құпия бір байланыстың жатқаны анық. Біздіңше Мағжан Дулатты оқыған, үлгі тұтқан дегіміз келеді.

Профессор С.Негимов: «Бір кездері Дулат, Шортанбай, Нармамбет, Мұрат сынды зар заман ақындарын жарқын болашақтан шошынған, сескенген, өмірден түңілген деп шенедік. Шын мәнісінде, зар заман күйін шерткен ақындар аз емес. Оған Сәкен Сейфуллин мен Мағжан Жұмабаев және тағы басқа ел ақындары мен билері де қосылған. Мәселен, Мағжан Жұмабаевтың:

Жүрегім, мен зарлымын жаралы да,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да, –
дегенінде қазақ қоғамының ащы шындығы, қасірет-кесапаты боямасыз берілген. Мағжанның шырқыраған даусы – халқының жан айқайы»[3], – деген пікір білдіреді. Дулат ақын заманның күйін Шортанбайша «зар заман» демейді, «кер заман» деп толғайды. Мысалы, «Баласына айтқаны» толғауында:

Бәрін айт та, бірін айт,
Кез болдың кер заманға, –
десе, Мағжан да «Қойлыбайдың қобызы» туындысында:

Шіркін-ай, кер заманды күл қылар ем,
Бата алсам Бағаналы Қойлыбайдан, –
күңіренеді. Яғни, өзінен жарты ғасыр бұрын ғұмыр кешкен абыз ақынның «кер заман» идеясын жалғастырады. Екі ақынның да заман мұңы ортақ. Дулаттың заманы отаршылықтың қазақ арасына дендеп еніп, Кенесары көтерілісінің басып жаншылған, қазақтың рухы тапталған, бай мен бектің сатылған кезі болса, Мағжанның заманы Алашорданың туы жығылған, елдің билігі қызыл туға оранған сауатсыз большевиктердің қолына өткен кезең еді. Сондықтан Дулат заманның зауалын:

Осындай заман кез болды,
Ер дегенің ез болды.
Қамқа торғын бөз болды,
Саф алтының жез болды, –
деп суреттесе, Мағжан өз заманының бейнесін:

Айрылдық балпаң басқан батырлардан,
Аузынан уыз төгілген маңғаз байдан.
Құдай-ау, албастының ойнағындай,
Мынау сұм заманға кез қылдың қайдан? –
деп толғайды. Екі ақынның да ұстанған бағыты бір. Ол Қазақ халқының тәуелсіздігі. Сондықтан аңсаған армандары, болашаққа бетбұрыстары бір арнада тоғысады. Тіпті қазақтың алды артын болжамайтын аңғалдығын, кейбір ел атқамінерлерінің дарақылығын Дулат:

Алдыңда не бар – көрмейсің,
Артыңда не бар – білмейсің,
Жарға барып күп дейсің,
Қарамай екі жағыңа, –
деп шенесе, Мағжан елдің аянышты халіне жанашырлық танытады. Ол барлық елдің басына төнген бұлт надандықтың, білімсіздіктің кесірі деп түсінеді. Елдің басына түскен отаршылық ауыртпалығын «түнге» теңеп, алдағы күннің не боларына қатты алаңдаушылық білдіреді:

Түн басталды, не болмақ алда күнің,
Бос жүрсең еш панасыз, үйсіз, тамсыз?
Сандалдың: алдың –боран, артың тұман,
Түк көрмей сәуле берер шырақ-шамсыз.
Білімсіз ит надандық жеңгені ме?
Буының қалтырайды болып әлсіз, –
деп мұң-зарын қағазға төгеді. Дулаттағы «парақор баспақ би» мен «ел бүлдіргіш бектер» Мағжанда «мал шашқыш», «елді бұзғыш» надандарға айналады. Екі суреткердің ойларының бір арнада тоғысуы ортақ мақсаттың, ұлттың болашағына деген сергек көзқарастың жемісі деп білеміз.

Дулат Бабатайұлы шығармаларының ішіндегі зерттеушілердің назарын аударған көлемді туындысы «Еспембет» дастаны. Бұл шығарма ХІХ ғасырда жазылған сюжетті поэмалардың арасында ең шоқтығы биігі деп бағаланып жүр. Арынды ақынның шығармашылығын зертеген көптеген көрнекті ғалымдарымыз «Еспембетті» поэма жанрына жатқызады. Мысалы, академик Қ.Жұмалиев: « «Еспембет» поэмасы – Дулат шығармаларының ішіндегі ең күрделісі және оның әлеуметтік лирика, дидактикалық поэзияға ғана емес, сюжетті шығармаларға да шебер екендігін көрсетеді»[4, 176], – деп атап көрсетеді. Сол сияқты Мағжан Жұмабаевтың да шығармаларының шоқтығы биігі «Батыр Баян» поэмасы екендігі белгілі. Бұл екі көлемді шығарманы атап айтып отырған себебіміз, сюжеттерінде ортақ идея бар, кей тұстарда ортақ адам есімдері кездеседі. Еспембеттің Баян батыр сияқты тарихи жырларда, жыраулардың толғауларында аты кездеспейді. Оны зерттеушілер екінші қатардағы батырлардың санатына қосады. Дегенмен Еспембеттің ортасы атағы үш жүзге мәлім тұлғалар Қабанбай мен Ақтамбердінің елі. Біздің назарымыды аударғаны, Еспембеттің жетім қалып нағашысы Уақ Ер Қосайдың қолында ер жеткені. Шығармада Ер Қосайдың тоқсанға келіп, тұғырынан түскен кезі суреттеледі. Еспембет оның жиен шөбересі. Ал «Батыр Баянда» Обаған өзенінің жағасын қоныс қылған азғана Уақ елінде ертеде Ер Қосай, Ер Көкше батырлардың болғандығы, солардың нәсілінен Тәтіқара жыраудың торлғауында айтылатын Баян, Сары батырлардың тарағаны айтылады. Екі поэма осындай ұқсастықтарымен ерекшеленеді.

Дулаттың Мағжанға үлгі болған дәстүрін толық тәптіштеп зерттеу үшін бір мақаланың көлемі көтермейді. Бұл әдебиеттану ғылымы саласында әлі ашыла қоймаған тың тақырыптардың бірі. Өз заманының рухани көшбастарлары болған қос тұғырлы тұлғаның арасындағы ортақ идея, ортақ мақсат, ортақ көркемдік тәсілдерді зерттеу келешекте жалғасын табатынына сенеміз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Бабатайұлы Д. Шығармалары мен тағылымы. Алматы: – Раритет, 2003.
2. Байтұрсынов А. Әдебиетанытқыш. Алматы: – Атамұра, 2003.
3. Негимов С. Дулат поэзиясыны көркемдік ерекшеліктері.//«Қазақстан мұғалімі». 1991, 2 ақпан.
4. Жұмалиев Қ. «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті». Алматы, Жазушы. 1967.
5. Жұмабаев М. Сүй, жан сәулем. Алматы: – Атамұра, 2003.
6. Сейфуллин С. Аққудың айырылуы. Алматы: – Атамұра, 2003.
7. Жансүгіров І. Құлагер. Алматы: – Атамұра, 2003.