2015-01-19

Байғара он жеті ақын сенен шықты…

Байғара он жеті ақын сенен шықты…
(Сыбанның он жеті ақыны туралы зерттеу)

Абай Құнанбаев бастаған қазақ классикалық жазба поэзиясының алғашқы нышандарын тудырған оның рухани ұстазы Дулат Бабатайұлы екенін осы саланы зерттеуші бірқатар ғалымдарымыз дәлелдеп жазды. Дулаттың өскен ортасы Аягөз өңіріндегі тамырынан ақындық қасиет үзілмеген, Найман елінің ішіндегі Қаракерей руының Сыбан деген атадан тараған ақындар мен билер әулеті. Көрнекті қаламгер Қ.Жұмаділов: «Аягөзде бір тамырдан тараған екі үлкен мектеп бар. Билер мектебі және ақындар мектебі. Жеті атаға созылған билер мектебі: Нар дауысты Нарынбай – Қу дауысты Құттыбай – Байғара – Ақтайлақ – Кеңесбай – Жарқынбай – Жұмахан болып жалғасса, ақындар мектебі: Ақтамберді, Ақтайлақ, Сабырбай, Кеншімбай, Әріп болып кете береді», – дей келіп: «Жеті атаға созылған жаңағы билер мен Ақтамберді, Ақтайлақ, Дулат бастаған Сыбанның он жеті ақыны – Жанкөбек, Бикөбек, Бөрікбек деген ағайынды кісілерден тараған немере-шөберелері»[1], – деп жазады. Бұл пікірде де біраз қайшылықтар кездеседі. Оны нақты мәліметтерге сүйене отырып, зерттеу барысында он жеті ақынның тарихын екшеп таразылау үстінде таратып айтамыз.

Осы ретте, «Сыбаның он жеті ақындары кімдер, оған біз зерттеп отырған Дулат кіре ме?», – деген сұрақ туындауы заңды. Атақты «Біржан – Сара айтысында» Найман елінің намысын қорғаған Сараның ауызымен Ақтамберді, Ақтайлақ, Кеншімбай, Дулат, Сабырбай, Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ, Түбек ақындардың аты аталады. Бұл ақындарды әдебиет зерттеушісі Қ.Мұхамедханұлы Қаракерей руының атақты ақындары дегенмен [2,55], халық ақыны Қ.Алтынбаев: «Олардың ішіндегі Кеншімбай, Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ дегендер Байғараны былай қойғанда, тіпті Сыбанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар»[3], – деген ойын ақтарады. «Бідіхан, Айсары, Көкенбала айтысында» Айсары, Көкенбаланың:

Еліңде жүйрік те бар жел тоқым бар,
Тобыңда сонау тұрған кім мақұлдар.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Еліңде Байғарадай неше ақын бар, –
деген сауалына Бідіхан:

Құдай-ау айналайын құдіретіңнен,
Берейін барын тауып өз шетімнен.
Елімде Ақтайлақ пен он жеті ақын,
Көтерген көңілдерін құрметпен ел, –
дей отырып, қыздардың: «Түгендеп он жетінің атын ата», – деген сауалына уәж ретінде Түбек, Сабырбай, Көшкінбай (Кеншімбай болуы керек. С.Д.), Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ, Өзбек, Өмірбек, Шәріп, Жандос, Кәдір, Тұғыл, Әжібек, Дәрібек, Бідіхан, Шәке, Сәми және оның төрт баласы бәрі де ақын деп жауап береді[4,61]. Бұл жерде Ақтайлақ он жетіден жеке айтылып тұр. Осы тақырып төңірегінде біраз ізденістер жасаған Қ.Алтынбаев Семейден шығатын «Үш анық» газетінің 1992 жылғы №6 санында жарияланған «Қара ормандай Қаракерей» мақаласында және «Абай» журналының 1998 жылы шыққан №4 санында жарияланған «Аңызға айналған он жеті» мақаласында да толымды мағлұматтар береді.

Ал «Біржан – Сара айтысында» аталған барлық ақындар туралы кеңірек мәліметті Қ.Алтынбаев Е.Жұмахан деген қосалқы автормен бірлесіп жазған «Ақсуат» атты тарихи-деректі туындысында жазады. Мәселен, Кеншімбай ақын туралы: «Кеншімбай Күшікұлы 1846 жылы тана мырзаға үзеңгілес серік ретінде қосылып, Жетісуға дейін бірге барған. «Шұбар ағаш ой жайлау» деген жерде (қазіргі Лепсі стансасы) Арғынның атақты ақыны Орынбай Кертағыұлымен айтысып, бүкіл Найманның аруағын үстем еткен. Он тоғыз жасар Кеншімбай сол сапардан көз тиіп, ауырып қайтады да, ауылына келген соң жанарынан айырылады. Содан үш жылдан соң дүние салған. Оның туған, өлген уақытын 1827–1849 жылдар деп есептейміз. Кеншімбай мен Орынбай айтысының кей үзінділерін қарттардың ауызынан сирек те болса естіп қаламыз. Айтыс тексі фольклор жинаушы Асфандияров арқылы Ғылым Академиясына тапсырылыпты. Кеншімбайдың сүйегі Матай, оның ішінде Елқонды тармағынан. Жарма ауданының Расцвет ұжымшарының жеріндегі Аюлы тауының етегіне жерленген»[5,255], – дейді. Ендеше жазушы Қ.Жұмаділов айтқандай Кеншімбай Сыбан руының ақындар мектебіне кірмейді екен. Айтыста Кеншімбайдан кейін аталатын Сұртай ақынды: «Ақсуат ауданы көлемінде айтыс өнерінің ең бірінші ту ұстаушысы, таланттар шеруінің бас сардары деп Нұраш баласы Сұртайға ден қоямыз», – дей келіп: «Сұртай Нұраш баласының сүйегі Қыржы, одан бергісі Қожамқұл, одан бергісі Жолшора, оның ішінде Бықы-Қанай аталығынан. Зираты Сұлутал Кеңшарының Ақши деген жерінде», – деп, ары қарай Сұртай ақынның Мұрын елінің билеушісі Тана мырзамен тұстас болғаны жөніндегі мәліметтерге тоқталады [5,254-256]. Ал Жылтыр ақын жайында: «Жылтыр Бақайұлы – Найманның Бура тармағынан, оның ішінде Қаратаз аталығынан. Ескі тас зираты Шар қаласының күнбатыс желкесіндегі «Бас қарауыл» деген төбеде тұр. Жылтыр тірлігінде Көкпекті округінің аға сұлтаны Әлімхан Тілеубердиннің сарай ақыны болған. Тобықтының Боранбай ақынымен айтысқан. Ол айтысты қарт тарлан Шәкір Әбенов жатқа айтатын»[5,255], – деген дерек келтіреді. Осылардың арасындағы өмірбаяны жазылмаған ақын –Жанұзақ Шынанұлы. Аталмыш кітапта бұл ақын туралы да: «Жанұзақ Шынан баласы – Байжігіт руының Жұмық тармағынан шыққан. Бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туып-өскен. Жасынан сөзге үйір Жанұзақ ауылындағы бір үйге қонақ келіп қонса, ескі сөз естімек үшін сол қонақтың қасынан түні бойы кетпейді екен. Сол себепті «Қонақ біреу болса, Жанұзақмен екеу», деген мәтел тарапты. Ақынның өмірбаяны, шығармашылығы жайында дерегіміз жоқ»[5,256], – деп түйіндейді. Сонымен Сараның ауызымен айтылған жеті ақынның және Бідіхан ақын айтатын он жеті ақынның төртеуі Сыбан еліне қатысы жоқ екені айғақталды. Бідіхан ақын айтатын ақындардың жоғарыда аталған төртеуін алып тастағанмен, аттары аталмайтын Сәмидің (Сәметтің болуы керек. С.Д.) төрт ақын баласын қосқанда он жеті саны шығады. Бұл сәл қисынға келіңкірейді. Дегенмен он жеті ақын туралы айтушылардың көбі осы айтысқа сілтеме жасайды. Бірақ айтыста аталатын Сыбан елінің ақындарынан кімдердің он жеті ақынның қатарына кіретіні туралы дәйектер өте аз.

Көптеген зерттеу еңбектері мен танымдық әңгімелерден, айтыстардан біз білетін нақты Сыбан елінің ақындары – Ақтайлақ, Дулат, Түбек, Сабырбай ақындар. «Біржан – Сараны» абайтанушы Қ.Мұхамедханұлы Сыбан руынан шыққан белгілі ақын Әріп Тәңірбергенов жазды деген бірнеше дәлелдерін ұсынады [2,24]. Айтыста Сыбан елінің ақындарының аты көбірек аталуы сондықтан деген пікірлер туралы бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы Сыбанның он жеті ақынын анықтау төңірегіндегі пікірлердің дені ала-құла. Осы мәселенің анық-қанығына жетуге талпыныс жасаған Б.Ысқақов: «Қалихан Алтынбаев ақынның мәліметіне қарағанда Аягөзде тұратын Шөкімұлы Ғаббастың айтуынша «Біржан – Сара айтысында» мақтанышпен аталатын он жеті ақын түгелімен Найманның Жанкөбек руындағы Байғара, Ақтайлақ әулетінен тараған. Бәрі де шетінен шешен, ақпа-төкпе ақындар болған. Олар мыналар: Байғараұлы Ақтайлақ, Ақтайлақұлы Алшынбай, Өзбек, Сабырбай, Өмірбек, Түбек (Ақтайлақтың бауырына салған баласы екен), Сәметұлы Нұрлыбай, Орынбай, Уәйіс, Бытыхан, Артықұлы Кәдірбек, Байсаұлы Көкен, Өтепұлы Дәрібек, Түсіпұлы Әйтімбет, Тілеуімбет, Әлсейітұлы Шәке, Райұлы Байтұяқ» [6,143], – дейді. Ғ.Шөкімұлының таратуындағы тізімде Дулат Бабатайұлының аты аталмайды. Семей өңірінен шыққан елге белгілі азаматтардың тарихын таразылаған Ә.Сәдуақасұлының «Тарихыңды танып біл» еңбегінде Дулаттың аты он жеті ақынның қатарында аталады. Оның таратуындағы : «Әріп, Дулат, Ақтайлақ, Сабырбай, Қуандық, Түбек, Омар, Сәдір, Байбала, Толымхан, Ақылтай, Шалбай, Рухия, Нұрлыбай, Ғаббас, Бәдіхан және бәрінің атасы Ақтамберді жырау»[7,133], – деген тізім жоғарыдағы пікірге қайшылығын көрсетеді. Екі шежірешінің айтуында тек Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек, Нұрлыбай, Бытыхан (Бәдіхан) ақындар ғана сәйкеседі. Ал қалған ақындардың барлығы Сыбанға жатқанымен, он жеті ақынның қатарына жатқызу үшін сол кезден жеткен деректерге сүйенуге тура келеді. Сыбанның оқыған азаматтарының бірі, ақын Әріп Тәңірбергенов атақты Әсет Найманбайұлымен айтысында Әсеттің:

Байғара он жеті ақын сенен шықты,
Тау мен тасты мақтауға Әріп мықты [2,126], –
деген жолдардан он жеті ақынның Байғарадан бері қарай басталғанын аңғарамыз. Жоғарыдағы тізімде Әріп ақынның аты кездеспейді. Ол жайында Әсет те қарсыласына ештеңе айтпаған. Айтыстың негізіне сүйенсек он жеті ақын Байғараның ұлы Ақтайлақтан басталып Әріпке дейін өмір сүрген ақындар болып шығады. Сөзімізге тағы бір дәлелі дауға түскен Ақтайлақ бидің өз сөзінен де көреміз:

Ел ағадан азады, тон жағадан,
Аңғал бөрі жортады тау сағадан.
Ақтайлақ би бастатқан он жеті ақын
Не деп үміт қыласың, мұндар-ау, Байғарадан [8,133], –
деген уәжі он жеті ақынның Ақтайлақтан басталатынан хабар береді. Дәл осыған ұқсас шумақты «Жанақ пен Сабырбайдың айтысында» Сабырбайдың ауызымен сәл өзгертіліп айтылады:

Ел ағадан болғанда, тон жағадан,
Тойған бөрі жортады тау сағадан.
Ақсақалы Ақтайлақ он жеті ақын:
Қалайша үміт қыласың Байғарадан? [4,29]

Деректердің барлығы ауызша жеткендіктен бұл шумақты нақты қайсысы айтқандығын дәл айту қиын. Айтыс үстінде Сабырбай Ақтайлақұлы әкесінің айтқан бұрыннан белгілі сөзін жаңғыртып, өз атынан пайдалануы мүмкін.

Семей өңірінде жастайынан сөз сайыстарына түсіп, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында кәрі құлақ ақындардың біразымен дәмдес болған ақын Қалихан Алтынбаев он жеті ақынды: «Ақтайлақ Байғараұлы, Сабырбай Ақтайлақұлы, Түбек Байқошқарұлы, Нұрлыбай Сәметұлы, Орынбай Сәметұлы, Ташқан Сәметұлы, Уәйіс Сәметұлы, Әділбай Сәметұлы, Тілеуімбет Түсіпұлы, Әйтімбет Түсіпұлы, Шәке Әлсейітұлы, Рай Байсалұлы, Кәдірбек Артықұлы, Өмірбек Өтепұлы, Дайырбек Байсалұлы, Байтұяқ Өтепұлы, Көкен Байсалұлы», – деп, Түбек ақын мен Әлсейітұлы Шәкенің Байғараға жатпайтынын, оның арғы атасы нар дауысты Нарынбайдан тарайтынын, ел аузында он жеті ақынның құрамында аталатынын ескертіп өтеді [9]. Түбектің Ақтайлақтың өкіл баласы екені туралы мәліметті жоғарыда келтірген болатынбыз. Бұлардың ішіндегі мұрасы бізге етене танысы Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек ақындар ғана. Бұл тізімде Байғарадан тарайтын біз білетін Сабырбайдың қызы Қуандық пен Әріп ақындар жоқ. Әріп Тәңірбергеновтің мұрасын зертеуші ғалым Б.Ердембеков он жеті ақынның дұрыс топтамасы осы Қ.Алтынбаевтың түзген тізімі екенін атап көрсетеді [10,53].

Қ.Мұхамедханұлы Әріптің «Тәуке мен Ұрқия айтысы» шығармасындағы Ұрқия ақын айтатын:

Мінеки, батыр Тәуке келдім жақын,
Ешкімге кеткен емес сөзден ақым.
Сабырбай, Түбек пенен Әріп, Саржан,
Шығыпты Жанкөбектен он жеті ақын, –
деген жолдарына түсінік беру кезінде: «Байғарадан (Жанкөбек) шыққан он жеті ақынның ішінен: Сабырбай, Түбек, Әріп, Саржанды атайды. Сабырбай ақын – Ақтайлақтың кенже баласы. Түбек Байғарадан шыққан атақты ақынның бірі. Байғараның бір баласы Байсал. Байсалдан – Әлі – Тәңірберген – Әріп»[2,161], – деп Әріпті және бізге белгісіз Саржан деген ақынды он жеті ақыннның тізіміне кіргізіп қояды.

«Қазақ әдебиеті» энциклопедиясында: «Өзі шыққан Найман ішіндегі Сыбан руының Түбек бастаған 16 ақыны атақты Жанақ ақынмен айтысып, жеңілгенде он жетінші бала ақын Сабырбай ғана белгілі жыр дүлдүлін ұрымтал жерден тапқырлық танытып жеңеді. Бұл айтыс белгілі шығыс зерттеушісі, түркітанушы В.В.Радлов жинап құрастырған «Образцы народной литературы тюркских племен» атты кітаптың (1870) қазақ әдебиетіне арналған 3 томына енгізілді, одан Ы.Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» (1906) және С.Сейфуллин дайындаған қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында (1931) жарияланды»[11,447], – деген дерек бар. Бұл дерекке сүйенетін болсақ Сыбанның он жеті ақыны деген атау осы Жанақпен айтысқаннан кейін пайда болуы мүмкін деген ой ұшқыны қылаң береді. Тұқымына ақындық пен шешендік дарыған Сыбан елінің он жеті ақынын бөліп алып атауының ұстанымы да осы айтыстан кейін шығуы әбден мүмкін. Олай болса би ретінде дау-шарларға түскен Ақтайлақ шешен де он жеті ақынның тізімінен шығып қалады. Себебі тарихта Түбекпен болмаса, Ақтайлақ пен Жанақ айтысты деген дерек жоқ. Оның үстіне Жанақпен айтысқа он жеті ақын туралы деректің барлығы Түбек бастатқан ақындар деп беріледі. Егер айтысқа Ақтайлақтың қатысы болса Түбектің әкесінің орнында болған, күллі Алашқа атағы белгілі беделді адамның есімі бірінші аталмас па еді деген күмәнді сұрақ туады. Академик-жазушы М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Сабырбайдың прототипін Қадырбай, Жанақтың прототипін Садақ, Түбектің прототипін Шүмек ақындар деп алып, Абай үлгі алған ақындар ретінде суреттейді. Романда «Садақ пен баланың айтысы» деген Арқаға белгілі айтыс жөнінде сұраған Абайға Қадырбай ақын: «Біздің Садекеңмен айтысар шамамыз кәне? Әншейін бір жалғыз ауыз сөздің тұсында болымсыз тосқауыл айиқаным ғой. «Айтысты, жеңді» дейтін сөз емес. Тек қана Сыбанның Шүмек бастатқан он алты ақынын жеңіп отырған соң, мұндағы елдің намыс етіп, көтеріп әпкеткені…»[12,265], – деп жауап береді. Көркем шығарма дегенмен М.Әуезов өзі жазғандай, оқиғасы тарихи шындыққа негізделіп жазылған роман-эпопеяда да Сыбанның Түбек бастатқан он алты ақыны екені жазылады. Он жетіншісі – Сабырбай. Тағы бір мысал, М.Көпеевтің жазбасындағы «Түбек пен Жамшыбайдың айтысында» Түбек ақын:

Өлеңнің текшелеулі қаласымын,
Ақынның өзім теңді данасымын.
Байғарадан он алты ақын шыққан,
Ақтайлақ: Қарабайдың баласымын [13,282], –
дейді. Бұл жерде Түбек Байғарадан менен басқа он алты ақын шыққан дегенді мегзеп тұр. Бұл жерде де Ақтайлақ он алтыдан оқшау тұрғаны байқалады. Ақынның тұспалына қарағанда Ақтайлақ он алты ақынның әкесі немес сол әулеттің бас ақсақалы сияқты. Егер солай болған жағдайда Ақтайлақ биді он жетінің құрамына кіргізіп қойғанымыз шындыққа жанаса ма? Бұл сұрақтың жауабын іздеуде шежіре жинаушылардың айтқанымен емес, тарихи мәліметтердегі нақты деректерге сүйенгеніміз абзал. Енді осы деректерді негізге алатын болсақ Абайдай ғұламаның сүйікті шәкірті болған атақты Әріп Тәңірбергенов те он жеті ақынның тізіміміне ілікпейді. Өйткені поляк саяхатшысы А.Янушкеевичтің 1846 жылы қазақ даласына жасаған сапары жайлы күнделігінде: «Жолы бойы тілмаш маған жақын арада қайтыс болған, бұл өлкедегі атақты жыршы әрі ақын Жанақ туралы айтты»[14,198], – деп жазады. Ал нақты деректерде 1956 жылы туды делінген Әріп ақын Жанақ қайтыс болғанда әлі дүниеге келмеген болып шығады. 1843 жылы дүниеге келді делінетін Сабырбайдың атақты ақын қызы Қуандық та бұл топқа кірмейді. Ендеше қайшылыққа толы он жеті ақын мәселесі күрмеуі оңай шешіле қоймайтын күрделі зерттеу жүргізуді талап етеді.

Біздің алдымызға қойып отырған мақсатымыз Дулат Бабатайұлының он жеті ақынға қатысы болғандықтан енді сол мәселені таратып айтуды жөн көріп отырмыз. Жазушы Қ.Жұмаділов, шежіре жинаушы Ә.Сәдуақасұлы Дулатты он жеті ақынның тізіміне кіргізгенімен Қ.Алтынбаевтың топтауында атақты ақынның аты аталмайды. Аталған деректердің ішіндегі Ақтайлақ Байғараұлынан басқасы сәл қисынға келетіні Қ.Алтынбаевтікі десек, Дулат Бабатайұлы аталған он жеті ақынның құрамына кірмейді. Бұлай кесіп айтуымыздың бірнеше дәлелді себебі бар.

Біріншіден, Дулат Бабатайұлының шығармашылығын зерттеген Қ.Өмірәлиев ХІХ ғасырға тән поэзияны екі топқа бөлді [15,71]. Оның біріншісі, Дулат, Махамбет, Әбубәкір Кердері сияқты заман күйін толғаған әлеуметтік маңызы зор толғаулар тудырған ақындар болса, екіншісі, Жанақ, Түбек, Сабырбай, Шөже, Балта, Орынбай, Майкөт т.б. сияқты суырыпсалма айтыс ақындары болды. Екі жаққа да қатысы бар аралық топта Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы секілді үшінші топты құраған ақындар да болды. Егер он жеті ақын Жанақпен айтысқан айтыс ақындары десек, суырыпсалма айтыс өнеріне қатысқандығы жөнінде ешбір дерегі жоқ Дулатты бұл топқа жатқыза алмасымыз анық.

Екіншіден, он жеті ақынның Сыбан – Жанкөбектің Байғара атасынан тарайтыны туралы мәліметтерді жоғарыда келтірдік. Барлық деректерде Дулат Сыбанның Жарасқұл деген атасынан тарайды деп жазылған. Шежіреге сүйенер болсақ, Жарасқұл Сыбаннан тарайтын Жанкөбекпен қанаттас өзінше бір ата. Ақынның «Бараққа» деген толғауының кіріспесінде де Барақ төре Дулатты кекетіп «Жарасқұлшам, сөйле» дейтіні бар. Мәселен, ел ауызынан жеткен «Ақтайлақ пен Дулаттың қағысуында»: «Ақтайлақ шешен:

Мұзға байлаған тоқтыдай,
Саудырлаған Жарасқұл.
Жапырақ жеген ешкідей,
Жаудырлаған Жарасқұл, –
дегенде, Дулат жұлып алғандай:
Аяққа илеген терідей,
Жылбыраңқы Жанкөбек,
Мосыға артқан бақырдай
Төңкерілмелі Жанкөбек,
Ұстараның жүзіндей
Аударылмалы Жанкөбек, –
деп Ақтайлақтың адымын аштырмапты» [16,277], – деген әңгіменің ыңғайынан жалпы Сыбаннан тарағанымен Дулат кіші ата жағынан келгенде Жанкөбек руының ақындарымен өнерде бақталас болғаны аңғарылады. Бұл тұрғыдан келгенде Дулат Бабатайұлын он жеті ақынның құрамына кіргізуге ешқандай ғылыми негіз жоқ.

Қорыта айтқанда, біздің топшылауымызша Сыбанның он жеті ақыны деген атау Түбек бастатқан ақындардың Жанақ ақынмен болған айтысынан кейін пайда болған. Бұл айтыс ХІХ ғасырдың 30-40 жылдар арасында өткен. Олай болатын болса жоғарыдағы аталған он жеті ақынның құрамы нақты емес дегіміз келеді Бір атадан тараған ғажайып генофонд он жеті ақынның құрамын анықтау талмай ізденісті талап етеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Жұмаділов Қ. Үлкен олжа. //Қазақ әдебиеті, 2001, 15 маусым.
2. Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. – Алматы: 3-кітап, 1995.
3. Алтынбаев Қ. Дала молшылығы// Үш анық. 1992. №21
4. Айтыс. Екінші том. – Алматы: Жазушы, 1988
5. Алтынбаев Қ. Жұмахан Е. Ақсуат. – Алматы: Ер-Дәулет, 1998.
6. Ысқақов Б. Жыраулық дәстүр және қазіргі жыраулар.// Қазақтың қазіргі халық поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1973.
7. Сәдуақасұлы Ә. Тарихыңды танып біл. – Алматы: Шартарап, 1996.
8. Ақтайлақ би. Құраст. Қорабаев С.–Алматы:Журналист фотостудиясы.1991.
9. Алтынбаев Қ. Аңызға айналған он жеті.// Абай. 1998. №4
10. Ердембеков Б. Әріп ақын. – Алматы: Ғылым, 2001.
11. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна, 2005.
12. Әуезов М. Абай жолы. 1-кітап. – Алматы: Жеті жарғы, 1997.
13. Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары. 6 том. – Павлодар: 2005
14. Янушкеевич А. Күнделіктер мен хаттар. – Алматы: 1979.
15.Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. – Алматы: Ғылым, 1983
16. Бабатайұлы Д. Шығармалары мен тағылымы. – Алматы: Раритет, 2003.