2014-05-15

Дулат Бабатайұлы және М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Барлас образы

Дулат Бабатайұлы және М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Барлас образы
Қазақ әдебиеті тарихындағы шығармашылық тағдыры күрделі ақындардың бірі – Дулат Бабатайұлы. Абайтанушы М.Мырзахметов «Екі күймен бір жанға әділет пе?» деген мақаласында заманында саясаттың салқынының кесірінен Абай шығармаларына әртүрлі көзқарастың болғанын айта келіп: «Дәл осылай болмаса да осыған тағдыры ұқсас, бірақ әдеби мұрасы бір күймей екі рет күйген тағдыр тәлкегін Дулат жыраудан көреміз. Ол Абайға дейінгі ауызша айтылып, импровизаторлық дәстүр негізінде дамып, жалғастық тауып келген қазақ поэзиясы мен жаңаша бағыт-бағдармен даму жолына түскен жазбаша әдебиетті ұштастырып, рухани көпірге айналды, әдеби мұрасымен өз заманының саналы ойдың иесіне айналды» деп баға береді. М.Мырзахметов Дулат шығармаларының бірінші күйгені ретінде татар молдасы Мәулекидің 1880 жылы Қазан қаласынан басып шығарған «Өсиетнама» кітабындағы кеткен кемшіліктерді айтса, екінші күюі ретінде Кеңес үкіметі кезіндегі идеология әсерінен ақын туындыларының «ақтаңдаққа» айналғанын атап өтеді.

Дулат тұлғасының «ақтаңдаққа» айналуының тағы бір мысалы ретінде М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан атының алынып тасталуын айтуға болады. 1942 жылы жарық көрген «Абай» романында Дулат, Шортанбай, Шәкәрім сияқты Абайдың айналасындағы ақындардың аттары өзгертілмей жазылады. Әсіресе, жас күнінде Қодар мен Қамқаның өлімінен кейін жан дертіне шалдыққан Абайдың шығармашылық қабілетінің қалыптасуына әсер еткен ақын ретінде Дулат тұлғасы ерекше сомдалады. Жазушының бұлай жазуына негіз де жоқ емес болатын. Академик Р.Сыздықова «Дулатты танып болдық па?» атты мақаласында: «Әрине, тарихи роман болғанмен, дәл 1958 жылы балаң Абай мен 56 жастағы «қарт» Дулат бұлайша жүздесті ме, жоқ па – бұл эпизод шындыққа сай түспеуі де мүмкін, бірақ жазушыға Абайдың рухани дүниесінің қалыптасуына, ақындық дарын бұлағының ашылуына әсер ететін факторларды, образдардың іздеу керек болды. Өйткені өазіргі тарих таныған Абай көктен түскен жоқ: туды, белгілі ортада өсті, айналасынан әсер алды. Жас Абайдың жан дүниесіне әсер етіп, жақын келер жандар болса, солардың бірі емес, бірегейі Дулаттай ой иесі, сөз иесі болмаққа керек» деген тұжырым айтады. Құнанбай ауылымен малы аралас, қойы қоралас болған іргедегі Аягөз өңірінің тумасы Дулат жырау шығармашылығы Абайға таныс болғанына біз де күмән келтіре алмаймыз. Ал ұлы жырау есімінің романнан алынып тасталуына себеп, кеңестік қасаң саясаттың кесірінен Дулат, Шортанбай, Шәкәрімдер діншіл, ұлтшыл, ескішіл көзқарастағы ақындар ретінде партияның сынына ұшырап, шығармаларын оқуға тиым салынғандығының салдары деп білеміз.

Дулат образының «Абай жолы» романынан қалай аластатылғаны жөнінде Мұхтар Әуезовтің өзі «Менің қателерім» деген мақаласында анық жазады: «Қазір екі түрлі орынды себеп, дәлел бойынша Дулат атын романнан мүлде өшіремін де, оның орнына жаннан шығарылған, жиын бейне ретінде суреттелетін – Барлас деген ақын атын қолданамын. Бұның бірінші себебі, 1951 жылы қазақ тарихы мен қазақ әдебиет тарихын зерттеудегі жіберілген идеялық саясаттық өрескел қателіктер жөнінде партиялық әділ сын, қаулы-қарарлар туды. Осы ретте менің өзімнен де зор қателіктер болғанын партия сыны әділ, айқын ашты. Соның бірі осы Дулат, Шортанбай сияқты феодалдық-хандық салт-сананың жоқшыларын зиянды түрде дәріптей зерттеу болатын» – деп жазады. Бұл уақыт Алаш қайраткерлері жазықсыз атылған, Е.Бекмаханов 25 жылға сотталап, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев бастаған аға буын ғалымдардың қудалауға түсіп жатқан кезі болатын. Сонымен қатар Алаш қозғалысының бұрынғы мүшесі ретінде М.Әуезовтің де басына қара бұлт үйіріле бастаған кезең еді. Сондықтан ұлы жазушыға өзінің бүкіл бастапқы идеяларынан бас тартуға тура келеді. «Әдебиетшілік зерттеу жөнінде бұрын мен ойлаған қателік пікірлер «Абай» романының осы тұсында жаңағыдай кертартпа сананың халыққа жат бірнеше ақындарының атын орынсыз атауды туғызған. Дулат солардың бірі болғандықтан өшіремін, бұрынғы қатемді түзеу ретінде өшіремін» – деуінің астарында өзінің идеясына деген өкініш емес, шарасыздықтың табын көреміз. Өйткені Қазақ ССР Орталық Партия комитетінің 1947 жылы «Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел қателіктер жөнінде» деген қаулысынан кейін барлық әдеби шығармалар мен зерттеулер қайтадан цензураның сүзгісінен өткізіле бастаған еді. 1959 жылы Ғылым академиясында өткен «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты конференцияда қорытынды сөз сөйлеген М.Әуезовтің Дулат шығармашылығынан баяндама жасаған жас ғалым Х.Сүйіншәлиевті ескішіл ақынды зерттеді деп сынға алуында да осы қудалаудың әсері болғаны сөзсіз.

Ұлы жазушының: «Романдағы бейнеленген Дулат образы осы кітаптағы бар сөз, мінезі, әрекеті бойынша өмірлік, тарихтық нақты материалдан алынған образ емес. Автордың өзі жасаған, еркін суреттелген, жазушылық қиялдан туған образ болатын. Абайға жас күнінде жақсы әсер еткен халық ақынын көрсетем деп, көп жақсы сыпаттарын жаннан шығара жазған болатынмын. Бұған ертерек кезде Дулаттікі деп сеніп жүрген едім. Енді бұл жөніндегі шындықтар ашылғанда, Дулатта зиянды санадан басқа қасиет қалмайды» деген пікірінің амалсыздан айтылған сөз екендігі «Абайтану» курсы бойынша ҚазМУ-де оқыған дәрісінде айтқан: «Абай өмірі мен «Абай романының айырмашылығы жоқ. Романдағы адам, жер, су, уақиға бәрі дәлме-дәл. Мен тек ой лабораториясынан өткізіп, көркем тілмен баяндадым. Сөйтіп, роман шын тарихшыға қосымша. Шын тарих – тарихи романға қосымша беріп отырады» – деген сөзінен-ақ аңғарылып тұрған жоқ па? Әйтпесе Абай елінің, Абай айналасының тарихын бес саусағындай білетін М.Әуезовті дәл осы тұста ғана тарихи деректен қателесіп қалды деу көзқарақты оқырманға күмән туғызары анық.

Енді осы «Менің қателерім» атты мақаласын ары қарай талдау жасайтын болсақ: «Сондықтан ендігәрі тарихтағы теріс, жағымсыз адам Дулат атынан өзім тудырған тың образды тазартып, арылтып алу үшін бұрын ойдан шығарылған образға енді ойдан шығарылған адам атын бердім. Және бұрын фольклор қолжазбасынан алынған Дулаттікі деп фальсификация жасалып жүрген жалалы өлеңдерді де алып тастадым. Өзім жасаған шартты образ Барласқа енді өзім жазған ауызша өлеңдер қостым. Кейінгі беттегі Шортанбай сияқты кейбір аттарды да осындағы айтылған себеппен әдейі өшірдім, өзгерттім» – дейді. Сөйте тұра өзгертілген әдеби образ Барластың аузына Дулат жырларында кездесетін кесек сөздерді салып қояды. Мәселен, ақынның «Әуелгі қазақ деген жұрт» деген толғауында кездесетін «Шешенің судай төгіліп, тыңдаушың бордай егіліп» деп келетін Дулатқа тән тіркесті М.Әуезов «Абай жолы» романында Барластың аузымен айтылады. Романға назар аударсақ: «Шоқшалау ғана ақ сақалы бар келбетті келген, зор дауысты ақсары кісі Барлас Абайға салған жерден ұнады. Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отырған өзге үлкендердей емес.

Барлас іле сөйлеп кететін жарқылдақ, ашық. Осы үйде талай күннен жатып жүрген ауыл адамы сияқты.

– Е, балам, «шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген»
дегендей, сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел – ел-дағы. Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға байкөше жалықпас! – деп, жас жолдасына қарап күліп қойды» – деп жазады.

Ал Барластың аузымен айтылатын жазушының жанынан шығарған өлеңдері де Дулат туындыларынан алыс кетті дей қою қиын. Мысалы,

Құлағың сал жырыма,
Ойлана қара сырыма.
Шат-шадыман емеспін,
Құр құландай жортқанмен,
Құбылтып күй тартқанмен,
Қайғыдан Барлас құрыма?! –
деген шумақ пен

Руымды менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жыр мен жуынам.
Сорғалаған нөсердей,
Жырын тыңда Дулаттың, –
деген шумақтың арасында сөздердің орны мен ұйқастың ауысқаны болмаса өлеңнің идеясы мен мағынасы және Дулаттың ақындық стилі сол қалпында сақталғаны көрініп тұр. Ал, Барластың:

Аға сұлтан, ұлық бар,
Елге мәлім қылықтар,
«Өл» дегенге өлмесең,
«Жүр» дегенге жүрмесең,
Малы құрым құрықтар,
Кісен салып құлыптар! –
деген шумағындағы айтпақ болған ойын Дулаттың:

Ұлық қысса ұлықты,
Ұласып мидай былықты.
Атқамінер ауылда
Итше ілініп ылықты.
Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздан дағы қылықты.
Ұлық кетке қазаққа,
Қорқау қасқыр құлықты, –
деген шумағынан дәл басып табасың. Бұл жерде ақын шығармашылығының өне бойында бірнеше рет қайталанатын «Орыстың көрсе ұлығын» деген тіркестің де оның шығармашылығына зиянын тигізгені анық. Өйткені Кеңес Үкіметі уақытында аға ұлт саналған елдің шамына тиеді деп «шаш ал десе бас алатын» қазақ белсенділері ақын шығармаларын кертартпа туынды ретінде сынға алған. Осы арқылы Дулат шығармалары ескішілдігі мен діншілдігі үшін ғана емес, өктем саясаттың ыңғайына келмегендігінен де бұғауланған деген ойды ашық айтуға тиіспіз.

Жазушының ойдан шығардым дейтін толғауларының тағы бір шумағы:
Старшын дейтін әкім бар,
Пайдасын көрер жақындар,
Қалың елі тек жемі
Боранды күні тиіскен
Аш қасқырдай тақымдар, –
деп келеді. Оны Дулаттың Барақ сұлтанға қарата айтылған:

О, Барақ жас, Барақ жас,
Жегенге тоқ, ішсең мас.
Жақсы болса ұлығы,
Өз елін жаудай таламас
Қасқыр тартып қан шықса,
Жаман ит жұлып жей берер,
Алды-артына қарамас.
Жақсы иттің белгісі –
Жұлмақ түгіл жаламас.
Азған елдің бектері
Қан шықса елін жұлмалар,
Қасқырменен аралас, –
деген толғауының өзгертілген және көркем шығармағы лайықталып қысқартылған үлгісі деп қабылдаймыз.

Абайдың әдеби ортасын зерттеген ғалым Б.Ердембеков: «Әуезовтің 1927 жылы жазылған, бірақ зиянды болып табылған соң кешеуілдетіп оқырман қолына тиген «Әдебиет тарихы» оқулығында зар заман ақындарына арнайы бөлім арнап онда Шортанбай, Асан қайғы, Бұхар жырау, Махамбет, Мұрат, Ы.Алтынсарин, Нарманбет ақындар арнайы сөз болады. Бірақ сол заманның ірі, бірегей тұлғасы Д.Бабатайұлын Әуезов атамайды. Білмегендіктен емес, заманның ағымы ырық бермеді. Жылдар өте жылымық шақты пайдаланып жазушы 1942 жылы жарық көрген «Абай» романының басына жас Абайдың жанын өлеңмен емдеп, бата беріп, домбырасын ұсынатын Дулат ақынның бейнесін сомдайды. Алайда қырағы «сын» Дулат атын романнан аластаған еді. Абайға ықпал еткен әдеби өкілдердің басы болып Дулат ақын құрбандыққа шалынды», – деп жазады. Дулат шығармашылығын зерттеген Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Х.Сүйінішәлиев, Қ.Өмірәлиев, З.Ахметов, М.Мырзахметов, Р.Сыздықова, Т.Шапай, Б.Омаров сияқты бірқатар зерттеушілер Дулатты Абайға әсер етуші ақын ретінде дәлелдейді. Ендеше М.Әуезовтің заман салқынының кесірінен бас тартып, өзгерткен образы Абайдың алдында көркемдік қуаты жағынан биік жырлар тудырған Дулат ақын екені айдан анық. Бұл тақырып келешекте тағы да арнайы індете зерттеуді қажет етеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. М.Әуезов. Абай жолы. 1-кітап, Алматы: Жеті жарғы, 1997 жыл
2. Ә.Қанапияұлы. Абайтану курстары. М.Әуезовтің ҚазМу-де оқыған лекцияларынан. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №7-9, 1993 жыл
3. Д.Бабатайұлы. Шығармалары мен тағылымы. Алматы: Раритет, 2002 ж.
4. Б.Ердембеков. Абайдың әдеби ортасы. Семей: Интелект, 2010 жыл.
5. Қ.Өмірәлиев. Абай афоризмі. Алматы, 1993 жыл