2014-05-11

Қазіргі айтыстағы ұлттық дәстүр мәселесі

Қазіргі айтыстағы ұлттық дәстүр мәселесі
Қазақ халқының ұлттық өнерінің аса бір құнды мәйегі – айтыс өнері болып табылады. Айтыстың қазақ әдебиетінің тарихында алатын орнын әдебиет зерттеушілері А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібай, М.Жолдасбеков, М.Жармұхамедұлы т.б. ғалымдар індете зерттеп, атамұра өнеріміздің тарихы мен табиғатын бүгінгі ұрпаққа айқындап берді. Айтыс – бізге дейінгі замандарда халық ауыз әдебиетінің аса бай арналы саласы болса, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің өнегелі өмірін жырлауда да өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. ХІХ ғасырдағы Сүйінбай, Біржан, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Түбек, Құлмамбет, Сара, Бақтыбайлар жырлаған елдік мүдде, ерлік тақырыбы, халықтың әлеуметтік жағдайы сияқты іргелі мәселелер бүгінгі ақындардың аузымен де айтыла бастады. Айтыс өнерін зерттеуші М.Жолдасбеков: «сонау Қазтуған, Шалкиіз заманынан бері ақиқатты айнымай айта алатын ақындық дәстүр желісін үзбей жалғасып келіп, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Орынбайларға үрдісін таптырса, бұл сол ғасырлар бойы өр рухын түсірмеген дәстүр сабақтастығының жемісі. Кешегі Кеңес тұсының дәмін татып, қызыл саясаттың өтінде тұрған айтыскерлерге өкпе жүрмейді. Өйткені олар атадан балаға мұра болған ақиқатты айту дәстүрінен жаңылған жоқ. Кенен мен Нартайдың, Болман мен Шашубайдың, Орынбай мен Маясардың, Доскей мен Қуаттың ең таңдаулы жырлары аталы сөздің алдындағы адалдықтың көрінісі болғанын сөз танитын кісі ұғынады», – дегенімен Кеңес Үкіметі кезінде өмір сүрген аталмыш ақындардан кейінгі буынның біраз уақыт айтысты әлсіретіп алғаны ащы да болса шындық. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары алдын ала жазып алып, жазғанын сахнада оқып айтуға дейін құлдыраған ұлттық өнер егемендікпен бірге қанаттанып, қайта тұғырына қонды. Айтыстың солғындаған жылдарында аянбай тер төккен халық ақындары Көкен Шәкеев, Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаевтардың соңын ала шыққан Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілев, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков, Баянғали Әлімжанов, Қатимолла Бердіғалиев сынды суырып салма саңлақтар дала театрының бүгінгі заман сахнасында салтанат құруына қызмет етті. Одан кейінгі лектегі Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, Мұхаметжан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов, Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаевалар дәстүрді заңды жалғасыра білсе, бүгінгі Мұхтар Ниязов, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов сияқты жауқазындай жас жыр жампоздары айтыстың байрағын жықпай көтеріп келе жатыр. Бұлар бүгінгі заманның сүйіктісі, еркесі. Академик-жазушы С.Мұқанов: «Халықтың ақынды жақсы көруіне себеп – ақынның тіл шешендігі ғана емес, ақынның халыққа сүйкімді, сүйікті болуына себеп – олардың айтыста, я басқа шығармаларында халық тұрмысының шындығын суреттеуі, халықтың қуанышына да, қайғысына да шын көңілмен ортақтасуы», – деп жазған болатын. Қазіргі айтыс ақындары осы үдеден шығып келе жатыр деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Жалпыхалықтың мақтанышына айналған ел Тәуелсіздігін жырлауда, еліміздің ордасы Астана қаласын жырға қосуда айтыстың сіңірген еңбегі қаншалықты болса, Желтоқсан оқиғасындағы, Қызылағаш пен Жаңаөзендегі елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдайларды жырлаудағы орны да соншалықты салмақты болғанына көзқарақты көрермен куә.

Сонымен қатар соңғы жиырма жылда айтыс өзінің көркемдік биігіне қайта көтерілді. Тіл кестелілігі, сөз айшықтылығы жағынан да қазіргі айтыс ақындарының бұрынғылардан үйренгені көп. Мәселен, Мэлс Қосымбаевтың Дәулеткерей Кәпұлымен айтысындағы:

Мұнар да, мұнар, мұнар күн,
Бұлттан да шыққан шұбар күн.
Қай жерде айтыс бар десе,
Сайысуға құмармын, –
деп басталатын жолдарынан Махамбеттің, Абыл мен Ақтанның әсерін байқасақ, Мұхаметжан Тазабековтың Аманғазы Кәріпжановпен айтысындағы:

Екпінді танытсам мен буырылдай,
Қалмайды жер танабы қуырылмай.
Өлшеусіз уақыт жылдам өте шығар,
Қаршыға қанатының зуылындай, –
деп келетін жолдарынан ХХ ғасырдың басында айтысты делінетін «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуындағы» Кемпірбайдың:

Боз шапса боз озба ма буырылдан,
Мен шапсам жер танабы қуырылған, –
деген тіркесінің әсерін анық байқаймыз. Немесе Аманжол Әлтаев пен Сара Тоқтамысованың айтысындағы Аманжолдың:

Еркесі елеңдеген даламыздың,
Аққудай айдыныңда дара жүздің.
Бұл үйде Сара болса «кірсем» деймін,
«Шықсын!» деп сөзін айтпай бабамыздың, –
деген жолдары Біржан-Сара айтысындағы Біржанның:

Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері, –
деген шумағының бүгінгі күнгі көзқарастағы көрінісі екені айтпаса да түсінікті. Қаламгер-журналист Несіп Жүнісбайұлы бұл айтысты «Біржан-Сара айтысының» жаңа замандағы үлгісі деп бағалады. Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Әдебиет классигі М.Әуезов: «Қазақтағы айтыс әдебиет бөлімі болудан бұрын ел тартысының бұрынғыдан келе жатқан театры сияқты көпке бірдей қызық беретін жиын-сауығы болған» – деген пікірі айтыстың тек әдеби жәдігер ғана емес, ұлттық театрдың бастауы болғандығын да білдірсе керек. Бойына ақындық, әншілік, актерлық, домбырашылық, тілге шешендік, табан астындағы тапқырлық сияқты бірнеше өнерді топтастырған синкретті төл өнеріміздің осындай лайықты бағасы әлі күнге дейін дұрыс берілмей келеді. Академик Р.Нұрғали орта ғасырда Римде сценарийі алдын ала жазылмай сахна үстінде актерлердің тапқырлығымен туындайтын «Дель Арте» атты театр болғаны туралы дерек келтіреді. Халықтың рухани қажеттілігін өтейтін, сценарийсіз дала театры болған айтыс өнері біздің мәдениетіміздің ешкімнен кем емес екендігінің дәлелі болса керек.

Айтыс өнері – сан жанрдың басын тоғыстырған синкреттілігімен қатар, таза көркемөнер ретінде де аса бағалы құбылыс. Айтыс ақыны болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Олар табиғи таланттың үстіне қиыннан қиыстыратын алғыр, жұрт көрмейтінді байқайтын көре¬ген, табан астында тауып айтатын тапқыр, соның барлығының қиюын келтіріп айтатын айтқыш болуы керек. Ол өмірдегі елеулі өзгерістерді дер шағында байқап, қоғамдық мәселелерге қолма-қол үн қосып отыруы тиіс. Бұл айтқандардың үсті¬не ақынға шындықты шымбайға батырып айта алатын батылдық та аса қажет. Ілгергі қазақ қоғамында осындай ауыр жүкті қайыс¬пай көтерген талант иесі ғана халық ақы¬ны атанған. Олар өз дәуірінде шын мәніндегі халықтың көсемі бола білді. Ендеше бүгінгі айтып жүрген жариялылықтың да, демо-кратияның да, өжеттіктің де, тереңдік¬тің де төркіні айтыс өнерінде жатыр.

Қазақ жеріндегі халық шығармашылығының белгілі территориялық-аймақтық дәстүрлері болды. Оны өнер зерттеушілері Батыс өңірі (Маңқыстау, Орал, Атырау), Сыр бойы, Қаратау аймағы, Жетісу өңірі, Арқа мектебі деп бөледі. Бұл өңірлердің әншілік, күйшілік, жыршылық өнерлерімен қатар суырыпсалмалық өнерінде де әрқайсына тән өзіндік ерекшеліктері, бір-біріне ұқсамайтын үрдістері болды. Олар өзінше бір-бір мектеп қалыптастырды. Батыс өңірінде Абыл, Нұрым, Қашаған, Ақтан т.б. дәстүрі, Сыр бойында Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Нұртуған, Нартай т.б. дәстүрі, Қаратау аймағында Майлықожа, Құлыншақ, Мәделіқожа т.б. дәстүрі, Жетісуда Қабылиса, Сүйінбай, Құлмамбет, Бақтыбай, Майкөт т.б. дәстүрі, Арқада Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди т.б. дәстүрі болып кете береді. Арқа дәстүрінде аталғандарды ақындық пен серілікті қатар ұстаған әнші-ақындар дейтін болсақ, Орынбай, Жанақ, Кемпірбай, Шөже, Құлтума т.б. сияқты сөз өнерінің майталмандары бастаған айтыс ақындарының орны бір төбе. Оған Арқа дәстүріне жақындау Алтай-Тарбағатай дәстүрі деп тағы да қосуға болады. Бұл дәстүрге Түбек, Сабырбай, Кәрібай, Әріптер бастаған мектепті жатқызамыз. Сонымен қатар шекара сыртындағы қандастарымыздың Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы сияқты беделді ақындары салған өзінше бөлек бір дәстүрі бар.

Пікірімізді қуаттай түсі үшін ауыз әдебиетін зерттеуші Қ.Сыдиықовтың тұжырымына назар аударып көрсек, «Қазақ жерінің әр аймағында да көрнекті ақын, жыраулар бастаған дәстүрлі әдеби орта болған. Жетісу аймағындағы Сүйінбай бастаған импровизатор ақындар тобы, Семей алқабындағы Абай өнегесімен өрбіген жазбаша әдебиет дәстүрі, Арқадағы Біржан, Ақан, Балуан Шолақ т.б. арқылы танылатын әншілік салт, Сыр бойындағы прогресшіл шығыс үлгісіндегі ақындар ортасы, Қазақстанның батыс өлкесіндегі Асан, Сыпыралардан тараған ақындық жыраулық, жыршылық дәстүр – бұлардың бәрі телегей теңіздей халықтың әдебиетіне құятын арналы әдеби бастаулар» – дейді. Әрине, бұл мектептер бір-бірін толықтырып, бірінен-бірі үйреніп отырды. Сол арқылы ұлттық тұтастықты берік сақтады. Бұл ұлт болып қалыптасқан елдердегі өздігінен жүріп отыратын табиғи құбылыс.

Қазақ елі Тәуелсізді алғаннан кейін айтыс өнерінің дамуы күрт жылдамдады. Әр аймақтағы ақындық мектептердің тамырына қан жүгірді. Арқа мектебінің дәстүрін жалғастырушы Аманжол Әлтаевтың, Айбек Қалиевтің, Арман Бердалиннің, Жетісу мектебінің дәстүрін жалғастырған Айтақын Бұлғақовтың, Оразалы Досбосыновтың, Балғынбек Имашевтың, Қаратау мектебінің өкілдері Мұхаметжан Тазабековтың, Бекарыс Шойбековтың, батыс өңірі дәстүрін жалғастырған Мэлс Қосымбаевтың, Бауыржан Қалиолланың өзіндік қолтаңбалары анық көрінді. Бұған қоса Семей өңіріндегі Сыбанның он жеті ақыны салған дәстүрді лайықты жалғастырушылар ретінде Серік Қалиев, Ринат Зайытовтар бастаған ақындарды атауға болады. Кешегі Ұлбике, Саралардың жалғасы іспетті Ақмарал Леубаева, Айнұр Тұрсынбаева, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысовалардың айтыстағы өрнегі бөлек әңгіме.

Кейінгі жылдардағы ұрпақтың айтысты радио-теледидар арқылы тыңдап өсуіне байланысты кейбір ақындардың айтыстарында бірнеше дәстүрдің қатар көрініс беруі байқалады. Оған мысал ретінде Шығыс пен батыс дәстүрін қатар ұстанатын Дәулеткерей Кәпұлын, Арқа мен Жетісуды қатар ұстанатын Рүстем Қайыртайұлы т.б. сияқты ақындарды жатқызуға болады. Дегенмен жас талапкердердің теледидар арқылы өздігінен тәрбиеленуі қалыптасқан дәстүрдің сақталмауына әкеліп соқтырып отырғаны жасырын емес. Оған жастарды тәрбиелейтін арнайы мектептердің жоқтығы да тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі ұйымдастырылып жүрген жүрген айтыстарда мақам тапшылығы анық байқалады. Профессор М.Жолдасбеков: «Мақам мәселесіне әр ақынның паспорты деп қарағанымыз жөн. Өйткені, өзге ақынның әуенімен айту деген сөз – сол ақынның көшірмесі, көлеңкесі болу деген сөз. Қайталау білім анасы болғанмен, өнер анасы емес екендігін естен шығармаған жөн. Әйтпесе, Мұхаметжанның, Мэлстің, Аманжолдың ән әуенімен сахна төріне шығу мақам иесіне, оған еліктеушіге де абырой әпермейді. Ол біреудің атына мінгескендей», – дегенімен келісетін де, келіспейтін де тұстары бар. Келісетініміз, әр ақын өзіндік мақамымен, өзіндік үнімен ерекшеленуі керек деген ұстанымның орындылығы десек, екінші тұстан дәстүр жалғастығы қайда қалады деген де сұрақ туындауы заңды. Мәселен, Аманжол Әлтаевтың мақамымен айтып жүрген Айтбай Жұмағұлов, Мақсат Ахановтар өздерін Аманжолдың шәкірті санаса, Мэлс Қосымбаевтың мақамына салған Дәулеткерей Кәпұлы да өзін «Мэлстің шәкіртімін» дегенін, Оразалы Досбосыновтың мақамына салып ойқастаған Ринат Зайытовтың «ұстазым Оразалы» дегенін құлағымыз естіді. ХІХ ғасырда өзін Сүйінбайдың шәкірті санаған Жамбылдың Сүйінбай айтқан мақамдарды жаңғыртқанын тарихтан білеміз. Ендеше неге Аманжолдың ізбасарлары Айтбай мен Мақсат оның дәстүрін ары қарай жалғастырмасқа? Мәселен, кезінде көпшілікке танымал болған Әселхан Қалыбекованың, Әсия Беркенованың, Әзімбек Жанқұлиевтің, Шынболат Ділдебаевтың, Қонысбай Әбіловтың өзіне тән мақамдары ұмытылып бара жатыр. Сондықтан Торғайдың жас ақындары Қонысбайдың, Жезқазғанның жас ақындары Шынболаттың, Тараздың жас ақындары Әзімбектің мақамдарын жаңғыртып жатса жарасымды болар еді. Түптеп келгенде мақамның ортақ және даралық сипаттары стиль айшығын да айқындайтынын назардан тыс қалдыра алмасақ керек.

Айтыс ақынының қалыптасуы, толысуы алдымен отбасына, одан кейін өскен ортасына да байланысты. Қазақ айтысының тарихында баласы әкесінің жолын қуып, дәстүрін жалғастырған мысалдар да жетіп артылады. Мысалы, Аягөз өңірінен шығып «Сыбанның он жеті ақыны» атанған жыр жүйріктерінің есімі бүгінде ел аузында. Атақты Ақтайлақ шешеннің әулетінде тәрбиеленген Түбек бастаған он жетінің бірі Сабырбай Ақтайлақтың ұлы болса, Абаймен сыйласатын Сабырбайдың қызы Қуандық ақын, оның ұлы, халық ақыны Төлеу Көбдіковтер тарихта феномен ретінде танылған. Заманында ұлы Абаймен хат жазысқан ұлытаулық айтыс ақыны Қожабай Тоқсанбайұлы мен оның ұлы, халық ақыны Болман Қожабаевтардың қалдырған мұрасы бүгінгі ұрпағына өнеге болып отырғаны Өткен ғасырдың сексенінші жылдары халық ақыны Манап Көкенов пен баласы Әбдікәрім Манаповтың айтысы, ХХІ ғасырдағы Айтақын Бұлғақов пен баласы Жандарбек Бұлғақовтың айтыстары көрермен жұртты дүр сілкіндіріп, ел аузында аңызға айналып шыға келді. Бұл қатарға тоқсаныншы жылдарда талай додада топ жарған семейлік Қайыртай Ақылбеков пен оның қос ұлы, бүгінгі айтыстың көрігін қыздырып жүрген Рүстем Қайыртайұлы мен Манас Қайыртайұлын, қарағандылық Тілеген Әділов пен ұлы Мұхтар Әділовтарды жатқызуға болады.

Қорыта айтқанда, қазақ халқы барда ұлттық дәстүріміздің мәйегі болған айтыс өнері ешқашан өлмек емес. Дәстүрдің жаңғыруы, жаңаруы мүмкін. Бірақ саналы ұрпақ барда түбегейлі жойылып кетпейді. Осы ретте, айтысты «бекзат өнер» саласы бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгіземіз деген бастама көтеріліп жатыр. Егер ол бастама жүзеге асатын болса, айтыс алдағы уақытта әлем сахналарынан жарқырап көрінеді деген үмітіміз зор. Оған тек жұрт болып жұмылып жұмыс істеуіміз керек.