2014-05-11

«Зар заман» әдебиеті Зәки Ахметов зерттеулерінде

«Зар заман» әдебиеті Зәки Ахметов зерттеулерінде
Зәки Ахметов –қазақ өлең сөзінің теориясын, нақтырақ айтқанда қазақ халқына тән өлең тілі мен өлең құрылысының ерекшеліктерін сөз өнерінің даму кезеңдерімен, ғасырлар бойы қалыптасқан әдеби-тарихи үдеріспен, оның ішінде ұлт поэзиясының шыңы Абай Құнанбаев шығармаларымен тығыз байланыста зерттеген ғалым. Оның зерттеулерінде қазақ өлең құрылысының қалыптасуы, дамуы, шыңдалып-жетілуі, байып-толысуы сараланып, поэзиядағы көркем түр, тіл, өлең өрнегі бір-бірінен бөлек қаралмай, өзара сабақтастығы тұтас зерделеніп, шығарманың мазмұнын ашудағы қызметін анықтау тұрғысынан терең талданады. Ғалым халық поэзиясындағы өлең өрнектерін, сөз кестесін саралаумен бірге жазба әдебиеттегі де тың ізденістерді назардан тыс қалдырмайды. Қазақ әдебиеті ХХ ғасырдың бас кезіне дейін өлең түрінде өркендегенін ескере отырып, жазба әдебиеттегі жаңа көркемдік тәсілдердің, бүгінгі әдебиеттегі ұлттық дәстүрдің алдымен поэзияда пайда болғанын айтады.

Зәки Ахметов Абайдың ақындық тұлғасы мен суреткерлік шеберлігін зерттеу кезінде ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясына, әсіресе ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы жүздеген қазақ ақындарының жеке тұлғасына, өзіндік қолтаңбасы мен ақындық стиліне үңіледі. «Бұл –жалпы халықтың шығармашылығы мағынасында ұғылатын фольклордан мүлде басқаша, өзінің өзгеше сапасы, сипаты, қалпы бар, тарихи өсу-өзгеру кезеңдері бар әдебиет. Оны ауызша поэзияның дәстүрімен жалғас, тығыз байланыста десек те, әдебиет деп қарауымыз керек, бұл –қазақ әдебиеті тарихында аса бір үлкен, арналы, бірнеше ғасыр созылып келген әдеби процесс. Осы тарихи-әдеби процестің бас жағында тұрған Шалкиіз, Доспамбет сияқты ондаған ақын-жырауларды қойғанда, Бұқар, Тәтіқара, Махамбет, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Нармамбет немесе Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Әсет сияқты әнші ақындар деп аталып жүрген көптеген ақындар –қазақ әдебиетіндегі өз бағыты, тақырыптары, стилі, сөйлеу мәнері бар ірі тұлғалар. Осындай ақындар өлеңді ауызша шығарып, ауызшы айтқан деп саналса да, олардың бірталайы хат таныған, оқыған, шығыс, орыс, еуропа әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс болған, жазба әдебиетінің кейбір бейнелік, стилдік ерекшеліктерін өзінше игеріп пайдаланған»[1,245], – деп атап көрсетеді.

Ал «Елдік пен еркіндіктің жаршысы» атты мақаласында: «Абайдың алдындағы ақындардан Дулат, Шортанбай, Мұратты айрықша бөліп айтуға болады. Әрине олармен ғана шектелу мағынасында емес. Ірі тұлғаларды толығырақ қамтып айту қиын болғандықтан және осы ақындар Абайдың алдындағы қазақ әдебиетінің басты бағыт-бағдарын таныта алады дегендіктен. Сонда Дулат, Шортанбай, Мұратты Абайға жақын, тікелей өзара жалғас заманның, сол замандағы қоғам өмірінің күрделі қайшылықтарын айқын көре білген, әлеуметтік мәселелерді терең толғаған ақындар ретінде айтамыз [2,220], –деп «Зар заман» ақындарына жоғары баға береді. Осы ретте, жоғарыда аталған ақындардың арасынан көркемдік тұрғыдағы соны ізденістерді қазақ классикалық жазба әдебиетінің негізін қалаған Абайдың алдындағы аралық поэзияны қалыптастырушы «Зар заман» әдебиетінің өкілдерінің ішіндегі шоқтығы биігі Дулат Бабатайұлының шығармашылығынан тереңірек қарастырғанын көреміз. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені Дулат ақын поэзиясының өз замандастарының арасынан классикалық поэзияға біртабан жақын келетіні еліміз тәуелсіздік алған жылдары көптеген алдыңғы қатарлы ғалымдарымыздың зерттеулерінде айтыла бастады. Мәселен, академик Р.Сыздықова: «Дулат – Абайға дейінгі қазақ ақындарының ішінде жазба поэзияға біртабан жақын келген, еуропа мен орыс мәдениетінде классикалық поэзия деп атайтын өлең сөздің біраз белгілерінің қазақтағы бастауын танытқан ақын» [2,205], – десе, абайтанушы-ғалым М.Мырзахметов: «Ол Абайға дейінгі ауызша айтылып, импровизаторлық дәстүр негізінде дамып, жалғастық тауып келген қазақ поэзиясы мен жаңаша бағыт-бағдармен даму жолына түскен жазбаша әдебиетті ұштастырып, рухани көпірге айналды, әдеби мұрасымен өз заманындағы саналы ойдың иесіне айналды» [2,189], – деп жазады.

З.Ахметовтің Дулат ақынның шығармаларының мазмұндық-жанрлық сипаттары туралы шәкірті, дулаттанушы-ғалым Қ.Раевпен бірлесіп жазған «Жырын тыңда, Дулаттың» атты ғылыми талдау мақаласында ақын толғауларын мазмұнына, жалпы табиғатына, болмысына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырады. Соның ішінде толғаудың Ахмет Байтұрсынұлының классификациясы бойынша белгіленген сегіз түрі де кездесетінін айтады. Ақын шығармаларын Ахаңша жіктей отырып, сап толғау, күліс толғау, марқайыс толғау, сезім толғау, налыс толғау, сұқтаныс толғау, намыс толғау, ойламалдау түрлері бойынша нақты мысалдармен талдайды.

Көңілдің таза күйін шығыстық баяндау сипатында жырлайтын сап толғау үлгісіне «Жас кезеңі» мен «Асқар таудың сәні жоқ» толғауларын жатқызады. Толғаудың бұл үлгісінің ақын шығармашылығында сирек кездесуінің себебін «оның нені айтса да тек баяндап қоймай, өзі сол құбылыстың, әрекеттің ішіне еніп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, ащысы мен тұщысын қатар сезіп» барып тілге тиек ететінінен іздейді.

Келесі марқайыс толғау үлгісіндегі өлең қатарына өзі туралы толғанысын жеткізетін «Тегімді менің сұрасаң» деп басталатын туындысын атайды. Дулаттың шығармалары негізінен өзі өмір сүрген ортаның кемшілігін сынау, тығырықтан елді алып шығатын жол іздеу, көңіл түпкірінде қордаланған мұң мен шерді, қасірет-қайғыны ақтару сипатында болғандықтан марқайыс үлгісіндегі өлең жоқтың қасы десе де болады. Жоғарыда аталған толғауының өзі жалаң мақтан мен даңғойлықтан ада, яғни, даңқ пен дақпыртқа бастайтын жолдарды кездестіре алмаймыз. Ақын қай шығармасында болсын елдік мұратты, адамгершілік арналарды өз жүрегінен өткізіп барып тасқындата төгеді. Ғалымның зерттеуінде осы мәселелер жан-жақты сараланып берілген.

Бірінде сынап, бірінде қайрап, бірінде аталық өсиет берер намыс толғау үлгісіндегі өлеңдерінің басы ретінде «Ақтанға» толғауы айтылады. Ақын жасынан жетімдіктің қамытын киген Ақтанды нысанаға ала отырып, жаугершілік заманда тағдыр тәлкегіне ұшыраған мыңдаған жетімектердің қиыншылығын жеңілдеткісі келеді. Жас батырды қиялмен құйрық-жалы таралған, бауырынан жаранған тұлпарға мінгізіп, бес қаруын асынтып ширатып, ширықтырады. Азаптың ащы дәмін татқан баланы қанаттандырып, айбынын аспандатып, алдағы күнге үмітін оятады. Бірақ бұл шығармада өсиет айту, ақыл айту жоқ. Ал нақыл түріндегі, шешендік толғау сипатындағы шығармаларына «Баласына айтқаны», «Сүлейменге», «Кеңесбайға», «Бараққа» секілді бірнеше жырларын жатқызады. Бұл шығармаларында заман жақсылықтары мен кемшіліктерін, адам бойындағы мінез-құлықты салыстыра жырлау, шендестіре толғау көрініс тапқан. Ақын езгіге түсіп, еңірегенде етегі жасқа толған елдің жай-күйіне назар аударып, қайғылына уата отырып, арасында еңсесі түскен елдің жігері мен намысын да қайрап кетуді ұмытпайды.

«Дулатты кертартпа ақын еді деп, өлең жырларынан кемшілік табуға мәжбүр болғандар да оның поэзиясында зарығу, торығу күшті, ел басына түскен ауыртпалықты асырып айтқан дегенді алға тартса да, ақындық шеберлігіне шек келтіре алған жоқ. Дулат қазақтың маңдай алды ақындарының бірі екенін сөз танитын адам жоққа шығара алмайтыны талассыз еді. Абайдың алдындағы ақындардың ішінде Дулат пен Махамбетке иықтас келетіні өте сирек», –дейді З.Ахметов өзінің «Елдік пен ерлік жаршысы» атты мақаласында[2,219].

Дулаттың Махамбетпен үндесетін бір тұсы ретінде сөгіс, күліс сипатында келетін толғауларындағы атқамінерлердің мінін бетке айтып, қайсарлық танытатынын атап көрсетеді. «Үгітінен – ұрсуы, ескертуінен – ұялтуы күштірек», – дейді. Дулат ақын ел билеушілерін сынағанда олардың қара халыққа қарайласуын, парақорлық құлқынын тазартуды, жағымпаздық ойын түзетуді көздейді. Өзімен ағайындас, аталас бек пен билердің бойына сіңген мақтангөйшілікті, жатып ішер жалмауыздықты, қарыны тоқ қайғысыздықты, тоңмойын топастықты, қамсыз-қарекетсіздікті, шен мен шекпенге сатылғыштықты сын садағына алады. Ақын шығармаларында адам бойындағы ұнамсыз қылықтарды айта отырып, адамгершілік, ізгілік, адалдық, бірлік, шындық, тазалық, т.б. сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды ұлықтайды. Кері кеткен елді кемелдікке шақырады. Абай айтқан «атаның баласы емес, адамның баласы болуға» үндейді.

З.Ахметов жоғарыда аталған «Жырын тыңда, Дулаттың» атты мақаласында Дулатты алғаш мысал үлгісінде өлең жазған ақын ретінде атайды. Мысал жазу кезінде ақынның қазақ фольклорында хайуанаттар туралы ертегілердегі қоғамдағы жағымсыз құбылыстарды мегзей отырып, ел билеушілеріне өз тілегін жанамалай жеткізу әдісін пайдаланғанын атап көрсетеді. Оның мысалдарында сатиралық сипат басым екендігін дәлелдейді. Қазақ сатирасын зерттеген ғалым Т.Қожакеевтің«Дулат –сатирик» атты мақаласындағы: «Дулат ақын елге үлгі, өнеге беру, ақыл айту ниетімен үш-төрт мысал жазған. Оларда автор өтірікшілікті, мақтаншақтықты, арамдық, құлық-сұмдықты, дүниеқорлықты мысқылдайды. Бұл ой-идеяларды айқын жеткізу үшін ақын мысалдарын түсінікті, қызықты сюжеттерге құрады» [2,250], – деген пікірін басшылыққа ала отырып, ақынның әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге арналған мысалдарын талдайды.

Мәселен, «Сары шымшық» мысалындағы әлін білмей әлекке түскен мақтаншақ, өтірікші шымшықтың қаршығадан қорықпаймын деп досына мақтанғанын, ақыры балалардың тұзағына түсіп ажал құшқанын, «Қара қарға» мысалындағы қарғаның өлген үйректің етін тауып алып, ұядағы балаларына беріп тұрып өзі қалай аулағаны жайлы өтірік мақтанғанын, ақыры сауысқан келіп жемтігін жоғалтқан қаршығадан тапсырма алып келгенін айтып қарғаны қалай құстырғанын ақынның адам бойындағы жағымсыз мінездермен астастыра шеберлікпен жырлағанын саралап көрсетеді. Сөзінің құрбаны болған шымшықтың, өзінен зор өтірікші сауысқанның жемі болған қарғаның мүшкіл халін ащы мысқылмен жырлай білген ақынның мысал өлең жазудағы биігін әділ белгілейді.

Дулат Бабатайұлы шығармашылығында аңызға құрылған мысалдар да бар. АкадемикЗ.Ахметов осы бағытта жазылған мысалдарын да талдаған. Соның бірі «Бір патша» деген атпен жарияланған балладасы. Бұл шығармада ақын дүниеқоңыздықты, тойымсыздықты бойына сіңірген нәпсіқұмар, сараң патшаның көрсеқызар қылығын, ақыры сол мінезінің өзінің ажалына себепкер болғанын ащы әжуамен әшкерелейді.

Ақынның тағы бір аңыз желісінде жазылған шығармасы «Шаштараз» өлеңі. Туынды Ескендір Зұлқарнайынның басындағы мүйізі туралы ел арасында тараған аңыздың негізінде жазылған. Көргені ішіне сыймаған шаштараздың суға басын тығып айтса да самал желдің іліп әкетіп елге таратқаны, ақыры бейбақтың ажал құшқаны әсерлі бейнеленген. Бұл жердегі қамыс-құрақ та, самал жел де өсектің ұшқындауына себеп болатыны жайлы айтылады. З.Ахметов ақынның жел жайындағы толғаныстарын кейінгі толқынға үлгі болған шығармашылық жаңалықтың белгісі деп бағалайды.

Д.Бабатайұлының таңдамалы шығармалар жинағын баспаға дайындау кезінде З.Ахметов ақынның шығармашылығына бастан-аяқ таным талқысына салған. Дулаттың шоқтығы биік туындыларының қатарында тұратын «Еспембет» дастанына: «Жыр үлгісінде жазылған бұл дастан ойдан қосылған әсіреқызыл бояулардан аулақ, шынайы өмірге барынша жақын, қазақ даласындағы қанқұйлы соғыстың, ерлікке толы күрестің бір үзік шежіресі»[2,20], – деген үлкен баға береді.

Академик-ғалым Абайдың «Біреудің кісі өлсе, қаралы ол» деп аталатын өлеңіндегі қазіргі көптеген зерттеушілерді пікір қайшылығына жетелеп жүрген:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау, –
деген шумағына өзіндік пайым биігінен былайша пікірін білдіреді: « Бұқар, Дулат, Шортанбайды бай-феодалдардың санашылы болған кертартпа ақындар деп қараған біржақты, жаңсақ көзқарас орын алған жылдарда Абайдың осы сөздерінде ол ақындарды түгелдей жоққа шығару бар деп түсіндіруге ұмтылу бой көрсетті. Ал шынында, Абай өзі атаған ақындарға идеологиялық тұрғыдан баға берді деп санауға еш негіз жоқ. Ендеше Абайдың сыны оларға поэзияда қолданылған әдіс-тәсілдерге, нақтылап айтсақ, өлең-жырларда бұрыннан қалыптасқан нақыл сөздерді, дайын сөз үлгілерін жиі қолданушылыққа қатысты болса керек. Жамау, құрау деп отырғаны осы мағынада айтылған деп түсіну қисынды. Сондықтан Абайдың өзін осы ақындарға мүлде қарама-қарсы қойып бағалауда да ешқандай негіз жоқ. Абайдың анау-мынау ақындармен өнер өлшеспейтіні айқын емес пе?»[2,221].

Жалпы, Дулат Бабатайұлы шығармаларын зерттеуші ғалымдардың көпшілігі оны Абаймен үндестігін, ұлы ақын үлгі алған рухани ұстаздығы болғанын айтады. Бұған келіспейтін әдебиетшілер де бар. Дегенмен М.Әуезов 1942 жылы жарық көрген «Абай» романында Дулатты жас Абайға әсер еткен үлкен ақын ретінде суреттейді. З.Ахметов кемеңгер жазушының эпопеяда Дулат (кейіннен Барлас образына ауыстырылған) образын жайдан-жай ала салмағанын тілге тиек етеді. «Сан салалы бұлақтар, өзендер бір жерге келіп құйылмаса, Абай поэзиясы секілді үлкен теңіз де пайда бола алмайтыны анық»[2,220], – деген тұжырымын алға тартады.

Ғалымның «Абай поэзиясы мен Дулат секілді дарынды, кемел ақынның өлең-жырларындағы үндестік туралы айтқанда жекелеген ұқсастыққа ғана назар аудару, әрине, жеткіліксіз. Абай да, Дулат та өнерпаздық тұлғасы мүлде өзгеше суреткер десек те, олардың өмңр сүрген ортасы, заманы жалғас, жақын, сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің қайшылықтарын, әр түрлі әлеуметтік топтардың мінез-құлқын бейнелеп көрсетуінде де ұқсастық, сабақтастық бар», – деген пікірі ХІХ ғасырдағы заманы жағынан. территориялық мекені жағынан бір-біріне өте жақын екі ұлы тұлғаның шығармашылығындағы ұқсастықтарға қатысты айтылып жүрген ала-құла пікірлерге тойтарыс береді.

Қорыта айтқанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Дулат Бабатайұлы шығармашылығын әділ таразылауға көптеген алдыңғы қатарлы әдебиетші ғалымдарымыз атсалысты. Солардың қатарында қазақ өлең теориясын терең зерттеген З.Ахметов сияқты ғұлама ғалымның болуы ақын шығармаларының ғылыми бағасын алып, өз биігін табуына әсер еткені анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ахметов З. Поэзия шыңы-даналық.Зерттеу. –Астана, «Фолиант», 2002
2. Бабатайұлы Д. Шығармалары мен тағылымы. – Алматы, «Раритет», 200