2015-11-12

Жыраулық поэзияны зерттеген маңызды еңбек

Жыраулық поэзияны зерттеген маңызды еңбек
(Академик С.Қасқабасовтың «Жыраулар поэзиясы – классикалық ауыз әдебиеті» зерттеу еңбегі хақында)

«Қазақ əдебиетi» газетiнің 1971 жылы 2 шілдедегі санында жарияланған белгілі әдебиет зерттеушісі Мырзабек Дүйсеновтiң «Фольклор ма, əдебиет пе?» деген мақаласы әдебиеттанушы ғалымдарымыздың қазақ әдебиетінің жанрлық жіктемесін қайта қарауына қозғау салды. Бұған дейін фольклорлық туындылар да, ХҮ-ХІХ ғасырлардағы жыраулар мен ақындардың ауызша шығарған туындылары да «ауыз әдебиеті» деген терминге телініп келген болатын. Сол уақыттағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының «Жамбыл және ауыз әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі М.Дүйсенов қазақ әдебиетін «фольклор, ауыз әдебиеті және жазба әдебиет» деп үш топқа бөліп қарастыруды ұсынды. Бұл ұсыныс ғылыми ортада пікірталасқа түсті. Бұл жайында екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» зерттеуінде: «Қазақ филологиясында соңғы жылдарға дейін «ауыз әдебиеті» деп фольклорды түсіну орын алып келді. Рас, 1972 жылы ғалым Мырзабек Дүйсенов «фольклор» мен «ауыз әдебиеті» ұғымдарын ажырату қажеттігін алғашқы болып айтқан болатын, бірақ оның бұл ұсынысы көпке дейін қабылданбай келді», – деп жазады.

Осы пікірді негізге ала отырып, С.Қасқабасов, Б.Абылқасымов сынды фольклортанушы ғалымдар бірқатар ғылыми еңбектер жазды. 1990 жылы жарық көрген «Фольклор шындығы» атты монографияда фольклордың тарихилығы және өмірмен байланысты қырлары бірнеше тарауға бөлініп зерттеліп, эпикалық дәстүрді Р.Бердібай, фольклордың қазіргі замандағы ролін С.Қасқабасов, эпос жанрының қалыптасу тарихын Ш.Ыбыраев, отбасы фольклорының этнографиямен байланыстылығын К.Матыжанов жазса, осы жинақта М.Дүйсеновтің жоғарыдағы мақаласында айтылған ойды Б.Абылқасымов қайта қозғап, фольклор мен әдебиеттің жанрларын талдап, әдеби ортада жаңаша түсінікпен қабылдауына қол жеткізді .

Бұдан соң Б.Абылқасымов толғау жанрын жекелей алып зерттеп, әдебиеттің белгілі жанры деңгейіне көтерсе, С.Қасқабасов «Жыраулар поэзиясы – классикалық ауыз әдебиеті» деген еңбегінде ақын-жыраулар поэзиясын авторлы ауыз әдебиеті ретінде фольклордын бөліп алып қарастырды. «Ауыз әдебиеті дегенде, бұл жерде фольклор туралы ұғым болмауы керек, – дейді C.Қасқабасов, – Фольклор – атам заманда туып, авторы жоқ, бірден-бірге айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ауызекі шығармалар екені белгілі. Ал, «ауыз әдебиеті» деген ұғым орта ғасырлардағы Қазақстан үшін кәдімгі кәсіби жазба әдебиет рөлін атқарған туындыларды білдіреді. Оның фольклордан басты айырмашылығы – авторлық болуы, мәтіннің біршама тұрақтылығы, шығарма мазмұнының нақтылығы, оның кімге арналғанының (адресаттың) белгілі болуы, сондай-ақ, шығарма стиліндегі даралық сипат пен автордың «мені» көрініс беретіндігі. Мұндай ауыз әдебиетін жасаушылар ол кезде, негізінен, жыраулар мен шешендер (билер) болды». Ғалымның пікірін қуаттаған академик С.Қирабаев «Ғұлама» атты мақаласында С.Қасқабасовтың бұл еңбегін: «Соңғы жылдары жазған еңбек¬терінде ол зерттеу объектісін бірсыпыра кеңітіп, Махамбет, Абай, Жамбыл туралы жаңа, соны ойларымен көзге түсті, қазақ сөз өнерін фольклор, авторлық ауыз әдебиеті және жазба әдебиет деп зерттеу қажеттігі туралы жаңа пікірлер ұсынды», – деп жоғары баға береді.

Академик С.Қасқабасов тек фольклор саласын ғана емес, авторлық ауыз әдебиеттің және классикалық жазба әдебиеттің поэтикалық мәселелерін де терең зерттеген ғалым. Оның қазақ әдебиеті тарихының кезеңдерін, жыраулық мұраларды жаңаша көзқараспен зерделеуі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта рухани құндылықтарымыздың түгенделуіне қосылған зор үлес болды. Әсіресе, «Қазақстан тарихы» 5 томдық жаңаша басылымының 2-томындағы (1. ІҮ-тарау. XІІІ–XV ғғ. Қазақстанның рухани мәдениеті; ҮІІ тарау. 2. Қазақ халқының рухани мәдениеті ХҮІ-ХҮІІ ғ.ғ.) тарауларды жазу барысында әдебиет тарихындағы бұрын кейбір айтылмаған мәселелерді қамтып өтті. С.Қасқабасов фольклор мен авторлық ауыз әдебиетінің және жазба әдебиеттің, ұлтымыздың ерекше поэтикалық өнер дәстүрлерінің сан ғасырлар дәстүр қаймағын бұзбай жеткен үрдісін ғылыми тұрғыда тұжырымдады. Түрік қағанатының билеушісі Білге қаған, ақылманы Тоныкөк, Күлтегіндердің уақытында ел бірлігін көксеп тасқа қашалған көркем жазбалар қалдырған Иоллығтегіннің жазбаларында да жыраулық сипат бар екенін айта отырып, әлемді жаулаған қаһарлы Шыңғысхан дәуіріндегі Кетбұға жырау, Алтын Орда мен Дешті Қыпшақтың кезеңіндегі Қотан жырау мен Сыпыра жырау, Қазақ хандығы тұсында ғұмыр кешкен Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жыраулардың туындыларын, әйгілі Бабырдың «Бабырнама» еңбегі, Камаладдин Бинайдың «Шайбанинама», Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди», Қожамқұл бек Балхидың «Тарихи Қыпшақ», Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» сияқты XV-XVII ғасырларда жарық көрген әдеби жәдігерлердің соңғы орта ғасырдағы Орта Азия мен Қазақстандағы маңызды көркем әдебиет үлгілері екенін дәлелді дәйектермен зерделеді.

С.Қасқабасовтың «Жыраулар поэзиясы – классикалық ауыз әдебиеті» зерттеуі М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясынан кейінгі ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясын тиянақты талдап, теориялық тұрғыда байыптаған еңбектердің бірі болып табылады. Академик-ғалым жыраулар поэзиясына «клас¬си¬калық ауыз әдебиеті» деген айдар тағып, жыраулықтың бастау тұлғалары Иоллығтегін, Қорқыт ата, Кетбұға, Сыпыра жырау, Қазақ хандығы кезеңіндегі Асан Сәбитұлы (Асан қайғы), Қазтуған Сүйінішұлы, Шалкиіз Тіленші¬ұлы (Шәлгез), Доспамбет, Ақтамберді Сарыұлы, Жиембет Бортоғаш¬ұлы, Үмбетей Тілеуұлы, Тәтіқара жырау, Бұқар Қалқаманұлы сияқты өнегелі өкілдерінің шығармаларын нақты мысалдармен талдайды. Олардың хандық билік кезіндегі қоғамдағы орнын, жыраулық поэзияның тақырыбы мен идеясын, жанрлық жүйесін (толғау, арнау, мадақтау), өлең құрылысын (шумақ, тармақ, ұйқас, буын, бу¬нақ), көркемдік тәсілдерін (теңеу, метафора, шендестіру, әсірелеу контраст, психологиялық параллелизм, синтаксистік параллелизм, аллитерация, ассонанс, дыбыс қуалау, т.б.) кеңінен қарастырады.

Қазақ әдебиеттану ғылымында бүгінге дейін «жырау» ұғымының ерекшелігін, оның қоғамдағы орны мен тұлғалық қасиетін анықтауда бірқатар зерттеу еңбектері жазылып, пікірлер айтылғаны мәлім. Мәселен, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов: «Жырау… заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», – десе, жыраулар поэзиясын алғаш тұтастай зерттеген жазушы-ғалым М.Мағауин: «Жырау өз руластарының ақылшысы, көсемі. Көпті көрген көне қалт айтпайды, сондықтан оның сөзі, берген кеңесі жерде қалмайды. Өз сөзінің құдіретін білген жырау жай ақылшы ретінде ғана емес, әмірші ретінде де сөйлейді, – дей келіп, – Алайда жыраулардың ең басты белгісі – ақындық, яғни өз жанынан өлең шығарғыштық қабілетінің болуы. Жырау деген атаудың өзінің «жыр сөзінен шыққандығы күмән туғызбайды», – деп түйіндейді. Осындай салмақты пікірлердің қатарында С.Қасқабасовтың: «Жыраулар – хан сарайындағы көреген саясаткер, ханның ақылгөйі, мемлекеттің бас идеологі, елдің ақылшысы, қолбасы әрі дауылпаз ақын бола білді. Олар Хан кеңесінің белсенді мүшесі болған, мемлекетті басқару ісіне тікелей қатынасып, саяси, әскери, қоғамдық мәселелерді шешуге араласып отырған. Соғыс кезіндегі жыраулар әскери Кеңесте де, ханның жеке өзіне де ойын ашық айтып, ақыл беріп, болжау жасаған. Қиян кескі ұрысқа түсер алдында жауынгерлерге арнап жыр толғаған, олардың намысын қайрап, рухын көтерген. Тіпті қажет болған жағдайда өздері де шайқасқа қатысып, ерліктің үлгісін көрсеткен, сондықтан жыраулардың біразы қолбасы да болған, тайпалар мен руларды да басқарған. Жыраулардың көбінесе әрі суырып салма ақын, әрі батыр, әрі данагөй және сәуегей болып келуінің себебі сол тұстағы Қазақ хандығының өмір салты мен тұрмыс-тіршілігінің көшпелі бақташылық болуына және ұдайы жаугершілікті бастан кешуіне байланысты еді», – деп берген байыпты бағасы ұлттық әдебиетіміздің тарихы үшін, жыраулық поэзияның мәнін келешек ұрпақтың дұрыс түсінуі үшін маңызды тұжырым болып табылады.

С.Қасқабасов аталмыш еңбегіндегі осы тұжырымының негізінде әр жыраудың шығармашылық мұрасын ескере отырып, толғауларындағы ерекшеліктеріне жеке-жеке сипаттама береді. Мысалы, Асан қайғының толғауларында «әміршіні дәріптеудің жоқтығы, панегирика сипатының болмауы», Қазтуғанның толғауларында «классик жырауға тән дидактика мен сәуегейліктің жоқтығы, оның есесіне мол күш-қуат, бұлқыныс, жауынгерлік рух пен лириканың қатар кездесуі», Шалкиіздің толғауларында «әміршіге тікелей сөз арнап, оны мадақтау, қоғам мен дәуір, билеуші мен жырау туралы фәлсафалық ойланыстар, жақсылық пен зұлымдық, достық иен қастық, әділдік пен арамдық жөніндегі ғақлиялық тұжырымдар, дидактикалық толғаныстар, яғни жырау көтеретін мәселелер мен тақырыптардың түгелдей барлығы», Доспамбеттің «ұзақ жасамауына байланысты классикалық типтегі жырау деңгейіне көтеріле алмауы, мемлекеттің идеологі, әрі ханы ақылшысы, дана абызы болмағандығы, өлең-жырларында жыраулық дәстүрге тән нақылдылық пен фәлсафашылдықтың жоқтығы, басты оқиғаларды, ой-сезімдерді таза поэзиялық үлгіде бейнелеген талантты жауынгер ақын болғандығы», Жиембеттің «ханмен бірге мемлекеттің күшеюуіне көп күш жұмсаған би, ханның кеңесшісі, әрі хандықтың идеологі болғандығы, кейіннен хан тарапынан қуғынға ұшырап оппозициялық туындылар шығаруы, Ақтамберді толғауларының «өз дәуірінің өзекті проблемаларын көтерсе де мемлекеттік идеологияға қызмет етпегендігі, өз поэзиясын адамның сезімін ашуға қызмет еткізгені, жауынгерлік жырау бола тұра поэзияға алғаш рет қыздың келбет-көркін, аттың сынын сипаттауды енгізгендігі», Тәтіқара толғауларында «ханға ақыл-кеңес айтып, оның ерлігін дәріптеп қана қоймай, бұрынғы үлкен жыраулар тәрізді өз әміршісіне наразылық білдіріп, қарсы сөйлеуі мен ой-пікірін ашық айтуы», Үмбетейдің «қазақ поэзиясының тарихында ХҮІІІ ғасырдың оқиғаларын нақты суреттеген ақын Абылай бастаған батырларды мадақтаған, әрі ханға қарсы оппозициялық ойлар айтқан жауынгер жырау екендігі», Бұхардың «ханның ақылшысы, мемлекеттің бас идеологі болып ел тәуелсіздігін сақтау, ауызбірлік мен ынтымақ, көрші елдермен тату өмір сүру жайында ой-толғамдары, қоғамның тамырын тап басқан философ жырау» деп, әрбір жыраудың тұлғасына ғалымның берген бағасы олардың әдебиет тарихындағы орнын анықтайтын дәйектер.

ХҮІІІ ғасырдың соңына қарай Қазақ хандығының құлдырап, Ресей отаршыларының қазақ даласына дендеп енуіне байланысты өз толғауларымен хандардың ақылшысы, мемлекет идеологі болған классик жыраулар тарих сахнасынан ығысты. Олардың орнын кәсіби ақындардың поэзиясы басты. Бір жағынан әдеби үдерістің дамуы үшін оның өз пайдасы да болды. «ХҮІІІ ғасырдың соңынан бастап ақындардың ролі көтеріле бастады, – деп жазады С.Қасқабасов, – Алайда, ол поэзия бұрынғы жыраулық поэзия сияқты болмады, мемлекеттік мәселелерге араласа алмады, олар араласатындай қазақтың өз мемлекеті де болмады. Бұл процестің басқа жағы да бар еді. Абыздық сипаттағы, әрі мемлекетке, әміршіге қызмет еткен жыраулар поэзиясын енді әдебиетті мемлекеттік, әрі ресми идеологиялық функциядан азат еткен, сондай-ақ әдебиет пен өнерді ақсүйектер ордасынан бұқараның ортасына, қатардағы қазақ үйіне көшірген, әрі әдебиетке демократиялық сипат берген профессионал ақындар поэзиясы алмастырды. Соның нәтижесінде қазақ әдебиеті жаңа бағытқа бет алды, жаңа сапаға көшті, жаңа мазмұнға ие болды, соны тақырыптар тапты».

Әлемдік тәжірибедегі кез келген қоғамдық формацияның өзгеруі нәтижесіндегі әдеби үдерістің келесі кезеңге өтіп, жаңаша сипат алуын қазақ поэзиясы да бастан өткерді. Ендігі жерде Отан қорғау, жауынгерлік рух тақырыбындағы эпикалық сипат лирикаға қарай ойыса бастады. Оқиғаны сырттай суреттеу, сыртқы іс-әрекетті пайымдау әдісі ішкі психологияны, ойды, көңіл-күйдің сәттерін суреттеуге көшті. Жыраулар поэзиясындағы жалпылама жырлау әдісі нақтылыққа бет бұрды. Өлеңдер образдылығы, көркемдігі жағынан дамумен қатар, оқиғалы, сюжетті болып, суреттеудің жаңа сатысына көтерілді.

С.Қасқабасов жыраулық поэзияның ақындық поэ¬зияға ауысу кезеңінде дәнекерлік қызмет атқарған Шал Құлекеұлы мен Көтеш Райымбекұлы шығармашылығын бөліп айтады. Олар ежелгі жыраулық поэзияның үлгісінде де, жаңаша бағытта да өлең шығарып, дидактикалық мазмұндағы не жақсы, не жаман, алдамшы дәулет, жалған өмір туралы айтса, екінші жағынан ақындар дәстүріндегі әдет-ғұрып, салт-сананы сипаттайтын тақырыптарға да барды. Жыраулық толғауларға тән тирадалық еркін құрылым мен 7-8 буындық жыр үлгісінде де, 11 буынды дәстүрлі қара өлең үлгісінде де өлең шығарды. Бұрынғы кейде қалыпты, кейде көп буыннан тұратын еркін тармақ, еркін ұйқас енді ааба болып келетін ұйқас тәртібі мен 11 буынға, төрт тармаққа құрылған шумақтарға айналды. Осылайша, ХҮІІІ ғасырда бастау алған ақындық поэзия ХІХ ғасырда қатты қарқынмен дамыды. Қазақ әдебиетіне соны сипат, жаңа мазмұнда шығармалар тудыратын ақындардың легі тарих сахнасына шықты. Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы шыққан, ұлттың мұң-мұқтажын толғаған Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сияқты ақындардың заманға сынмен қараған жырлары ұлт-азаттық поэзиясын ретінде бағалайды. Академик жыраулар қалыптастырған классикалық ауыз әдебиетінің ХІХ ғасырда Жәңгір ханның тұсындағы Байтоқ жыраудың, Кенесарыны хан деп дәріптеген Нысанбай мен Досқожа жыраулардың шығармаларымен ары қарай дамып, олардың жыраулық поэзияның соңғы үлгілері болғанын айтады. Бұдан ары қарай ауыз әдебиеті жазба әдебиетпен қатар дамып, ХХ ғасырда да халық ақындарының туындылары арқылы өміршеңдігін танытқанын айтады. ХХ ғасырда қазақ батырларына арналған эпикалық туындыларымен қатар Кеңестер Одағының басшыларына, мемлекеттің бірлігі мен берекесіне арнап көркем жырлар төккен Жамбыл Жабаевты да ХХ ғасырдың ұлы жырауы деп сипаттайды.

Қазақ фольклорының, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің зерттелуі тарихында С.Қасқабасовтың өзіндік қолтаңбасы айқын. Көзқарақты жұрт ардагер ғалымды ұлттық фольклортану, әде¬биеттану және өнертану ғылым-дарының жаңаша бағытта зерделенуіне ерен еңбек сіңірген ғылым қайраткерлерінің бірі ретінде таниды. Академик күні бүгінге дейін Алаш қайраткерлерінің ақталуына, ұлттық әдебиет тарихының қайта жазылуына, қазақ фольклорының әлемдік деңгейге көтерілуіне, т.б. еліміздегі өзекті салалардың дамуына зор қызмет етті. Бүгінде жетпіс бесінші мерейтойын атап өткелі отырған ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейіт Асқарұлы Қасқабасов әлі де туған халқының рухани өміріне араласып, ұлттық ғылымның өркендеуіне аянбай тер төгетініне кәміл сенеміз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. – Алматы: ҚазАқпарат, 2008. – 1-т. – 646 б.
2. Қасқабасов С. Жаназық. – Астана: Аударма, 2002, 584 б.
3. Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алматы: Атамұра, 2006, 264 б.
4. Қасқабасов С. Жетінші тарау. Қазақ халқының рухани мәдениеті. § 1. Рухани мәдениет // Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 1998. – 2-т. – Б. 550-579.; 573 б.