2014-05-11

Жүсіпбек Аймауытұлының патриоттық өлеңдері хақында

Жүсіпбек Аймауытұлының патриоттық өлеңдері хақында
ХХ ғасыр басындағы ұлт қайраткерлері еңсесі түскен елдің рухын көтеру мақсатында патриоттық шығармалар жазуға көңіл бөлді. Заманның аласапыран уақытындағы көзқарастың екіге жарылуына қарамастан бірқатар ел ішінде беделді ақындар ұран іспетті шығармалар тудырды. Олардың қатарында Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңі, Сәкен Сейфуллиннің «Жас қазақ марсельезасы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында», т.б. басқа өлеңдерді атауға болады. Сол кезеңде патриоттық өлең жазуға белсенді араласқан Алаш қайраткерлерінің бірі ретінде қаламгер Жүсіпбек Аймауытұлын ерекше атауға болады. Жазушының Патша Үкіметі құлап, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін жазған «Алаш маршы», «Ұран» өлеңдері Алашорда Үкіметін орнатуға деген ниетінен туған болса, «Еңбекшілдер ұраны» («Интернационал»), «Жас әскер» («Молодая гвардия»), «Жас көсемдер маршы» (сол уақыттағы орыс тіліндегі танымал жастар әні) сияқты орыс тілінен аудармалары Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін, жазушының 1919 жылы коммунистік партияның қатарына қабылданғанынан кейін жазылған туындылары болып саналады.

Бүгінде дәстүрлі әнші Жоламан Құжимановтың орындауындағы «Алаш маршы» деп аталатын әннің сөзін Жүсіпбек Аймауытұлы, музыкасын Міржақып Дулатұлы жазған деген пікірді музыкатанушы Б.Тұрмағамбетова 2012 жылы «Түркістан» газетінде жарияланған «Алаш маршы» деген мақаласында атап көрсетеді. Әнші Ж.Құжиманов «Арғы атам ер Түрік» деп басталатын бұл әннің шет елдік қандасымыздың орындауында жазылып алынған үнтаспадағы нұсқасын композитор Ілия Жақановтан алғандығын айтып,«Қазақ ордасы» журналының 2003 жылғы 1¬-2 нөмірінде «Алаш ұраны» деген атпен жариялады. Дегенмен баспасөз беттерінде бұл өлеңді Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлиндер бірігіп жазған дегенкереғар жазбалар да ұшырасады. Бірақ Ж.Аймауытов шығармашылығын дендеп зерттеген академик Серік Қирабаевтың он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихының» жетінші томының он төртінші бетінде «Дербес қазақ мемлекетінің болашағын түрік халықтары ынтымағымен байланыстыра қараған Жүсіпбек Аймауытов «Арғы атам ер түрік» деп, жаңа ұлт мемлекетін қорғарлық ерлік дәстүрлерді еске салды», –деген пікірі мен алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының да бұл өлеңді Жүсіпбектікі деп көрсетуі көңілдегі күдікті сейілте түседі. Ел тәуелсіздігін көзімен көріп кеткен асылдың сынығы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова да бұл өлеңнің Алаш маршы болғанын авторларын атай отырып, естеліктерінде жазып қалдырған.

Енді «Абай» журналының 1918 жылғы 7-нөмірінде жарияланған «Ғаскер өлеңі» деген атпен жарық көрген «Алаш ұраны» өлеңінің мәтініне назар аударайық:

Арғы атам ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.

Сай сайлап, мал айдап
Сайрандап, иен жайлап,
Ерке өскен Арқаның
Еркесі серіміз.

Біз жүрген Алаштың
Шын кемеңгеріміз!
Егессек ел бермес
Еңірегенеріміз, –
деп басталатын рухты өлең жолдары Ж.Аймауытұлы шығармаларының жинақтарында жарияланып жүрген «Ұран» деген өлеңімен сарындас. Мәселен, осы «Ұран» өлеңіндегі:

Ұраным, қорғаным, сен Алаш,
Жолыңа құрмалдық мал мен бас.
Өнер тап, өрге шап, қару ат,
Аллалап алға бас, ал Алаш!!! –
деген шумақтағы халықты жігерлендіру, өнер табуға, қару атуды үйренуге шақыру «Алаш ұраны» өлеңінде:

Алаштың ақ туын
Қолға алып, ақырып,
«Алаш!» деп шапқанда,
Жауға ойран саламыз!

Ер түрік ежелден
Оқ тескен етіміз!
Қаймығып еш жаудан,
Қайтпаған бетіміз.

Жаусын оқ, ақсын қан,
Шықсын жан, қорқу жоқ.
Алаштың жолында,
Жан қимақ – ниетіміз, –
ерлік рухына, ұлттыбостандық жолындағы күреске үндеу сияқты жасампаз идеяға ауысқан. Демек, бұл өлеңдегі азаттық үшін жан қиярлыққа шақыру идеясына назар салсақ, шындығында сол кезеңдегі әлі рухы сынбаған Алаш азаматтарыныңкүрескерлік ұраны болғаны күмән туғызбайды.Ғалым Дихан Қамзабекұлы бір кезде «Ұран» өлеңі де Алаштың гимні болғанын айтады. «Алаш ұраны» өлеңі Міржақып Дулатұлының шығарған маршынан бөлек, орыстың әнімен айтылған деген де дерек бар. Өйткені қазақ даласындағы төңкеріске шақыратын патриоттық әндердің тууына орыстың «Интернационал», «Смело, товарищи, в ногу» сияқты әндері әсер еткені белгілі. Шығарма қандай әуенмен айтылса да сөз салмағымен тыңдарманды күреске, азаттық жолындағы тартысқа бастайтын туынды деп танимыз.Осы ретте, Жүсіпбек Аймауытұлын Алашорда Үкіметін құру жолындағы күресте өзінің шығармашылығымен, өр рухты өлеңдерімен зор еңбек сіңірген қаламгер деп бағалауға толық негіз бар.

Жүсіпбектанушы, профессор Рақымжан Тұрысбек «Сенің сүйікті жазушың» айдарымен жарық көрген «Жүсіпбек Аймауытұлы» атты еңбегінде жазушының аудармашылық қырына тоқтала отырып, француз Э.Потье жазған әйгілі «Интернационалды» аударғаны жайлы дерек келтіреді. Р.Тұрысбек жазушы Сәду Машақовтың естелігін негізге ала отырып, өлеңнің 1919 жылы Кеңес Үкіметі Қазақстанда орнағаннан бұрын аударылғандығы, кейін Кеңестік арнаулы комиссия Жүсіпбектің аудармасын мақұлдағаны, 1950 жылдарға дейін қазақ жерінің барлық аймағында бұл аударманың айтылғаны туралы да осы кітапта атап көрсетеді.

Енді «Еңбекшілдер ұраны» деген атпен аударылған дүниежүзі пролетариатының гимні «Интернационалдың» алғашқы қазақша мәтініне қысқаша шолу жасап көрейік:

Оян, қарғыс таңба басылған,
Жалаңаш аш құл қайрат қыл.
Қайнап бастан ақыл ашынған,
Майданға қанды айдап тұр.

Қиратамыз ескі жалғанды,
Жаңа тұрмыс орнатамыз.
Жарылқаймыз жарлы қалғанды
Дәулеттен сонда татамыз.

Қайырмасы:
Бұл болар ең ақырғы,
Ең күшті зор майдан.
Дүние еңбекшілімен,
Табылар бар пайдаң.
а баб ұйқасымен жазылған өлеңнің көркемдік деңгейі жоғары, өлең құрылымы поэзияға қойылатын барлық заңдылықтарды сақтаған. Бұл аударманың Ж.Аймауытұлы «халық жауы» атанғаннан кейін де өзіндік құндылығын жоймағандығы осыдан болса керек деп топшылаймыз. Жазушының 1997 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан бес томдық шығармалар жинағының үшінші томында осы өлеңге берілген түсініктемеде: «Жүсіпбек Аймауытов аудармасынан кейін де «Интернационал» қазақ тіліне әлденеше рет аударылды, бірақ олардың бірде-бірі алғашқы нұсқамен теңесе алмайды», – деп жазылуы пікірімізді қуаттай түседі.

Ж.Аймауытұлы орыс әдебиетінің классигі Максим Горькийдің әйгілі «Сұңқар туралы жырын» («Песня о Соколе») да «Өлең сұңқарға» деген атпен алғашқы аударған қаламгерлердің бірі болып саналады. Өлең қара сөз үлгісінде жазылған шығарма болғандықтан дәл солай аударылған. Алғаш 1924 жылы «Жас қазақ» журналының 4-санында жарияланған.

Ж.Аймауытұлы сталиндік репрессияға ұшырағанға дейін Александр Безыменскийдің 1922 жылы жазылған «Молодая гвардия» өлеңінің аудармасы «Жас әскер» комсомолдардың жиі шырқайтын әні болған. Бұл өлең 1924 жылы «Жас қазақ» журналының жариялаған бәйгесіне орай аударылып, тиісінше бірінші орынды жеңіп алған екен. Өлең өте дәл әрі шебер аударылған. Әр сөз өз орнымен мағынасынан ауытқымай қолданылған. Бұл Жүсіпбектің аудармашылық шеберлігінің өте жоғары болғанын танытады. Сөзіміз дәлелді болу үшін өлеңнің орысша және қазақша нұсқасынан төменде қысқаша салыстыру мысалын келтірдік.

Орысша нұсқасы: Қазақша аудармасы:
Вперед, заре навстречу, Тауға қарсы, алға бас,
Товарищи в борьбе! Қарысып жолдастар!
Штыками и картечью Найза мен оқ қамалды,
Проложим путь себе! Қиратып жол бастар

Припев: Қайырмасы:
Смелей, вперед, и тверже шаг. Тайынба, қайтпа бұл беттен,
И выше юношеский стяг! Жастар тобы түйдектеп.
Мы – молодая гвардия Жұмысшы қара халықтың,
Рабочих и крестьян. Біз – жастар әскері

Ведь сами испытали Кешірмекпіз біз бастан,
Мы подневольный труд. Құл болып бейнетті.
Мы юности не знали Құл бұғауы көрсетпей
В тенетах рабских пут. Жастықты, зейнетті

«Жас көсемдер маршы» да орыс тіліндегі өлеңнің аудармасы. Бұл өлеңді аудару кезінде бірқатар олқылықтар болғанын жазушының өзі де мойындайды. Кейбір сөздердің дыбыс жағынан қуаты күшті болмағандықтын орнына басқа сөзді пайдаланғанын жазады. Мәселен, «Дәйім, әзір бол!» деген аудармасының өлеңге рух беретін қуатының аздығына байланысты «Лап десе, тап бол!» деген қазақ ұғымындағы жігерлі сөзді қолданғанын атап айтады. Өлеңнің кейбір жерінде «Еңбек, төбелес» сөздерінің орнына «Қауіп-қатер» сөзін алып дәл мағынадан тайғанын қынжыла баяндайды. «Өткені талас-тартыс» артында таяқ тұр. Қайталама болмасын дедім» дейді қаламгер өз сөзінде.

Қорыта айтқанда, Жүсіпбек Аймауытұлы өзінің саналы ғұмырында әдебиетіміздің проза мен поэзия саласындағы бірнеше жанрларға қалам тартып нәтижелі еңбек еткен жазушы. Оның патриоттық жанрда жазылған өлеңдері бүгінгі Тәуелсіздік кезеңінде де қажеттілігін тудырып отыр. Оның рухты жырларынан нәр алған қазіргі ұлттық поэзиямыз да қарыштап дамып келеді. Халқымыздың көптеген белгілі қаламгерлеріне ұстаз болған ұлы жазушының мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.