2014-04-24

Ана махаббаты

Ана махаббаты
(Ашаршылықтың 80 жылдығына арналады)

Сол бір жыл адам мен аң қырылған,
Аштықтан талай қазақ болды құрбан.
«Аша тұяқ қалмасын» ұранымен,
Торғай жақтың жұртына тор құрылған.

Ұмытып кесір қоғам тәубе еткенді,
Тұтасып Торғай жаққа нәубет келді.
Тігерге тұяғы жоқ қаймана елдің,
Оттан қазан, өзінен әл кеткен-ді.

Айнала көкжиекті мұнар басып,
Өлім – өмір екеуі жүр арбасып.
Шыбын жаны қиналып шырқырайды,
Ақылынан адамзат мың алжасып.

Үлгермей ағайынның көрін қазып,
Көпшілік кетіп жатыр өлім жазып.
Тірі қалған етеді, жан сауғалап,
Жыбырлаған жәндіктің бәрін де азық.

Алғандай қабырғадан қарасуық,
Ана жүр аштық қысқан аласұрып.
Айналған өліктердің өлкесіне,
Мүлгиді үнсіз ғана дала сұлық.

Есімі бұл ананың Шариға еді,
Көп тартқан тауқыметті фәнидегі.
Ерінен Есематтай ерте айрылып,
Етегі жасқа толып зар иледі.

Қайғыны қара нардай текті жеңбек,
Ерін ол жоқтатпады, етті де еңбек.
Жүргенде аштық деген зұлмат келді,
Ұрпағын мұратына жеткізем деп.

Адам жеп адам етін, ел бүлініп,
Шама жоқ отыруға белді бүгіп.
Қос құлынын жетектеп келеді ана,
Аман сақтау оларды ендігі үміт.

Келеді ар-намысын қайрап ішкі,
Тағдыры қажырына байланысты.
Екі қыз әлсін-әлсін жылайды әлсіз,
Аттары Мырзағаныс, Айғаныс-ты.

Екеуін кезек-кезек арқалайды,
Аштықтан екі көзі қанталайды
Қыздарын әлсіреген жегісі кеп,
Жан-жақтан аш адамдар анталайды.

Құтырған қарға құзғын қарқылдайды,
Әр жерден қанаттары жалпылдайды.
Адамның етін жеген қорқау қасқыр,
Тап келсе талаудан да тартынбайды.

Көздері Шариғаның шүңірейіп,
Соңында үйі қалды-ау үңірейіп.
Қанына өлексенің семірген ит,
Қасқырдай қарайды ол да күдірейіп.

Қарайтын ешкім де жоқ жағдайына,
Жазылған тағдыр осы маңдайына.
Масақтан бір түйір дән тауып алса,
Тастайды қыздарының таңдайына.

Аштықтан құтылуды арман қылып,
Тұрады ауық-ауық сәл мәңгіріп.
«Шыдасақ тамақ табам» деп қояды,
Өзін де, қыздарын да алдандырып.

Жейтұғын масақ пенен шөп те қалмай,
Жылжиды үмітпенен ептеп алға-ай.
Қорғаштап қос қызығын азғындардан,
«Қолда»-деп күбірлейді, «көктегі Алла-ай»!

Аш ана шаршағандай, ентіккендей,
Талғажау таба алмай жүр, ел түк көрмей.
Қоршайды қалжыраған Шариғаны,
Түрі жоқ жіберетін жемтік бермей.

Кім өйтсін, заман егер бүлінбесе,
Қылығын болар еді-ау зұлым десе.
Аштықтан аман қалам дейді ме екен,
Кішкентай бүлдіршіннің бірін жесе.

«Жейміз» - деп не болса да тарпа басып,
Ұмтылды ашыққандар анталасып.
Бауырына екі қызын қысып алып,
Өлімге қимайды ана жанталасып.

Алдырмай арпалысты, айбат шегіп,
Ұрпаққа махаббаты қайрат беріп.
Өлімге қос құлынын тірі тұрып,
Қалайша жібереді ол байлап беріп.

Арнаған баласына кең жүрегін,
Ешқашан ұмытылмас ерлігі оның.
Қос қызын кеудесіне қысып тұрып,
Аһ ұрып алды сонда соңғы демін.

Тамшыдай тағдыр ғой бұл теңіздегі,
Не деген ана жүрек ең ізгі еді!
Аштықтан әлі құрып бара жатып,
Қыздарын тажалдарға жегізбеді.

Ананың ерлігіне дала куә,
Ажалдың қарсы тұрған аранына.
Соңғы рет көкірегіне кептелген жас,
Мөлт етіп тұна қалды жанарына.

Бір түйір қарашықтан шер төгіліп,
Өзегін арман тербеп, өртеді үміт.
Ананың көз алдында бара жатты,
Қоштасқан аспан мен жер төңкеріліп.

Ақыры сөнді осылай жалынды үміт,
Ажалға тапсырды ана жанын күліп.
Батты күн көкжиекке байырқалап,
Даланы қызыл нұрға малындырып.

Тірлікте жеткізбеген баққа қолын,
Алланың ақ ажалы тапқаны оның.
Құшақтап құлындарын жан тапсырған,
Ананы әлдилейді аппақ өлім.

Аштыққа жеңгізбеген ар-иманын,
Құлы боп Алла жолы, қағиданың.
Торғайдың желі, суы, кең даласы,
Рухына бас иеді Шариғаның!