2001-01-01

Қажылыққа аттанарда

Қажылыққа аттанарда
Иә, Раббым, неткен әділетті едің,
Дұғамды менің қабыл еткенің.
Қағбаны көріп қайтамын енді,
Төріне барып тағы Меккенің!

Шаттанып жүрмін кешеден бері,
Жазылған тағдыр пешенемдегі.
Қасыңа барып құлшылық қылсам,
Сауаптың сансыз еселенгені.

Жүрсе егер дерттен айықпай тәнім,
«Зәм-зәммен» жуып-шайып қайтамын.
Ихрамға кіріп, тәлбиямды айтып,
Иманға жаным байып қайтамын.

Жаралған мекен шұғыла-нұрдан,
Мұсылман жұрты құбыла қылған.
Ол жерде бәрі туысқан халық,
Сыйлайтын артық іні-бауырдан.

Аллаға шексіз байланған құлмын,
Сүннетін ұстап Пайғамбарымның.
Қажылық сапар – бесінші парыз,
Ғибратқа сенің айналған үлгің.

Қасиеті оның Құранда айтылған,
Көргенде шыдап тұра алмайтын жан.
Қазақтың онда бақытын сұрап,
Көз жасын төгіп Құнанбай тұрған.

Сәтті қыл енді, сапарымды Аллам,
Шуақты жерге Шәкәрім барған.
Ұлтымды сақта, халқымды қорға,
Жат пиғылдардан, жат ағымдардан!

Бұйырғаныңды жасап Құдайым,
Құрбандық шалып, қасап қылайын.
Алты Алашымды азғырмасын деп,
Шайтан-малғұнға тас атқылайын.

Мұхаммед жолы мұратым едің,
Жалғанның ашқан мына түнегін.
Сұраймын жылап Арафат күні,
Сахабалардың дұға-тілегін.

Бұл сапар маған жауапты мәлім,
Ішемін мөлдір сауап бұлағын.
Қаймана жұрттың арманын айтып,
Қағбаға барып тауап қыламын.

Топырақ пенен жаралған судан,
Қажылық парыз адамға артылған.
Пәк қылып мені қайтаршы, Ғаффар
Сәбидей қайта анамнан туған!
Әмин!