2014-05-14

Аружанға

Аружанға
Қызым менің, балапаным, бал тілдім,
Жүзің сенің арайланған алтын күн.
Қиялыңа қанат біткен шақтарда,
Аспандағы айды алам деп талпындың.

Қолым қысқа, әперер ем сол айды,
Әттең, оның сәті келмес орайлы,
Саған ғана бағындырып қояр ем,
Мынау әлем болса маған қолайлы.

Кейіпкері боламын деп ертектің,
Дегеніңе жету үшін тер төктің.
Күнікейдің күйін кешіп кей сәтте,
Күн астында өз-өзіңе серт еттің.

Армандасаң ажарланып түр кейпің,
Үмітіңнің отын сонда үрлейтін.
Сенің балдай балалығың қымбат қой,
Ертегідей өмір жоғын білмейтін.

Көргеніңді жеткізген соң құрметпен,
Соңыңдағы інің сені үлгі еткен.
«Білсем» дейді жұдырықтай жүрегің,
«Күлсем» дейді қос жанарың гүл-көктем.

О, кішкентай менің дана ақылшым,
Талшыбықтай өсіп келе жатырсың.
Әкесіне жақын дейді қыздарды,
Ал сен маған жақыннан да жақынсың.

Қылығыңмен құлпыртасың уақытты,
Сенен артық таба алам ба, жақұтты?!
Ардың жолын адал басып, бойжетсең,
Әкең сенің ғұмыр бойы бақытты.