2014-05-24

Ризамын ұлым

Ризамын ұлым
Ризамын айналайын, ұлым саған,
Сен туып сәулеленді ғұмыр-санам.
Тіліңнен былдыр-былдыр бал төгіліп,
Барады құлдыраңдап құлыншақ ән.

Лайланбас мөлдіріндей тұнық көлдің,
Көзіңнен алаулаған үміт көрдім.
О, менің тәй-тәй басқан ізбасарым,
Кіргіздің сәнін күнде күліп төрдің.

Жаны жаз жарығым-ай, жанары күн,
Кім жақсы көрмес дейсің «жаман» ұлын.
Асыр сап сенің тәтті қылығыңмен,
Менің де бірге ойнап жүр балалығым.

Қараймын тоймай сенің ойыныңа,
Періште перзентім ең ойы бұла.
Менен де биіктерге жетсе екен деп,
Мінгізіп көтеремін мойыныма.

Әкеңнің түсінерсің дертін, ұлым,
Басқадан болса екен деп өр тұғырың.
Марқайып саған қарап отырамын,
Баулыған қасқыр сынды бөлтірігін.

Аққанат балапаным, алданышым,
Сен тудың тамырымды жалғау үшін.
Тұяғым бүтін жүрер өзің барда,
Әрдайым биік тұрар ар-намысым!