2014-04-24

Баспанасыз ақынның монологы

Баспанасыз ақынның монологы
Шарадай болып шақшадай басым,
Қаңғырып жүрмін үй іздеп.
Киіз жапса да аспан айнасын,
Ұлтарақ болар киіз жоқ.

Құнымыз бақыр құл болғаным ба,
Ертеңім бұлдыр, дерексіз.
Ұлтыма адал ұл болмадым ба,
Ешкімге болдым керексіз.

Қазақтың дархан даласынан да,
Баспана болар қуыс жоқ.
Қалтасы қалың баласынан да,
Жанашыр, жақын туыс жоқ.

Мен бәлкім өстіп қаңғырып өлем,
Ақырын берсін, ағайын!
Қасымның салған даңғылыменен,
Өлеңнің отын жағайын.

Бастадым мұңлы әуенді бүгін,
Жанымды жегі жегесін.
Тәуелсіз елдің тәуелді ұлымын,
Ағалар неге демесін.

Жанымды жалдап баспанам үшін,
Тентіреп жүрмін теңге іздеп.
Бабамның жалғап бастаған ісін,
Қуған жоқ едім шен, қызмет.

Жоғалсам егер құрбан басыммен,
Жаз өтсін мейлі, күз келсін.
Өлең боп ағып құмдарға сіңген,
Ізімнен ғана іздерсің.