2014-05-09

Көкдөнен

Көкдөнен
Бүгін де кіріп, көкдөнен түсіме менің,
Көңілімді бұзды күлдірлеп кісінегенің.
Жасыңнан баптап өсірген жануарым-ай,
Сүлеймен болсам тіліңді түсінер едім.

Кісінегенің ол қыстың қаттылығы ма,
Балгердей баға бере алман ат қылығына.
Тұлпар мінезді Тұранның ұлы емеспін бе,
Кеудемнен кәусар жырларым атқыды мына.

Есімде менің тай кезден тарап жалыңды,
Бәйгеден озсам деген сол бала арманымды.
Әкемнің маған атаған бәсіресі едің,
Тілеуші ем тура аш бурадай жаранғаныңды.

Құйындай шауып төсінде ағызып белдің,
Сауырыңнан жерге ащысын тамызып тердің.
Жексенбі күнгі ауылдың тай жарысында,
Құйғытып қамшы салдырмай қара үзіп келдің.

Жүйткіген жүйрік болған соң тек іздегенім,
Сезімім шалқып ұқсаған теңізге менің.
Балаша жуып, жабулап, жанымды салып,
Сұлыдан басқа дақылды жегізбеп едім.

Шабандоз жастық мұнымен тоқталмас анық,
Әбзелдеп мініп, ел-жұрттан оқшау жасанып.
Маңғаздау қарап, өзімді сері сезініп,
Ортаға олжа салғанмын көкпарға шауып.

Ол шақта сидаң бозбала жел жұқпа мінез,
Ат десе асын тастайтын болдық қағылез.
Бойжеткен көрсек бұрқанып бойда қан тасып,
Ағызып шауып алатын албырт тағы кез.

Жарысып желмен, заулатып, ұшырып арман,
Кезім де болған қамшымен құс ұрып алған.
Келмеске кеткен балалық кезді сағынам,
Басқаны қойшы, тақымның қышуы қанған.

Есейдім, сосын оқуға қалаға кеттім,
Соңымда қалды барлығы балаң әлектің.
Кекілі майда дөненім кермеде тұрды,
Қоштасқан қарап легіне далада көптің.

Жылдарым жылжып, күн арты күнім жүріпті,
Шаңырақ құрдым еткен соң білімді құтты,
Тойыма менің баяғы дөненді сойып,
Қазақы мінез ата-анам ырым қылыпты.

Тарланды мінбей қайтейін тамсанып онша,
Ат көрсем қазір мұңаям, барша қуанса.
Түсімде түгіл өңімде бәйгені көрсем,
Көкдөнен көңіл заулайды аңсарым ауса.