2014-05-09

Томар

Томар
Көктомар көрінесің бұлдыр-бұлдыр,
Ағады бұлағыңның сылдыр.
(атам Дүйсенғазының өлеңінен)

Томарым, жаз жайлауым туып өскен,
Суретің өшер ме екен ғұмыры естен.
Көгіңде мұнар-мұнар сағым кілкіп,
Шөбіңнен таңғы шықтың буы көшкен.

Таза ауа, тастай бұлақ жанға рахат,
Лайламас адам түгіл мал да нахақ.
Жағалай тораңғыл мен тобылғы сай
Қойнауы қой бүлдірген, тау қарақат.

Қылтиса күн кірпігі қыр астынан,
Бусанып салушы еді буаз тұман.
Қорадан ақтылы қой тауға беттеп,
Шегіртке секіретін гүл астынан.

Ойнақтап құлыншақтар, тай жарысып,
Ит үріп, шәуілдейтін майда күшік.
Бақылап тіршіліктің сілкінісін,
Аспанда жалғыз қыран айнала ұшып.

Соныға бас қойған қой баяулайтын,
Ал әкем атын ерттеп аялдайтын.
Түндігін түріп сосын қазақ үйдің,
Соңынан отарының аяңдайтын.

«Ыңқиттап» суыр біткен тау жақтағы,
Жартастар жаңғыратын аумақтағы
Шелегін алып шешем аттанатын,
Сиырдың қорасына аулақтағы.

Бала едік ойын қуған ояна сап,
Қызыққа бала сезім тоя ма сәт?
Қанқызыл қарақаттың шырынына
Шиедей бетімізді боямасақ.

Ағашты ат қып мінген, ойын бағып,
Табанға көбелектің майын жағып.
Түсуші ек бір топ бала әбігерге,
Кешқұрым жарысуға дайындалып.

Шапқылап шыбық атпен шынығатын,
Шамамыз болмаушы еді тынығатын.
Шырылдап бөктергіден қашқан торғай,
Шыткөйлек қойнымызға тығылатын.

Ызыңдап зауза қоңыз, кіл шыбыны,
Сайрайтын сандуғаштың сыршыл үні
Анамның қазанымен қатар қайнап,
Жататын жайлауымның тіршілігі.

Күндер-ай Томарымда өткен дара,
Екен-ау өткінші бір өткел ғана.
Санамда қалған қазір сағынышым,
Жарқ еткен сәулелі сол сәттер ғана.