2014-05-09

Ән

Ән
Бір тамшы мөлт етті де жаңбыр тұнық,
Ғаламның жанарында қалды іркіліп.
Көкірегін көк аспанның жарып шықты,
Шырылдап жас сәбидей ән бұлқынып.

Дариға-ай, құдірет бұл шебер неткен,
Жаныңа гүл еккендей нелер көктем.
Көлдегі қос аққуды сұңқылдатып,
Қоңырауын бозторғайдың бебеулеткен.

Көкжиек сазды әуенге көмкеріліп,
Көңілді жатты әдемі өртеп үміт.
Кеудеге сыймай тасты асау сезім,
Теңіздей толқындары төңкеріліп.

Сырлы саз баурағанда мың жүректі,
Жапырағы тал біткеннің дір-дір етті.
Толықсып көк жүзінде ай қалықтап,
Сырғасы таңшолпанның сыңғыр етті.

Тербетіп атар таңның нұрын жарық,
Қарады қыр астынан күн ұрланып.
Балқыған тәтті әуезге ару қыздай,
Кең дүние бара жатты сұлуланып.

Жүректен төгілген соң арманы ішкі,
Әлеммен осылайша ән қауышты,
Талпынып қанат қаққан әсем әуен.
Сұңқардай шартарапқа самғап ұшты.

Ән кетті бұзып-жарып кіл бөгеттен,
Аспанын жер-жаһанның мұң боп өпкен.
Жалғызын күткен жандай сазгер ғана,
Сезімін сағынып жүр бірге кеткен.