2014-05-09

Тақсыр, өлең!

Тақсыр, өлең!
«Өлең, мен сені аялап өтем!»

Фариза Оңғарсынова

Жанымның жастайынан серігісің,
Жеткенше әлдилеймін сені күшім.
Алдыңда бас иемін тақсыр, Өлең,
Өзіңнен жақын дос жоқ менің үшін!

Жатқанда жауап таппай сұрақтарға,
Сен мені жетеледің жырақтарға.
Жалғандық жүрегімді жылатқанда,
Өзіңсің жылу сыйлап, жұбатқан да.

Жығылсам қуат бердің, жігер бердің,
Шабытпен жүз ауырсам, мың емделдім.
Төрт қатар төгілгенде көкірегімнен,
Төредей төрт құбыламнан түгенделдім.

Ол сәтте керегі жоқ байлықтың да,
Келмейді ширегіме қай мықтың да!
Байладым тағдырымды сонда саған,
Жаныма жағатұғын жайды ұқтым да.

Қоңырқай кеш түскенде мұң кештірдің.
Ағарып атқан таңмен үндестірдің.
Самғатып ала бұлттың ар жағына,
Ғарыштың ғажабымен тілдестірдің.

Сондықтан айналайын, тақсыр, Өлең,
Мен сені жанымнан да жақсы көрем.
Тірескен ақ пен қара тіршілікте.
Сен үшін неге болсын бәс тігер ем.

Тілінде сөйлеттің сен абыздардың,
Сырласқан өзіңменен маңызды әр күн.
Өң берген өміріме өлең досым,
Мен саған өле-өлгенше қарыздармын!