2014-05-09

Қара түнде...

Қара түнде...
Қара түнде жабығып қанша жалғыз,
Алыс, алыс арманды аңсағанбыз.
Жанартаудай жан мұңы жарылған күн,
Мынау жарық жалғанға жар салармыз.

Біз қашанғы жүрерміз сыр жасырып,
Жылтылдайды жүректе бір жас үміт.
Кеудедегі жұмыр ет алай-дүлей,
Бір суынып, бір ысып, бір басылып.

Жеңе алар ма, япырай, іштегі мұң,
Ғашық дерттің тамырға түскен уын.
Көзді жұмсам жұлдызды көк жүзіне
Самғап ұшып кетердей құс көңілім.

Сенделемін бір елес сезімге еріп,
Минут сайын бойдағы төзім кеміп.
Санамдағы сансыз ой сабылысып,
Өз деміме өртенем өзім келіп.

Бейне тоқтап қалғандай сағаттарым,
Қиялымның талдырам қанаттарын.
Лүпілдеген жүректің мұңын тыңдап,
Күтуменен бозарып таң атқанын.