2001-01-01

Айаруға

Айаруға
Үмітімнің жалғап берген үзігін,
Шынашақтай менің жауһар жүзігім.
Қырқасына шыққанымда қырықтың,
Қылығыңа мас қылдың-ау қызығым.

Періштедей іңгәлаған даусыңнан,
Жан-дүнием аппақ нұрға малшынған.
Жұпарыңа әтір біткен садаға,
Иіскегенше бойда шыдам таусылған.

Көзайымым, өміріме дем бердің,
Былдырлаған тәтті үніңнен емделдім
Қапелімде мынау жарық жалғанға,
Рамазанды сүйіншілеп сен келдің.

Хауыз жарған гүл секілді нәзігім,
Қыз өсіру қасиет қой, әз ұғым.
Бесік жыры, анашыңның ақ сүті,
Болашаққа болсын сенің азығың.

Әлди, әлди, әлпештеген бөбегім,
Пәк жырымның жөргегіне бөледім.
Ұлы елімнің Ай аруы болсын деп,
Жүрегімнің мейірімін төгемін.

Көңілімнің өсіретін мерейін,
Балапаным, бақытыңды көрейін.
Құлақ кесті құлы бол тек Құдайдың,
Құлағыңа азан айтып берейін,
Құлыным!