2014-05-09

Шіркін-ай!!!

Шіркін-ай!!!
Көктегі айдай толықсып келсе асыл жар,
Мойылдай қара тостаған көзін төңкеріп.
Жанымды жатар тілгілеп мың сан жасындар,
Өзегім тұрар у ішкен жандай өртеніп.

Кіршіксіз таза мақтадай жүзі албырап,
Бүлдірген ерін, бүрмелі көйлек шоқ түстес.
Баладай албырт балауса көркі балқұрақ,
Жүректі қозғап, сезімге қалай от түспес.

Көмірден қара садақтай қасын бір керіп,
Сыпайы ғана сызылып тұрса сыр бермей.
Жалынды кейпі жаныма сонда нұр беріп,
Нәрленер едім өмірдің сәні кіргендей.

Бір қағып қойып найзадай ұзын кірпігін,
Көзқарас қандай наздана қарап тұратын.
Сыңғырлап тұрған хрусталь үні күлкінің,
Еркіңе қоймай еріксіз мойын бұратын.

Қыпшабел ару қылығы сондай тартымды,
Шекердей сөзі жаныңды қоймас шөлдетпей.
Тең көрмей оған әлемдік асыл, алтынды,
Қиялда ғана қыдырсам екен қол жетпей.

Үлбіреп тұрған үкідей қалпын бұзбас өң,
Жеткізбей қойса шыңдағы аумай шынардан.
Құзарға біткен қырмызы гүлдей қызға әсем,
Қарауға тоймай, шыға алмай кетсем құмардан,
Шіркін-ай!!!