2014-05-09

Көк аспанның

Көк аспанның
Көк аспанның көз жасысың ақ жаңбыр,
Қайғыңа ортақ қанша таулар қартайды.
Күркірей гөр, мен жүрейін жалғап жыр,
Шемен болған шерім бәлкім тарқайды.

Жыласа аспан кім бар оны ұғатын,
Ақын біткен болмаса егер бір қауым.
Өтіп кеткен өрендер көп сірә тым,
Таба алмастан бұл фәнидің тұрлауын.

Әй, ғұмыр-ай, жас пен қанға шыланған,
Бұл жалғанда кімге тұтқа болдың бақ.
Жүйрік уақыт жүйткіп ұшқан қыраннан,
Асықтырып бара жатыр қол бұлғап.

Ой-санамды ауыр дерт бар меңдеген,
Көңілімді көк тұмандай тұмшалар.
Ал ақ жаңбыр бақыттысың сен менен,
Өксігіңе жердің тоңы бусанар.

Аспан сенің мінезіңе сөз басқа,
Жыла, жыла, күрсін сосын күл мейлің.
Көкірегімнен лықсып түскен көз жасқа,
Тас жүрегім жібір ме екен, білмеймін.