2014-05-09

Тарбағатай- ға...

Тарбағатай- ға...
Тарбағатайға тартып келемін,
Тулаған тарпаң көңілмен.
Туған жер, маған артық беделің,
Танымал төрткүл төріңнен.

Тариxы терең талбесік едің,
Талантты талай тербеткен.
Түсіме кірген әр кеші менің,
Тай мініп, тауда ержеткен.

Тағылар жортқан тасынан қарғып,
Тарғыл жон, жота-қырларым.
Таң шуағыңды асыл арман ғып,
Тосушы ек Шолпан туғанын.

Таңқурай теріп, бүлдіргенді үзіп,
Тамсанған күндер бір керім.
Танакөз қызбен бір жүрген қызық,
Таптырмай кетті-ау түндерім.

Тетелес өскен бауырлар қайда,
Тентектік жасап кейде біз?
Түсетін қолға "ауыр жағдайда",
Терге малшынып жейдеміз.

Тәтті күндердің куәсі болған,
Төскейі думан - шекерім!
Төбесі - қамал, жырасы - қорған,
Түпқазық атамекенім.

Топырағыңа бір аунамасам,
Төзімім бітер, таусылар.
Табиғатыңа жыр арнамасам,
Тәнімді тілер қамшы бар.

Тарбағатайым, сүйікті өлеңім,
Туымды көкке көтерген.
Түйір тасыңды биік көремін,
Таулары заңғар шетелден!