2014-05-09

Түнжарым

Түнжарым
Тұнжыр түннің тұтқынымын,
Тұманды ойға тұтылған.
Жұлдыздардың жұттым үнін,
Қиял кешіп шытырман.

Қарашығым сырға тұнып,
Мөлтілдейді қара аспан.
Құс жолымен ырғатылып,
Арманым жүр адасқан.

Жүрегіме құйдым айдың,
Аппақ сүттей сәулесін.
Көңіл шертіп күй - мұңайдым,
Тәтті әуезге танды есім.

Көкжиекке сіңді көктен,
Ағып түскен бір шырақ.
Толған айды тұлдыр еткен,
Жауабы жоқ мың сұрақ.

Түпсіз терең тұңғиықтан,
Меруерт көрдім нешеме.
Судай тұнық түнді ұйытқан,
Зерлі жиек кесеге.

Күн көрпесін бүркеп алап,
Қозғалады жата алмай.
Үркер қашты үрке қарап,
Үміт таңы атардай.