2014-05-09

Аспанмен сырласу

Аспанмен сырласу
Көгілдір аспан, көз жетпес зеңгір ұлы аспан,
Тылсымы терең құдіретіңнен кім асқан?!
Самғасам деген сағынышым бар кеудемде,
Шыңдардан асып, көкжиегіңмен ұласқан.

Төбемде тұрсың тегештей тура төңкерген,
Қымталап қырды ақ ұлпа бұлттай көрпеңмен.
Алқаңдай болып асылып тұрса ай ару,
Көркіңдей күнің нұрымен жерді көмкерген.

Жұлдызың әрбір зерделі жанға шамшырақ,
Жымыңдай күлген, сәулесі жерге тамшылап.
Сол жақта бәлкім тоғыспас ұлы тағдырлар,
Сол жақта мүмкін көкейде жүрген сан сұрақ.

Жырлайды жүрек жатса да мейлі тіл жетпей,
Серпілмес көңіл сезімнің бағын гүлдетпей.
Құпия бізге ашылмас алтын сандығың,
Сонда бір ғажап, сонда бір сиқыр сыр көптей.

Тұңғиық аспан, арманның асқақ аңсары ең,
Қатпарыңда бар, қаншама уақыт, қанша рең.
Өзіңнен ғана сүйеніш табар секілді,
Қойнауыңдағы қамсыздау жатқан барша әлем.