2014-05-09

Арман-ару

Арман-ару
Сыпайы күліп, сызылған сымбатты жүзің,
Қалдырып кетер жүрекке жұмбақтың ізін.
Көзіңнен қалқам, пәктіктің ұшқынын көріп,
Жатсам ба деуші ем өзіңді жырлап күн ұзын.

Қос алма бетің алаулап, ырғала басып,
Сағымға сіңіп кетесің, нұрға араласып.
Тамшыдай ғана сезімді теңіздей етер,
Жүрегім сұлу аққудай сұлбаңа ғашық.

Лапылдап жүзің, жанарда лаулаған отың,
Ерітіп жанды, көңілді баурап алатын.
Естілсе болды есімнен адаса берем,
Сыңғырлап күлкің бұлақтай таудан ағатын.

Сүмбіл шаштарың толқындай бұйралап қойған,
Тәңірім тарту еткен сол сый ма, бақ па айнам.
Сабырлы, салқын сөзіңе іңкарым артып,
Ибалы қалпың аспайтын инабатты ойдан.

Жаныма жәрдем іздесем жақын арудан,
Періштем сенсің шығатын қапыда нұрдан.
Мен қайың болсам, сен күнсің күлімдеп келіп,
Шуағын сыйлар жан кетсе жапырағымнан.