2014-05-10

Қырық жас

Қырық жас
Қылтиып қыр астында қырық жас тұр,
Шынымен өзгере ме, ғұмыр, дәстүр?!
Талабы бұрынғыдай болмағанмен,
Жалауы жас деуші еді жығылмас бұл.

Жан едік суырғандай майдан қылшық,
Жарды екен қырық келіп қайдан бүршік.
Жанында жиырма бестің тұра бермей,
Зырылдап неге сонша айналды ұршық?

Жөн екен Жаратқанның жарлық сөзі,
Уақыттың жетпесе де шалдық кезі.
Көңілің бәз қалпында тұрғанымен,
Жігіттің ағасы боп қалдық па өзі?

Жүретін дүниені тындырғандай,
Шіркін-ай, дәурен еді бұл бір қандай?
Асаудай арпалысқан құрық тимей,
Беу, жастық, қайда қаштың жын қуғандай?

Қалдың ба, жәутең қағып тәмам қызық,
Кететін жүрек тулап, табан қызып.
Мені де тағдыр талқы сынға салып,
Көрсін деп жатырмысың қамал бұзып?!

Жә, онда тәуекел деп жасқанбадым,
Әлі де ұша қоймас бастан бағым.
Ағалар жүріп өткен даңғыл жолдың,
Көрейін басып мен де баспалдағын.

Елеңдеп қарай берем қыр басына,
Сол жерде қырық күтіп тұр ма, сірә!
Отызым орда бұзған қош бол енді,
Айналған талай жылдар сырласыма.

Япырай, қырық деген таяды ма ай,
Жанымды шағып жатыр шаян ұдай.
Айтқандай Мұқағали онда маған,
Ақылын бер, арын бер ая, Құдай!