2014-04-24

Көз алдымнан...

Көз алдымнан...
Көз алдымнан бұлбұл ұшқан көп күндер,
Ынтығымның ығын бағып өттіңдер.
Жалт-жұлт еткен мынау жарық сәуленің,
Жанып біткен күліндей боп кеттіңдер.

Елес қуған күндерім-ай, тек шығын,
Кеше қызық, бүгін болды жексұрын.
Өткен уақыт өкінішім, өксігім,
Тамырымда тулап жатыр көп сырым.

Көншарықтай жұқарады жүйке құр,
Жүрегім тас болмаған соң, ми темір.
Қасқырдай боп қасарысқым келеді
Балағымнан тартқыласа ит өмір.

Беу, дүние-ай сендей ұлы көш бар ма?
Есер күнге ере алмаспын ес барда.
Тым болмаса сұңқарлардың сорын бер,
Сор мен бақты айырмайды еш қарға.

Жүйрік уақыт кешпе мені көз ілсем,
Қара бұлттай қасіретім бар, сезінсең.
Кеудемдегі мұң мен шерді тарқатып
Өлең болып ағыл-тегіл төгілсем.

Жан-тәніммен соны ғана қалар ем,
Сағыныш бер сарғаятын санамен.
Сонда ғана мұңымды жұрт түсініп,
Бақытымды бағалайды бар әлем.

Өлең тумай өткен күндер уайым,
Уайымды қай бетіммен қуайын.
Ей, тағдырым жырға толы ғұмыр бер,
Өлгенімше тірі жүре тұрайын.