2014-05-10

Еседі самал...

Еседі самал...
Еседі самал Ертістен,
Өседі кейде дерт іштен.
Бүгінге дәру болар ма,
Кешегі сырлар шертіскен.

Еседі самал Ертістен,
Өтті ғой күндер өрт ішкен.
Тоңтеріс болып кетті деп,
Сыртымнан достар тон пішкен.

Еседі самал Ертістен,
Өзекке содан шер түскен.
Сергелдең болып бара ма,
Серілік күндер серті үстем.

Еседі самал Ертістен,
Кездер көп бағым кем түскен.
Тұлпардың күні кімде бар,
Тұяғы жерге тең түскен?

Еседі самал Ертістен,
Қиянат көрсем олқы істен.
Қуат бер, маған жүрегім,
Кірісер қайта зор күшпен!