2014-05-10

Көріктім менің...

Көріктім менің...
Көріктім менің көңілдің дерті ең,
Көктемім бе едің, көгілдір көркем?
Басқанда қайғым, аспандағы айдың,
Нұры боп маған төгілдің бе еркем?

Аңсарым да сен, өзің құмарым,
Тұндырған бойға сезім бұлағын.
Жылытардай мұң, ұмыта алмаймын,
Мөлтек сыр тұнған көзіңді жаным.

Нұрлы еді жүзің, сырлы едің неткен,
Шашылған шуақ күлгенің көктен.
Ізгі лептердің, Қыз Жібектердің,
Жалғасы болып жыр ма едің жеткен?

Шекердей сөзің, шырындай тілің,
Құлпырып тұрар құбылмай түрің.
Қарасың бөлек, жарасымды ерек,
Сызылып қана сырыңды айтуың.

Сабырлы ма едің, ұстамды ма едің?
Сонда бір тылсым күш бар білемін.
Шыдамын сарқып, тұрады балқып,
Өзіңді ғана құшқан жүрегім.

Сананы баурап алатын жансың,
Көңілде мәңгі қалатын даусың.
Көктемім дара, тек менің ғана,
Бақытым болып жаратылғансың!