2014-05-10

Құлазу

Құлазу
Құлазисың сен неге, көңіл жазған,
Адам ба әлде, баянсыз өмір ме азған?!
Пенделерді қайтеміз, пейілі тар,
Бір-бірінің күрексіз көрін қазған.

Жылуы жоқ жалғанда жетім кеудең,
Өкпелеуден пайда не, өкінгеннен?!
Ірілерді жоқтаймыз өлгеннен соң,
Тірілердің қорықпаймыз етін жеуден.

Кімнен көрем, білмеймін, кім жазықты?
Ойлай-ойлай жүректі мұң қажытты.
Ұлттың қамын жейтіндей ұлықтаймыз,
Ұрлықпенен күнелткен ұрдажықты.

Ынсапсыздар жайласа мүлде өлермен,
Қысқа жібім келер ме, күрмегенмен?!
Құлқынына құл болған құлықсыздар
Мінсіз жандай сөйлеп дүр мінбелерден.

Қырандарды көзге ілмей жүз мыңдаған,
Айырбастап алдық па құзғынды оған!
Қарияның сөзінен қайыр кетсе,
Қайда барып тірелер біздің қоғам?!

Бауыр тасқа айналса тән бұзылып,
Қиянат та көбейер қан қызынып.
Көз ұшында бір сәуле жылтылдайды,
Жаратушым, өзіңде жалғыз үміт!