2014-05-10

Бакудің түні

Бакудің түні
Бакудің түні топ-торғын,
Аспаннан сан мың от көрдім.
Каспийдің сылқым сылдыры,
Көңілге толқын боп келдің

Бакудің түні – айлы түн,
Жаныма сондай жайлы тым.
Жартыкеш аймен мұңдасқан,
Жүрегім менің қай бүтін?

Бакудің түні – мақпал түн,
Самалы қандай сап-салқын.
Ай нұрын жұтқан айдын су,
Бетіне сәл-пәл жақты алтын.

Бакудің түні – жақсы түн,
Басқаға қимас бас бүтін.
Сәбидей шалқып су жатыр,
Аспанның еміп ақ сүтін.

Жел қала түні-ай желпінген,
Салқардың сәнін келтірген.
Тұп-тұнық аспан астында,
Мөп-мөлдір сырлар шертілген.

Ай батса түсі қоймалжың,
Теңізге қарап бой жаздым.
Каспийдің арғы бетінен,
Астана түнін ойға алдым.

P.S. Сағыныштан шығар….