2014-05-10

Қарқаралы. Құнанбай мешіті.

Қарқаралы. Құнанбай мешіті.
Нәр алған кербез тауы бұлт-анадан,
Ұнайды қарағайлы қырқа маған.
Құтты өлке Қарқаралы даласынан,
Бір кезде Сарыарқаға дін тараған.

Ол заман мұңлы қандай, шерлі қандай,
Тұрған шақ қазақ әлі теңдік алмай.
Сол уақта мұсылманның баласына,
Салдырған сәнді мешіт Ер Құнанбай.

Дарыған бабасынан бар ізгілік,
Иманға салған жолы - маңызды үміт.
Жасаған жақсылығын Құнекемнің,
Айтып жүр ел-жұрт әлі аңыз қылып.

Ол жерде тәлім алған Абай бала,
Алашқа таң боп атқан арайлана!
Ұстаздан дәріс алып, намаз оқып,
Мешіттен шыққан дейді талай дана.

Мың алғыс бабаларға қайран, батыл,
Ұлт үшін байыптаған байламды ақыл.
Әлихан, Ахмет пен Мағжандардың,
Іздері сол мешітте сайрап жатыр.

Тұнығын халқымыздың лайлаған,
Құдайсыз күн туарын кім ойлаған?!
Жарықтық Құнанбайлар білген де жоқ,
Түлкідей құбыларын бұлай заман.

Жек көрген мұнаралы сәулеттерді,
Қазаққа жаңа ғасыр жау боп келді.
Кедейден кемел одақ құрмақ болған,
Мемлекеттен мешітке нәубет келді.

Орнатып дінсіз қоғам ел сендірер,
Тексіздің қылығынан теңселді жер.
Билікке Кеңес келген кер заманда,
Қиратпақ болған екен белсенділер.

Сенді ме сары қолға самсап тұрған,
Жан ба әлде, жауыздықты аңсап туған?!
Қолында балтасы бар бір әумесер,
Күмбезін құлатам деп жан тапсырған.

Көрген сәт өлім құшқан сұм жігітті,
Жиналған жұрт жігерін құм қылыпты.
Батылы жетпей талай жандайшаптың,
«Өртейміз, өртейміз» деп дүрлігіпті.

Алла үйі қойған өртке жанбай қапты,
Бұл хабар шошытыпты таулы аймақты.
Көзіне кейбіреудің жын елестеп,
Қайбірі құдіретке таңдай қақты.

Түн санап қызылдарсыз көрген күнін,
Арының бәлшебекке берген құнын.
Бір надан жарқыраған айын атып,
Өзінше дәлелдепті мергендігін.

«Бір оқпен құлатам» деп мақтаныпты,
Мүлтіксіз арам ойын атқарыпты.
Сол сәтте домаланып, қол-аяғы
Бүрісіп о дүниеге аттаныпты.

Бұдан соң қойыпты жұрт белсенуді,
Жоғалтпай біраз жылдар мол сенімді.
Соғыстан кейін ғана кітапхана,
Одан соң пионерлер кеңсе қылды.

Жасай ма, жас пионер екен мінсіз бәрін,
Білдірсе «Құдай жоқ» деп құлшынғанын.
Ішінен ғимараттың жан сенгісіз,
Сезіпті Жаратқанның тылсымдарын.

Бұл дерек мүмкін шындық, бәлкім аңыз,
Жеткізген оқиғаны халқым абыз.
Бастысы, Құнанбайдың ерен ісі,
Соңында жатқан даңғыл жарқырап із.

Өткізген жұртта талай шер-мұңды азап,
Осындай әпсана бар ең бір ғажап.
Абайдай ұл сыйлаған дүр бабамша,
Өз дінін сүйсе шіркін, әрбір қазақ!

Алладан басқа ешкімге еркін басын
Имеген атасынан ер туғасын.
Атыңнан айналайын, тәуелсіздік,
Танытқан Құнекемнің зор тұлғасын!

Ағылған жамағаты жайсаң халық,
Мешіттің мерекесі байқалды анық.
Бес уақыт мұнарасы саңқылдайды,
Қауышқан азанымен қайта айналып.

Төрі ғой Қарқаралы жердің манат,
Көруге барсаң егер сен бір қалап.
Азаттық жаршысындай Құнанбайдың,
Мешіті қол бұлғайды менмұндалап!