2014-04-24

Күй. Ақ жауын. Көкшетау.

Күй. Ақ жауын. Көкшетау.
Сол кеште мұңға бөлеп мың жүректі,
Шанағы домбыраның күмбір етті.
Ақжауын жапырағын нұрмен жуған,
Ақ балтыр ақ қайыңдар дір-дір етті.

Кең дала күйге балқып балбырады,
Басылды кәрі еменнің қалжырауы.
Мөлдіреп жанарынан аққан бұлақ,
Қараңғы түн батқанша тау жылады.

Тамшысы тиген сәтте шымши жанды,
Алыстан сыңар аққу сыңсиды әнді.
Толқыны толықсыған көл сұлу да,
Бір сәтке арнасында тынши қалды.

Қанғандай тал-қайыңның құмарлары,
Көкшенің дүр сілкінді шынар бағы.
Құлаған көкжиекке күн шапағы,
Бұлқынып бұлт ішінен шыға алмады.

Жан беріп тамырына құйған нәрі,
Ақша бұлт ақ теректі сүйді арманы.
Бусанып Көкшетаудың сай-саласы,
Ғаламды бір ғажайып күй баурады.

Бір сәтте бойдан кетіп мың күнгі азап,
Шыға алмай сол сезімнен тұрдым ғажап.
Шеріңді шемен болған күймен жуып,
Дәруін тапқан қалай мұңның қазақ!

Жадырап жасыл дүние жан-жағымда,
Көңілім тұрды Оқжетпес заңғарында.
Күй болып аймалаған жер жаһанды,
Айналып кеткім келді «Ақжауынға»!