2014-04-24

Қош келдің, мамыр!

Қош келдің, мамыр!
Кернейлетіп келдің бе, кербез мамыр?
Желкілдетіп бұлттарды жел -бозбауыр.
Шемен болған көңілдің тоңы кетсін,
Шеру тартып, тереңнен шер қозға бір!

Сен келгенде ентелеп, бұза кіріп,
Жылу кірді - жанымнан сыз атылып.
Сәукелесін киіп ап сәуір кетті,
Сыңсу айтқан сұлудай ұзатылып.

Көкте күн де мойындап күле берді,
Ұлы шебер жаратқан ұлы өнерді.
Жаздың нұрлы жамалын сүйіншілеп,
Қызғалдақтар дүркіреп түрегелді.

Мөлдір шуақ мейірін бірден төгіп,
Жалқын нұрға дүние тұрды өртеніп.
Мамыражай кең әлем масайрады,
Аспан астын, жер үстін гүл көмкеріп.

Қарағай да, терек те, қайың да асқақ,
Бұлбұлдар жүр өмірдің тойын бастап.
Қоңыр қырлар күпісін шешіп әлек,
Жасыл желек шапанға айырбастап.

Аққу сыңсып, қаңқылдап саралақаз,
Жан-жануар шұрқырап, далада жаз.
Шапағына шомылып күн арудың,
Кәрі де мәз, жас та мәз, бала да мәз.

Құдірет қой баураған тілсіз жанды,
Қарап тұрсам тоймаспын үнсіз мәңгі.
Жанарыма жасылдың нілі сіңіп,
Жүрегімде мың арман бүршік жарды.