2014-04-24

Түнгі элегия

Түнгі элегия
Тұп-тұнық көзді, ажарлы кейіп, гүл ерін,
Жүзіңнен жарқын көргендей болам таң нұрын.
Қорғасын болып балқыған бейне жүрегім,
Күлкіңе ғана садаға қылсын тағдырын.

Сәндене басқан сұңғыла бойың сәнбі тал,
Еңлікгүл ме едің, қарасам көзім тоймайтын.
Сағынған сәтте санамды саққа қаңғытар,
Қиялдан биік қылықтым менің, ойлайтын.

Жұқалтаң өңге қияқтай қасың жарасып,
Арайлы жүзің тауысар бір сәт төзімді.
Дегбірім қашып қадалған сәтте қарашық,
Сөйлемек түгіл жоғалтып алам өзімді.

Көкжиектегі шұғыла-нұрдай көркіңнен,
Соқырдың өзі сұлулық сырын ұғатын.
Алыстау жерде бір шарпып өткен өртіңнен,
Сезімтал жаным шала мас болып тұратын.

Ғайыптан келіп жанымды еттің наласыз,
Шайтан мен жыннан шалдыққан мынау шағымда.
Жете алмай құлап, шалғынды қабам шарасыз,
Арманым болып айналып кетсең сағымға!