2014-05-04

Мемлекеттік рәміздер күніне орай кемеде концерт өтті

Мемлекеттік рәміздер күніне орай кемеде концерт өтті
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай ерке Есілдің толқыны жыр мен әнге тербелді. «Патриотизм толқынында» деп аталатын осы мерекелік шарада 500 жас флешмоб өткізді, – деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласындағы Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастырған «Менің Қазақстаным! Менің Астанам!» атты кең көлемді патриоттық шарасы аясында өткен Есілдегі ерекше кездесуде белгілі ақын Қалқаман Сарин, Серікзат Дүйсенғазы патриоттық өлеңдерін оқыды. Ерке есілдің толқынына тербелген кемеде ҚР мәдениет қайраткерлері мен танымал әншілер өнер көрсетті. Ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған үш кемеде көк туымыз желбіреп, жалынды жастардың биін қала халқы тамашалады. Өзен бойында 500 жас қатысқан флешмоб өтіп, өздерінің Отанға деген сүйіспеншілігін бейнелеп жатты.

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің тұтастығы мен дамуына үлес қосар кейінгі буынды ұлттық рухқа баулу арқы оларды еліміз елтаңбасын, туын және әнұранын құрметтеуге шақыру мақсатында өткен шараға қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті Дарын Көрпебаев мерекелік көңіл-күйін жеткізді.

«Менің құрбыларымның барлығының Отанға деген махаббаты ерекше. Ал, Отанды сүю мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады деп түсінемін. Сондықтан, патриоттыққа баулитын осындай іс-шараларды елордамызда ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында кең көлемді етіп өткізуге татиды дер едім»,-дейді Д.Дулатұлы бауырымыз.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған бұндай формасы өзгеше рухани жүздесу мен жастар шоуы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Майгүл СҰЛТАН,
baq.kz порталы