2014-05-04

«Энергетика және байланыс колледжінде» оқылған дәріс

«Энергетика және байланыс колледжінде» оқылған дәріс
Астана қаласы әкімдігінің «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚК-ны мен «Астана қаласының тілдерді дамыту басқармасы» ММ-нің бірлесіп өткізген іс-шарасы туралы мәлімет.

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тіл саясатын түсіндіру, мемлекеттік тілдің рөлін анықтау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің «Энергетика және байланыс колледжінде» зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дәріс ұйымдастырды.

Аталған дәріске мемлекеттік тілде оқытылатын топтар үшін айтыскер-ақын, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Дүйсенғазин Серікзат Мақсұтұлы шақырылды. Өз дәрісінде Серікзат Мақсұтұлы « Қазіргі қазақ тілінің болашағы бізді алаңдатады. Себебі, алысқа бармай-ақ, мына сендер, оқушылар, сабақ барысында қазақша оқып, қазақ тілінде сабақ айтқанмен, сыртқа шыға салысымен өзара орыс тілінде сөйлесесіңлер? Неге? Өйткені ақпараттың бәрі орыс тілінде. Теледидар, интернет,т.б.

Өткен тарихымызға үңілсек, ата-бабамыз қай кезде болсын ұлт үшін, жер үшін, тіл үшін күрескен, жан берген. Сол Абылай,Әбілхайыр, Сакен, Ахмет ағаларымыз жетпеген арманға біз жеттік. Бұл Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген қазақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Тәуелсіз елімізде ана тіліміздің тазалығын сақтап, беделін түсірмеу сендерге байланысты екендігін ұмытпау керексіңдер.

Тарихтан белгілі, тіл жойылған жерде ұлт жойылады. Расул Ғамзатов өлеңінде жырлағандай:

«Егер менің тілім ертең өлсе,
Бүгін мен өлуге дайынмын»

немесе М.Әуезовтың: «Өз ана тілін білмеген адам рухани мәдениетті емес» деген сөздері тегін айтылған жоқ.

Тәуелсіздік дегеніміз – рухани тәуелсіздік. Олай болса, өз жерімізде, өз елімізде ана тілімізде таза сөйлеу – баршамыздың борышымыз.»-дей келе, білім алушылардың сұрақтарына жауап берді.

Орыс тілінде оқитын топтар үшін дәріс оқуға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің – қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Темірбеков Омар Жәнелұлы шақырылды. «Қазақ тілінің рухани дамуы» мазмұнындағы дәрісінде, Омар Жәнелұлы « Қазақстан Республикасының Азаматы деген сөз нені білдіреді? Қазақстан Республикасының Азаматы дегеніміз осы Қазақстанда тұратын барлық ұлттың өкілдері. Азамат өзінің Отаны, елі үшін қызмет етуі керек. Кейбір адамдар өзім үшін өмір сүремін деп те айтып жатады. Оны қалай түсінеміз? Абай айтады: «Өзің үшің өмір сүрсең, өзі үшін оттаған хайуаннан айырмашылығын болмайды». Адамның күні адаммен деген сөз тағы бар. Негізінде, адами қасиеттер адам адамға қызмет ету арқылы ғана ашылады. Мысалы, мұғалім жоғары оқу орнында оқып білім алды, жақсы оқыды делік. Бірақ сол білімін оқушыларға бермесе, үйретпесе, дұрыс деп ойлайсыңдар ма? Жоқ! Әр адам өз бойындағы жаман қасиеттерін жеңіп, жақсы жақтарын дамыта білуі керек.Азамат дегеніміз азаматтық сана-сезімі дамыған адам. Өз елін, жерін,Отанын мақтаныш ету. Табиғатын сүю, қорғай білу. Мен Қазақстандықпын деген атқа лайық болу» -дей келе, ұлттық болмысымыздың , ұлттық рухымыздың тірегі-тіл деген ой тұжырымын жасады. ЭЛС-13 тобының оқушысы Семенов Андрей : «Азаматтық ұғымын енгізіп біз ұлтық болмысымыздан айырылып қалмаймыз ба?»-деген сауал, Шалтаев Айжас: « Сонда біз тек қоғам үшін өмір сүру керекпіз бе?» -деп сұрақ қойды. Омар Жәнелұлы бұл сауалдар аясында пікір-талас туындата отырып , азаматтық , ұлттық намыс пен ұлтшылдықты, адамдық қасиет пен өзімшілдік ұғымдарының мағынасын ашып көрсетті.

Дәріс өте қызықты мазмұнда өтті. Қоғамымыздың тіл жанашыры, зиялы қауымымен өткізілген тәрбиелі де , мәнді кездесу өз мақсатына жетті. Осындай кездесулерді алдағы уақытта да өткізіліп отырса, тіліміздің мәртебесі мен рухани дамуының жетістіктерін көретініміз анық.