2014-04-25

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин атында арнайы сынып ашылды

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин атында арнайы сынып ашылды
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтыс сахнасына шыққан санаулы ақындарымыз бүгінде айтыстың қыр-сырын меңгерген сақа жүйріктерге айналды. Жұрт жүрегінен жол табар жалынды жырлары арқылы әр қайсысы өз бигінен көрініп, соңына ерген ұл-қыздардан шәкірт тәрбиелеп, оларды да дүбірлі додаларға қосып ел қошаметіне бөленіп жүр. Сол айтыскерлердің бел ортасында жүрген өзіндік қолтаңбасы мен стильін қалыптастырған, бүгінде еліміздің беделді оқу ордасында ұрпақ тәрбиелеп жүрген, Шығыс Қазақстанның тумасы Серікзат Дүйсенғазин.

Желтоқсанның 23 жұлдызы арқалы ақынды құрметтеген ауылдастарының арқасында, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазин атында арнайы сынып ашылды.

«Қазақ тілі, әдебиеті» сыныбы ішінен ақын атына берілген сынпқа облыс әкімшілігі, аудан басшылығы қолдау көрсетуімен «Туған жерге-тағызым» акциясы» аясында ашылды. Аталмыш сыныптың ашылу салтына ақынның алыс-жақыннан туыс-туғандары, дос-жарандары, ауылдастарынан басқа Ринат Зайтовтың әкесі Рифхат Зайтовта болды. Сонымен бірге, айтыс сахнасында бірге жүрген әріптестері Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Қалқаман Сарин сияқты жазба ақындар да астанадан арнайы ат терлетіп барды.

Сыныптың ашылу салтында Серікзат Дүйсенғазин ауылдастарына өнер жолындағы еңбектерінің жемісі болған «Шетел әдебиетінің тарихы» сияқты кітаптарымен қатар, ғылыми монографияларын, жыр жинақтарын, публицистикалық, ғылыми бағытта жазылған көптеген мақаларын, өзі құрастырған әдеби, ғылыми-танымдық жинақтарын, «мөлдіреген жанарым» атты өзі сөздерін жазған ән жинағын жиналған жұртқа тарту етті. Сондай-ақ, төл туындыларынан сырт филология ғылымдарының докторы, профессор Мақпал Оразбектің, педагогикалық ғылымдарының докторы Бақтай Нұрбектің, Журналист, ғалымМұратбек Тоқтағазиннің еңбектерін де ауылдастарына таныстырып таратты.

Кешке, елімізге белгілі әншілер Серікзат Дүйсенғазиннің сөзіне жазылған әндерді орындап, ақындар жырдан шашу шашты.

Аймедет Тоқсанбай
“kazaitys.kz”