2014-04-22

Төрт кітаптың тұсауы кесілді

Төрт кітаптың тұсауы кесілді
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасыныда «Айтыстану» ғылыми жинағы, Аманжол Әлтайдың «Ақын-жыраулар поэзиясы» оқулығы, «Аманжол-Сара» айтыс жинағы және Серікзат Дүйсенғазының «Қарашығымда көшкен бұлт» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салтанатты жиынға Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сынды көрнекті қоғам қайраткерлері, айтыс ақындары және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұстаздары мен студенттері қатысты.

Қазақ халқының ғасырдан ғасырға өлмей, сөнбей келе жатқан атамұрасы айтыс өнерін зерттеп, зерделеу ғалымдарымыздың басты мақсаттарының бірі болған. «Айтыстану» кітабында А.Байтұрсыновтан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы зерттеуші ғалымдарымыздың айтыс жайлы ой-пікірлері, құнды ғылыми еңбектері жинақталған.

«Әдебиет тарихындағы алтын ғасырлардың бірі – хандық дәуірі кезеңін қамтитын қазақтың ақын-жыраулар поэзияасы. 2001 жылы Мырзатай ағам іргелі оқу орнына алдырғаннан бері жыраулар поэзиясынан дәріс оқып келе жатырмын. Соның жемісі осы 15-18 ғасырлардағы «Ақын-жыраулар поэзиясы» атты еңбекті өмірге әкелді»,-дейді автор Аманжол Әлтай.

«Аманжол – Сара» кітабына қазақтың қасиетті бекзат өнері айтыстың Алаш таныған айтулы қос дүлдүлі Аманжол Әлтай мен Сара Тоқтамысованың бірнеше айтысы топтастырылған. Сондай-ақ, белгілі қаламгерлер мен өнер зерттеушілерінің жыр додалары туралы талдау-сараптама мақалалары да жинақта жарияланған.

Айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазының тұңғыш өлеңдер жинағы «Қарашығымда көшкен бұлт» болса сыршылдық пен шынайылық тұнған кітап.

«Айтыс – Алланың қазаққа берген сыйы ғой. Арамызда қазақ халқына айтыс өнерін мен алып келдім деп айтушылар бар. Мемлекет болған соң бұл жерде мемлекеттің билігінсіз ешнәрсе болмайды. Айтыс болсын, салт-дәстүр болсын барлығының қайта жандануына еселі еңбек еткен адам Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз еді. Аманжол Әлтай – кешегі сал-серілердің жалғасы. Қалыптасқан ата салтымен айтысып жүр. Кезінде мен Аманжолды Еуразия ұлттық университетіне Қарағандыдан жаныма қырық кісі ертіп алып аттай қалап алып келген едім. Ол үмітімді ақтады. Бүгінгі айтыс өнеріне байланысты шыққан жинақтардың барлығы Аманжолдың айтыс өнеріндегі мол ізденістерінің жемісі. Серікзат Дүйсенғазиннің «Қарашығымда көшкен бұлт» атты жинағы жайында айтар болсам, жинақтың аталуы да ерекше, жүрекке жылы тиетін атау. Серікзаттың өлеңдері тұнып тұрған лирика. Оның айтыстарында да өзгешелік бар»,- деді жаңа жинақтарға жоғары бағасын берген қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

«Біз көбінесе жырау дегенді шатастырып жүрміз. Жыраулардың дәуірі – хандық дәуір. Ақын мен жыраудың миссиясы мүлде бөлек. Қазіргі айтылып жүргендердің барлығы жыршылар. «Ақын-жыршылар поэзиясы» – хандық дәуірдегі әдебиет. Ал Аманжол мен Сараның айтысы ылғи эпикалық айтыс болып шығады. Олар үлкен дүниелерді айтады. Аманжолдың айтысының ерекшелігі – ол көркем, мәдениетті айтысады. «Айтыстану» ғылыми жинағы айтыс өнерін дәріптеген, зерттеген құнды дүние. Ал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының «Қарашығымда көшкен бұлт» жинағы лирикамен қоса туған жерге деген сағыныш, елін, жерін аңсаған сезімін көркем көрсете алған. Бұл кітаптың өмір ұзақ болады деп сенемін. Әрі әнші, әрі композитор Серікзаттан біз әлі талай кітаптар күтеміз»,-деді академик Сейіт Қасқабасов.

Тұсаукесер рәсімі кезінде ақын Аманжол Әлтай мен Серікзат Дүйсенғазының өлеңдерін шәкірттері оқыса, әншілер ақын әндерін орындады.

Майгүл СҰЛТАН,
Ғабит МАДАЛИЕВ (фото)