2017-05-20

​Республикалық айтыстың бас жүлдесін қарағандылық ақын иеленді

​Республикалық айтыстың бас жүлдесін қарағандылық ақын иеленді
"Ақтөбем менің еңселі, жырыма қосам мен сені!". Осындай атаумен облыстың 85 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Айтыскерлер екі күн бойы ширек ғасырда облыстың және Қазақстанның жеткен жетістіктерін жырға қосты.

Жыр сайысын жерлесіміз ақын Қайнар Алагөзов ашып берді. Суырып-салма айтысқа құмар көрермен елге танымал Қайнар Алагөзов, Ершат Қайболдин, Рүстем Қайыртай, Данияр Алдабергенов сынды 20 ақынның өнерін тамашалады. Айтыскерлерді Ақтөбеге белгілі ақын Жүрсін Ерман бастап келді.

Бұл жолғы айтыс та тартысты өтті. Сынға түскен ақындар – халықаралық, республикалық додаларда топ жарып жүрген жыр жүйріктері. Бұл күндері облысымыздың айтулы жетістіктері көркем сөзбен кестеленіп, елдің елдігі, ердің ерлігі сөз болды. Қазақ халқының даналығы, дархандығы сипатталып, көп ұлтты еліміздің бірлігі айтылды. Ақтөбеліктердің қашан да ақынға деген құрметі, айтысқа деген ықыласы ерекше.

Айтыскерлердің өнерін 7 адамнан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында академик Сейіт Қасқабасов, ақын Несіпбек Айтұлы, "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, ақын Серікзат Дүйсенғазин, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы мен ақын Ертай Ашықбаев бар.

Бас жүлдеге тігілген 2 млн.теңгені нәтижесінде қарағандылық ақын Төлеген Жаманов жеңіп алды. Бірінші орын Ринат Зайытовқа, екінші орын Жансая Мусинаға, ал үшінші орын үш ақынға берілді. Сонымен бірге, 13 ақын ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жүлделерді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыстады.

Екі күнге созылған республикалық ақындар айтысы студенттер сарайында тегін өтті.

Жұлдыз Алмасқызы, Гүлбағда Қайратқызы