2014-03-25

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының шығармашылық кеші қалай өтті?

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының шығармашылық кеші қалай өтті?
Кеше, яғыни 23 науырыз күні «Қазақстан» Орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Серікзат Дүйсанғазинның «Перзент тілегі» атты шығармашылық кеші өтті.

Аталмыш кешті белгілі әзілкеш Олжас Сыдықбек жүргізді. Ел ішінде танымал әндердің мәтінін жазған ақынның кеш шымылдығын ақынның өзі оқыған лирикалық өлеңдерінен кейін, ақын сөзіне жазылған әнмен «Жігіттер» тобы ашып берді.

Әрине, айтыс сахнасына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап шыққан ақынның шығармашылық кешін айтыссыз елестету мүмкін емес. Серікзаттың әріптестері Балғынбек Имашов, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхандармен бірігіп жарасымды әзіл айтып айтысқан Құлманбет айтысы да кеш көркін одан ары қыздыра түсті.

Әріптестері Айнұр Серікзаттай ағасына:

«Серікзат ағам кешінде,
Шабыттың міндім жорғасын.
Ақтілек айтып кетейін,
Менен де кінә болмасын.

Жақсылық сізге тілеймін,
Ет жақыныңыз болғасын.
Қайда жүрсеңде ағатай,
Қалың ел болсын жолдасың.

Сізге айтар аппақ тілегім,
Жолыңды Алла қолдасын,
Даңғыл ағама жаратқан,
Жамбыл атамның бер жасын».-деп жыр жолдарын арнаса. Досы Балғынбек Имашев:

«Серікзат деген кім еді,
Семейде туған ұл еді.
Қанаты қатып КАЗГУда,
Еуразияда түледі.
Аман болсын азамат,
Алаш деп соққан жүрегі.
Мәңгілік қазақ елінің,
Бірлікте болсын тілегі.
Президенттің осы арманы,
Перзенттің осы тілегі».- деп ақжарма тілегін жеткізді.

Одан ары белгілі әншілер Роза Әлқожа, Медет пен Клара, «Ерке», тобының, Досымжан Таңатаров, «Бәйтерек», «Аламан» сынды эстрадалық топтар, Тұрсынғазы Рахимов, сияқты дәстүрлі әншілер, Нұрхат Сегізбай қатарлы жас әншілер де ақынның сөзіме жазылған әндерді орындады. Әнші-сазгер Заттыбек Көпбосынұлы Серікзат ақынмен бірігіп жазған ата-анаға арналған «Перзент тілегі» атты әнді, Әсел Ергешқызымен қосылып шырқады. Сонымен бірге кеш көрігін қыздырған Тұрсынбек Қабатовтың Серікзат жайлы айтқан әзілдері елдің шек-сілесін қатырды. Көрермен көңілін айрықша көтеріп тастады.

Халыққа кең таралған «Сен үшін жаралғандаймын», «Түнгі сыр», «Сүйіктім» «Мөлдіреген жанарың» әндерін де Мейрамбек Бесбаев және «МузАРТ» тобы нақышына келтіре орындады.

Кеш соңында, ақынның өзі жұмыс істейтін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­си­тетінен Дихан Қамзабекұлы Серікзатқа университеттің Гумилев медалымен марапаттады. Ақынның туған жерінен келген ел ағалары ақынға облыс әкімінің сәлемін жеткізіп астына темір тұлпар мінгізіп, арқасына шапан жапты. Және ақынға халықаралық жазушылар одағының мүшесі атағы беріліп марапатталды.

Кеш барысында ақынның өлеңдері оқылды. Өзі және шәкірттері оқыған өлеңдердің көрерменге әсерін бөле-жара айту керек. Серікзаттың айтыскерлік ерекшелігін жақсы білетін жұртқа жазба поэзиядағы биігі таңсықтай көрінді, таңдай қақтырды. Сол кеште оқылған өлеңдерді алдағы уақытта сайтымызда жариялайтын боламыз.

Аймедет Тоқсанбай
Суретке түсірген: Ерлан Омаров
“Kazaitys.kz”