2017-04-21

​Серiкзат Дүйсенғазы: Қазiргi жастар арасында айтысқа деген қызығушылық мол

​Серiкзат Дүйсенғазы: Қазiргi жастар арасында айтысқа деген қызығушылық мол
Шәкiрттерiмiз бар, өсiп келе жатқан жастар бар, соларды тәрбиелеп, елге паш ету, көрсету - бiздiң басты мақсатымыз. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетi Қазақ әдебиетi кафедрасының доцентi, айтыскер ақын Серiкзат Дүйсенғазы Baq.kz тiлшiсiне берген сұқбатында осылай дедi.

«Университетiмiзде өтiп жатқан онкүндiк аясында жуырда студенттер арасында республикалық деңгейдегi ақындар айтысы өтедi. «Астана көктемi» деген шараға жан-жақтан, басқа университеттерден жас ақындарды шақырып жатырмыз. Ұйытқысы - бiздiң оқу орны. Шараның маңызы - бойында күйi де, әнi де, жыры мен дәстүрi бар ұлттық өнерiмiз - айтысты насихаттау. Айтыс осының барлығын тоғыстырған өнер болғандықтан, соны жастардың бойына сiңiру, қазақ ұлтының кешегi бабаларымыздан қалған дәстүрiн дәрiптеу керек», - дейдi С.Дүйсенғазы.

Ақынның айтуынша, қазiргi жастар арасында айтысқа деген қызығушылық мол. Мысалы, Еуразия университетiнде әр факультетте оқып жүрген студенттер айтысқа қатысады екен.

«Кезiнде математика, экономика және техникалық факультеттерден небiр ақындар шыққан, қазiр де солай. Айтысқа тек журналистика мен филология факультеттерiнiң студенттерi қатысып жүрген жоқ», - дейдi ол.

Дүйсенғазының айтуынша, Еуразия Ұлттық университетiнiң магистратурасында екi дүркiн «Алтын домбыра» иегерi Мұхтар Ниязов, жас ақын Мейiрбек Сұлтанхан сияқты мықты ақындар бiлiм алып жатыр.

«Осы ақындар - локомотив, басқа ақындарға үлгi. Солардың соңынан ерген жастарды осы айтысқа шығарамыз. Айтыс ақындарының iзбасарлары бар деп айта аламыз. Оқу орнымызда Аманжол Әлтай, Дәулеткерей Кәпұлы, Әсем Ережеқызы сияқты ел аузында жүрген ақындар, қазiргi айтыстың жанашыр азаматтары мен азаматшалары қызмет iстеп жатыр. Солардың iзбасарлары - бiздiң шәкiрттерiмiз. Тiптi шәкiрттерiмiздiң өзi бiздiң әрiптесiмiзге айналған. Шәкiрттерiмiз бар, өсiп келе жатқан жастар бар, соларды тәрбиелеп, елге паш ету, көрсету - бiздiң басты мақсатымыз», - деп түйiндедi Серiкзат Дүйсенғазы.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

https://baq.kz