2016-09-16

Тілге құрмет - елге құрмет!

Тілге құрмет - елге құрмет!
Халық тəуелсіздігінің ең басты белгісі - ана тілі жəне ұлттық мəдениеті. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дəрежесін нығайту ел саясатының негізгі стратегиялық басымдығы екені анық. Бүгін осыған байланысты 22 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай Астана қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында "Тілге құрмет - елге құрмет! " атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі

Мерекелік кештің шымылдығын Күзет полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Оңай Ботайұлы ашып, қызметкерлерді тілдер мерекесімен құттықтады. Бұл шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ əдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Серікзат Мақсұтұлы, Астана қаласы "Абайтану " ғылыми-танымдық орталығының директоры, ҚР жазушылар Одағының мүшесі, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы қатысып, ана тілдің бүгіні мен ертеңі туралы сөз қозғады.

Шара барысында тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы екеніне көз жеткіздік. Мəселен, орыс ұлтының өкілі, полиция сержанты Филатов Александрдың, неміс ұлтының өкілі, полиция старшинасы Касенова Диананың, қырғыз ұлтының өкілі, полиция аға лейтенанты Сайпидин Алмасбектің жасаған баяндамалары мен Несіпбек Айтұлының "Ана тілім" өлен оқыған армиян ұлтының өкілі, полиция сержанты Оганесян Армен көпшіліктің көңілінен шықты.

Сонымен қоса, кеште полиция қызметкерлері Есіркеп Тағабек, Жолбарысов Есболат, Нұрманов Бекжігіт, Мырзақұл Қанат, Қадірқұл Жаннұр, Жақыпова Арайлым, Катебаева Ақерке, Ахмет Азат, Молдашев Еркебұлан жəне Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Аманжол Молдахмет өнер көрсетті.

Кеш күзет полицейі хоры орындауындағы "Атамекен" əнімен өрбіді. Ақын Серікзат Дүйсенғазы өзге ұлт полицейлеріне өзінің жыр кітабын жəне қазақ қайраткерлері туралы жазылған кітаптарды тарту етті.

Қыр баласы
https://baq.kz