2016-06-02

Астана күніне орай ақындар айтысы өтеді

Астана күніне орай ақындар айтысы өтеді
Шілденің 6-сы - Астана күніне орай Конгресс-холл сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бағаналы ордам - басты ордам» ақындар айтысы өтеді. Оған еліміздің ең мықты деген ақындары қатысады, деп хабарлайды Baq.kz порталы.

Астананың ресми сайты таратқан мәліметке сәйкес, сахна төрінде осы кезге дейін талай айтыстарда топ жарған, көпшілікке кеңінен танымал 12 ақын өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназар және басқалары.

Ақындар айтысы атаулы датаға орайластырылып отырғандықтан, айтыстың басты тақырыбы еліміздің жетістіктері мен даму перспективалары, сондай-ақ, егеменді еліміздің қалыптасу тарихы болмақ. Ақындар қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелерді жырға қосады. Айтыскерлер өз ойларын сиқырлы сөзбен айтып, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізіп, өз тыңдармандарын қуантпақ.

«Бағаналы ордам - басты ордам» ақындар айтысының әділ қазылар алқасының құрамына танымал айтыскер ақын, қазақ халқының шығармашылығының осы бір ерекше түрін зерттеп жүрген ғалым Аманжол Әлтаев, халық ақыны Қонысбай Әбілов, белгілі айтыскерлер Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазиндер енді.

Айта кетейік, дәстүр бойынша Астана қаласының әкімдігі ақындар айтысын Астана күнін мерекелеу аясында осымен оныншы рет өткізгелі тұр.

https://baq.kz