2015-09-21

Меккеде Бас мүфти атынан мерекелік дастарқан жайылды

Меккеде Бас мүфти атынан мерекелік дастарқан жайылды
Мерейлі мереке, ұлық мейрам – Құрбан айт қарсаңында Мекке қаласында Қазақстан Қажылық Миссиясының ұйытқы болуымен қажылық парызын өтеп жүрген отандастарымызға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы атынан арнайы ас берілді.
Рухани шараға елімізге белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, айтыскер ақындар, қажылық компания басшылары, миссия мүшелері қатысты. Іс-шара Құран аятымен ашылып, бата беру рәсімінен басталды. Мерекелік дастарханды жүргізген Алматы қаласы Орталық мешітінің азаншысы, ұстаз Қасым Әшімов құттықтау сөз сөйлеу үшін ғалымдар мен ақсақалдарды мінберге шақырды. Сонымен қатар мінберде айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин қажыларға арнау өлеңін оқып берді.

Ғылымбек МӘЖИЕВ, Қазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы:
«МАҚСАТЫМЫЗ – БІРЛІККЕ ҰЙЫТУ»
«Құрметті қажылар, қадірлі аға-бауырлар! Бүгін сіздер үшін жыл сайынғы дәстүр бойынша Бас мүфти атынан ас беріліп отыр. Басқосуды ұйымдастырудағы мақсатымыз – сіздерді, яғни қажыларды бір мақсатқа жұмылдыру, бауырмашылдық, мейірімділік сынды асыл сезімдерді арттыру. Өздеріңізге белгілі, Мекке қаласында Қазақстан Қажылық Миссиясы жұмыс істеуде. Дәрігерлеріміз кезекшілік ауысыммен қажыларға 24 сағат медициналық көмек көрсетіп келеді. Білікті уағызшылар тобы да сұрақтарға жауап беріп, пәтуаларын шығаруда. Баршаларыңызды қасиетті Мекке қаласына келулеріңізбен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, биыл отандастарымыз тұңғыш рет тікелей рейспен Мекке мен Мәдина қаласына 5 сағаттың көлемінде ұшып келді. Бұл – еліміз үшін тарихи, елеулі оқиға деп айтуға болады.
Келе жатқан Құрбан айт мерекесі мүбәрак болсын! Қажылықтарыңыз қабыл болып, елге төрт көзіміз түгел қайтуды Алла нәсіп етсін»

Мұрат ЖҰРЫНҰЛЫ, академик:
«ЖАСТАР ИМАНҒА КЕЛСЕ – ҚОҒАМ ТҮЗЕЛЕДІ»
«Құрметті ағайын! Расында бүгінгі басқосудың мәні зор. Халқымыз Діни басқармаға ұйып, емін-еркін құлшылығын жасап, қажылығын өтеп, Алладан еліміз үшін дұға тілеуде. Мұның бәрі әуелі Алланың қалауымен Тәуелсіздігіміздің арқасында болып жатыр. Қазір жастарымыз имандылыққа бет бұрып келе жатыр. Бұл – жақсылықтың белгісі. Жастар иманға келсе, елде ұрлық-қарлық, жемқорлық, зорлық-зомбылық болмайды. Ислам – білім мен ғылым діні. Асыл дініміз жастарымызды ғылыммен шұғылданып, жақсы азамат болып өсуге тәрбиелейді. Бүгін Діни басқарма баршамыздың басымызды қосып, ас беріп жатыр екен. Бұл бастамаларыңыз баянды болсын. Қажылығымыз қабыл болсын».

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы:
«САХАБАЛАРДАН АЛАР САБАҚ КӨП»
«Пайғамбарлар мен сахабалардың өмірін оқып отырсақ, ол кісілердің халыққа жасаған қызметі мен адалдығына таң қаламыз. Тіпті мемлекетке тиесілі мүлікті өз мүддесі үшін пайдаланбаған. Маған мына бір оқиға қатты әсер етті. Бірде бір сахаба халифа болғанда, оның киерге дұрыс киімі де болмапты. Сонда қасындағылар мемлекет қазынасынан алдын ала қарызға ақша ала тұруға кеңес берген екен. Сонда мұсылмандар басшысы «ертеңгі күнге дейін тірі жүруіме кепілдік бере аласыңдар ма?» деген екен. Міне, қандай ғажап тәрбие десеңші. Жастардың жүрегіне иман нұры құйылса, қоғамда әділдік, адалдық салтанат құрады. Осы бағытта еліміздің ірі телеарналарынан имандылық, тәрбиелік мәні зор бағдарламалар үшін сағат бөлінсе деген тілегім бар. Баршаларыңыздың дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!»

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Қажылық Миссиясы ақпарат тобының жетекшісі
http://muftyat.kz