2015-05-22

Серікзат Дүйсенғазы “Шоқ тілді шайыр – Шорабек” атты республикалық айтыста жүлделі бірінші орынды иеленді

Серікзат Дүйсенғазы “Шоқ тілді шайыр – Шорабек” атты республикалық айтыста жүлделі бірінші орынды иеленді
Шорабек Айдаров айтыс сахнасына алғаш рет 1989 жылы шығыпты. Алғашқы қарсыласы қызылордалық ақын. Ол да Шора­бек сияқты ауылдан келген, кәдімгі қарапайым, қап-қара жігіт екен. Шөкең елдің күл­­кісін келтіріп, құрық ұста­ғандай қолындағы домбырасын сахнаға мойнынан сүйреп шыққан көрінеді. Бұрын-соңды айтыс әлемінде есімдері мүлдем естілмеген екі жігіттің пошымына көрерменнің көңілі толмай, «Осы екеуі не жарытады?» дегендей, менсінбеген жүзбен қара­ғандары анық. Содан сахнаға Шорабек қарсыласына қарап: – Қарағым, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай, Қосылса екі маңдай шам жаққандай. Екеуміз Ай мен Күндей боп отырмыз, Вагонға көмір артқан солдаттардай, – деп, жиналған қауымды ду күл­діріп, өткір де ұтымды әзіл сөздерімен елді бірден баурап алып кетіпті. «Әдетте айтыста кө­рермен ақын бір шумақты қайыр­ғанда күледі емес пе? Бір айтыста елдің Шөкеңнің шумағының әрбір қатарына риза болып, ішек-сілесі қатып күлгеніне куә болғаным бар. Ақынның «Еее-ей, ағайы-е-ен…» деген дауылпаз үнін есті­генде-ақ ел елеңдеп, езуіне күлкі үйіріле береді. Осындай өзіндік стилімен, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігімен, тауып айтатын қасиетімен елді бау­рап алды», дейді бұл жөнінде Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, қоғам қай­раткері Бекболат Тілеухан. Міне, содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде Жамбыл жерінен түлеп ұшқан ақын шынында, елдің асыға күтетін, әрбір сөзін ынтыға тыңдайтын ардақты ақынына айналды. Сондықтан Шорабек Айдаровты шоқтығы биік, айтыс­тың ақтаңгері деп айтуға әбден лайық. Соңғы жылдары айтыста көрінбей кеткен ақынға «Сіз неге айтысты тастап кеттіңіз?» деген сұрақ қойылған-ды. Сонда ақын «Айтысты мен емес, айтыс мені тастап кетті», деп жыр додасында кейінгі жас толқынға жол бергенін айтып, ағынан жарылған-ды. Әйтсе де, арқалы ақын айтысты біржолата доғармаған екен. Бұған Шөкеңнің соңғы кездері бірнеше рет айтыс сахнасына көтеріліп, өз қатары, замандас айтыскерлермен сөз қағыстырғаны дәлел болса керек. Өткен аптада Жамбыл облы­сындағы Талас ауданының ор­та­лығы Қаратау қаласында Шо­рабек Айдаровтың 60 жасқа толуына орай республикалық айтыс өтті. «Шоқ тілді шайыр – Шора­бек» атты бұл жыр додасына елі­міздің түкпір-түкпірінен 20 айты­скер қатысты. Талас жерін жыр­ға бөлеп, елдің езуіне күлкі ұялатып, елді бір серпілткен бұл доданың бас жүлдесіне Айнұр Тұрсынбаева лайық деп танылды. Бас жүлдегерге 1 миллион теңге табыс етілді. Бірінші орынға астаналық Серікзат Дүйсенғазин, екінші орынға Алматы облысынан келген Айтақын Бұлғақов, ал үшінші орындарға жамбылдық Алтынкүл Қасымбекова мен шым­­­кент­­­тік Ақмарал Леубаева ие болды. Жамбыл облысы әкімінің орын­басары Ерқанат Манжуов пен Талас ауданының әкімі Болат Рыс­мендиев той иесін ар­найы құт­тықтап, ат мінгізді. Жә­не ақынға «Талас ауданының құр­метті азаматы» атағын берді. Ал тараздық кәсіпкер Қайрат қа­жы Момынов той иесіне темір тұл­пардың кілтін табыс етті. Бұл күні шоқ тілді Шорабектің құшағы шоқ гүлге толып, ең бастысы көп­тен айтысты сағынып қалған ағайын бір жадырап қалды.

Оралхан ДӘУІТ
«Егемен Қазақстан» газеті. Жамбыл облысы. №94