2014-03-21

Ақын Серікзат Дүйсенғазы оқырман қауымға мерекелік тарту жасамақ

Ақын Серікзат Дүйсенғазы оқырман қауымға мерекелік тарту жасамақ
Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде оқырман қауымға тарту жасамақ, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Ақынның «Қарашығымда көшкен бұлт» атты алғашқы жыр жинағы оқырмандарға жол тартпақ. Жинақтың тұсауы ертең, 22 наурыз күні ақынның шығармашылық кешінде кесіледі деп жоспарланып отыр.Алматыдағы «Мерей» баспасынан шыққан кітапта туған жер, табиғат, өмір тақырыптары қамтылған. Сондай-ақ, жинақ діни тақырыптағы, арнау жанрындағы туындылар мен әні бар өлеңдерден тұрады.«Алғашқы поэзия жинағым «Аягөз – бұлақ қан тамырымда», «Ой теңізін кешкен едім», «Ұлықтап атын Алланың», «Жыр-лебіз», «Ән әлем» деген бес бөлімнен тұрады», – дейді Серікзат Дүйсенғазы.

Бұл ақынның өнер сүйер қауымға жасаған мерекелік тартуының тек бірі ғана. Жақында Серікзат Дүйсенғазының «Мөлдіреген жанарың» атты әндер жинағы жарық көрді, оған қоса 22 наурыз күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында ақынның «Перзент тілегі» атты шығармашылық кеші өтеді. Кешке танымал эстрада әншілері, дәстүрлі әншілер, айтыскер ақындар, актерлер, студенттер қатысады.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ