2015-05-06

Тоғыз жылдан кейінгі толғаныс

Тоғыз жылдан кейінгі толғаныс
«Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен және Атырау облыстық әкімшілігінің қолдауымен «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында өткен айтысқа келген көрермендердің қарасы қалың болды.

24 ақын қатысқан республикалық ақындар айтысы тоғыз жылдан соң өтіп тұр екен. Тыңдармандардың екі күн қатарынан тапжылмай оты-рып, айтысты тамашалаулары айтысқа деген сүйіспеншіліктерін аңғартты. 600 орындық театр залында ине шаншар жер болмады. Республикаға аттары танылып үлгерген Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, Серікзат Дүйсенғазин сынды ақындар аламанның көркін қыздырды. Әсіресе, қыздармен айтысып, көрермендерінің көңілінен шыға білген қарағандылық ақын Мақсат Ақановтың сөз саптауы тыңдармандарын тәнті етті. Ал, Асем Ережеқызы өз айтысында атыраулықтарға Фариза Оңғарсыноваға арнап ескерткіш қою керектігін айтып өтті. Жерлесіміз қызылқоғалық Шалқарбай Ізбасаров болса, әзіл арқылы жергілікті жердің мұңы мен сырын айтып, тыңдармандарды күлкіге қарық қылды. Айта кету керек, республикалық айтысқа қатысқан Шалқарбай дайындығының жақсы екенін көрсетті. Ендігі жерде мақтау сөзге семіріп кетпей, облыстың атын баршаға таныта білсе, Шалқарбайдың талайды шалқалатары сөзсіз.

- Елбасымыз айтқандай, болашақта еліміздің экономикасы дамысын десек, онда ұлттың рухы биік болуы керек. Атамыз қазақ «Бірлік бар жерде-тірлік бар» деп бекерге айтпаған. Біз бірліктің нәтижесінде дамыған отыз елдің қатарында иық тіресіп тұру үшін де ең алдымен ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді, тілімізді дамытып, көтеруіміз керек. Бұл мақсаттарымызды біз қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырып келеміз. Биыл республикада төрт айтысты өткізу жоспарланды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған айтыс өз дәрежесінде өткеніне халық куә. Айтыс әркез «Нұр Отан» партиясының назарында болады. Айтыста билікке, «Нұр Отан» партиясы тарапына айтылған сындарды біздің фракция депутаттары қағазға түртіп алып, ол мәселелердің шешілуіне жұмыстанатын болады. Біздің қуанып отырғанымыз, Атырау өңіріндегі айтысқа деген іңкәрлық, осы өңірдегі айтыста бақ сынағысы келетін ақындардың шоғырының көп болуы, -деді «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мырза.

Айтысқа алғашқы қадам басқан тараздық ақын Айтбек Тұрсынбаев деген бауырымыз сахна төрінде сілкінгенде, аяқ алысының жаман емес екендігін көрсетті. Қарсыласы астаналық Мейірбек Сұлтанханмен айтысы сәтті шықты. Айту мәнері, сахна төрінде өзін-өзі ұстауы әлі талай тыңнан түрен саларын аңғартады. Ал, өз жерлесіміз Әсел Таушанова айтыстың алғашқы күні қарағандылық Мақсат Ақановпен айтысқанда жақсы көрінгенімен, айтыстың екінші күні ақтөбелік Марат Ахметовпен сөз таластырғанда, біз ойлаған биіктен көріне алмады. Айтысқа қазылық еткен Асанәлі Әшімов бастаған топ мүшелері сайыс соңында жеңімпаздарды марапат-тады. Бас бәйге, яғни 2 миллион теңгені қанжығасына байлаған алматылық Болатбек Оразбаев болса, І - орынды қарағандылық Мақсат Аханов еншіледі. Ал, ІІ орынды Шалқарбай Ізбасаров пен Бекарыс Шойбеков місе тұтты. Қалған жүлделер де жеңімпаздарға таратылып, облыс әкімінің арнайы сыйлығы атыраулық Әсел

Таушанова мен Әсем Ережеқызына бұйырды. Айтысқа қатысушы басқа да ақындарға 150 мың теңге берілді.

Атырау жерінде тоғыз жылдан соң өткен айтыстың әлі де өз жалғасын табарына сенімдіміз.

Асан ҚАСАН
http://www.m-astana.kz