2014-09-29

Ақындар алты сағат айтысып, 5 млн 250 мың теңгені олжалады

Ақындар алты сағат айтысып, 5 млн 250 мың теңгені олжалады
Қарағандының Кеншілер мәдениет сарайында «Ерлерім еңбек еткен жер» атты республикалық айтыс мәресіне жетті. Кеншілер шаһарының 80 жылдығы мен «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған айтыста бес жұп өнер көрсетті, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Алдан Смайыл, ҚР Президенті сыйлығының иегері, сатирик-жазушы Көпен Әмірбек, «Асыл арна» телеарнасының Бас директоры, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, ҚР Мәдениет қайраткері, Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ профессоры Қойлыбай Асановтар төрелік еткен айтысты ақын Серікзат Дүйсенғазы жүргізді.

Ақындар Елбасы, Тәуелсіздік тақырыбында ой толғады. Жүлде қоры 5 млн теңгеден асатын айтыс алты сағатқа созылды.

Оза шауып бас жүлдені жеңіп алған Жандарбек Бұлғақовқа 1 млн 500 000 теңге табыс етілді.

Бірінші орынға лайық деп табылған Сара Тоқтамысова 1000 000 теңгемен марапатталды.

Екінші орын алған Жақсылық Орынбасар 750 000 теңгені қанжығасына байлады.

Үшінші орын иеленген Айтбай Жұмағұлов пен Әсет Дүйсебайлар 500 000 теңгеден алды.

Жүлделі орынсыз қалғандар да құр қайтқан жоқ. Тілеген Әділов, Мұрадым Мирланов, Оразбек Қиынбаев, Ержеңіс Әбдиев, Дидар Қамиевтерге 250 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.

Ләззат Қожахметова,
суретті автор түсірген
Қарағанды
BNews.kz