2014-09-20

Қарағанды облысы Ботақара кентінде әділқазысы жоқ айтыс өтті

Қарағанды облысы Ботақара кентінде әділқазысы жоқ айтыс өтті
Айтысқа елімізге танымал ақындар Балғынбек Имашев, Серік Дүйсенғазин, Мейірбек Сұлтанхан, Жансая Мусина, Дидар Қамиев, Айтбай Жұмағұловтар қатысты. Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығына арналған айтыста үш жұп өнер көрсетті.

Айтыс басталмас бұрын Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, жыршы Алмас Алматов жырдан шашу шашты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан жыраулар поэзиясы туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» әнін нақышына келтіріп, Ақтамберді мен Бұқар жыраудың толғауларын орындады.

Ақындар айтысын танымал ақын Қалқаман Сарин жүргізді. Алғаш болып сахнаға Балғынбек Имашев пен Айтбай Жұмағұлов шықты. Достық әзіл төңірегінде өрбіген айтыста елмен жердің назы да қалыс қалған жоқ. Келесі жұп Мейірбек Сұлтан мен Жансая Мусина әдемі қыз бен жігіт айтысын жасады. Мейірбек ақын: «Бір клип түсіріп жұлдыз болған, Кішкенбаев Алмасты бәрі таниды. Бәрі жұлдыз, ай менен күннен адастық. Кішкенбаевты жұлдыз тұтқандар Алматовты біле ме екен?», – деп түйреп өтті. Дидар Қамиев пен Серікзат Дүйсенғазиннің жұбы Бұқар жырау бабамызға орнатылған еңселі ескерткішті мадақтады, жыршылар сыныбының іргелі білім ордасына айналуына ақжол тіледі.

Бұқар жырау Қалқаманұлының мәдени мұрасын насихаттауды мақсат еткен айтыста әділқазылар алқасы болмады. Бұқар жырау ауданының әкімшілігі барлық ақынды алғысхатпен және 150 мың теңге сыйақымен марапаттады.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысы Ботақара кентінде Бұқар жыраудың ескерткіші орнатылып, орта мектепте жыршы-жыраулар сыныбы ашылған болатын.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
BNews.kz тілшісі,
фото автордікі,
Қарағанды